Елдің басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады
<p><strong>Солтүстік-батыс циклонының және онымен байланысты атмосфералық фронтальды бөлімдердің әсерінен ел аумағының басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы болжанған, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</strong></p>

Синоптиктердің болжауынша, біраз өңірде найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Сондай-ақ бұршақ жаууы мүмкін, солтүстікте, шығыста, елдің орталығында қатты жаңбыр жауып, дауыл тұрады. Республика бойынша жел күшейіп, батыста, солтүстік-батыста, солтүстікте түнде және таңертең тұман болады.
Күндіз Алматы, Абай, Жетісу облыстарында 35-38 градусқа дейін ыстық болады.
Астанада таңертең және күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсіп, дауыл соғады. Батыстан және оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні күндіз 15-20 м/с-қа жетеді. Өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.
Түркістан облысының таулы аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді. Облыстың солтүстігі мен оңтүстігінде жоғары өрт қаупі болжанған.
Ақмола облысының біраз бөлігінде жаңбыр мен найзағай күтіледі. Күндіз бұршақ жауып, дауыл соғады. Желдің екпіні кей жерлерде 23-28 м/с-қа дейін күшейеді. Облыстың шығысы мен орталығында төтенше өрт қаупі сақталады.
Бұған дейін аптап ыстықтан кейін еліміздің солтүстік өңірлері аздап салқындайтыны туралы хабарладық. Қазақстан аумағына циклон ығысып, жаңбыр, найзағай, бұршақ, желдің екпінді күшеюі және шаңды дауыл болжанған.
