Саясат
2 мин оқу 40

Даляньдағы диалог: инновацияға негізделген әріптестік

<p style="text-align: left;">Қытайдың Далянь қаласында өткен &laquo;Жазғы Давос&raquo; дүниежү&shy;зілік экономикалық форумында жаһандық экономиканың келе&shy;шегі, цифрландыру, жасанды интеллект пен инвестициялық ынтымақтастық мәселесі талқыланды. Форумда Премьер-министр Олжас Бектенов бірқа&shy;тар мемлекет және халықаралық ұйым өкілдерімен кездесті.</p>

Даляньдағы диалог: инновацияға негізделген әріптестік

Қытайдың Далянь қаласы бұл күн­дері әлемдік саясаткерлер мен бизнес көш­басшыларының басын қосты. Мұнда өткен Дүниежүзілік экономикалық фо­румның жаңа чемпиондарының жыл сайынғы XVII кездесуіне ондаған елдің үкімет басшылары, халықаралық ұйым­дардың жетекшілері, ірі компаниялар мен сарап­шылық қауымдастық өкілдері қатысты.

Форумның негізгі тақырыптары технологиялық жаңғыру, жасанды интеллект, цифрлық экономика, инвестиция мен әлемдік өсімнің жаңа көздерін іздеуге арналды. Еліміздің Премьер-министрі Олжас Бектенов форум аясында Моңғолия Премьер-министрі Ням-Осорын Учралмен кездесті.

Келіссөздер барысында сауда, өнер­­­кәсіп кооперациясы, тау-кен метал­­лургиясы, көлік-логистика, агро­өнеркәсіп, цифрландыру және ғарыш технологиялары салаларын­дағы ықпалдас­тық мәселе­лері қаралды. Тараптар Моңғо­лия Президентінің биылғы сәуірдегі Аста­наға мемлекеттік сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысын талқылады. Екі ел бас­шылары қойған өзара сауда көле­мін 500 млн долларға жеткізу мінде­ті де назардан тыс қалған жоқ. Кезде­су қорытындысында екі мемлекет эко­номиканың барлық маңыз­ды бағыттарында байланыстарды нығай­туға дайын екенін растады.

Даляньдағы келіссөздердің тағы бір бағыты Оңтүстік Азия өңірімен байланысты болды. Бангладеш Халық Республикасының Премьер-министрі Тарик Рахманмен өткен кездесуде ­са­уда, инвестиция, көлік және цифрлық технологиялар мәселелері сөз болды. Олжас Бектенов елімізде жүргізіліп жатқан реформалар инвестициялық ахуалды жақсартып, халықаралық әріптестікке жаңа мүмкіндіктер ашып отырғанын жеткізді.Кездесу барысында экономиканың басым секторларында жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға өзара қызығушылық білдірілді.

Форум аясындағы маңызды кездесу­лердің бірі Дүниежүзілік экономикалық форумның президенті әрі бас директоры Алоис Цвингимен өтті. Тараптар цифрлық трансформация, жасанды интеллект, инвестиция тарту мен адам капиталын дамыту бағыттарындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Қазақстан тарапы форуммен ұзақмер­зімді сараптамалық әріптестік орнатуға мүдделі екенін білдірді. Сондай-ақ «Бәйтерек» холдингі арқылы бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылды.

Кейінгі жылдары еліміз шетелдік капитал тарту бағытында бірқатар жүйелі қадам жасады. Инвесторларға арналған қолдау тетіктері кеңейтілді, арнайы виза­лық режімдер енгізіліп жатыр, салықтық және кедендік жеңілдіктер қолданылады. Жобаларды сүйемелдеу «бір терезе» қағидатына негізделген.

Даляньдағы кездесулер еліміздің халықаралық экономикалық байланыс­тар­ды әртараптандыруға, жаңа нарық­тарға шығуға әрі технологиялық серіктес­тікті күшейтуге ұмтылысын тағы бір мәр­те көрсетті. Бүгінде жаһандық бәсеке ин­вестиция көлемімен ғана емес, инно­вация мен білімге негізделген әріптестік сапасымен де өлшенеді. Еліміз дәл осы бағыттағы ұстанымын халықаралық алаңда айқын танытып отыр. 

Бөлісу:
Даляньдағы диалог: инновацияға негізделген әріптестік · Egemen Qazaqstan