Футбол
2 мин оқу 90

Тартысқа толы тур

<p style="text-align: left;">Үш елде өтіп жатқан әлем чемпионатының 2-тур ойындары жанкүйерлерге ерекше әсер мен тамаша көңіл күй сыйлады. Бірінші турда ала-құла ойын көрсетіп, көпшілікті екіұдай пікірде қалдырған әйгілі Криштиану Роналду бұл жолы әлі бәсекеден шет қалмағанын, керісінше, бабында екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Еуропа чемпионы, Ұлттар лигасының жеңімпазы атанған аңыз футболшы бұл кездесуде нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп, қарсылас қақпасын екі мәрте дәл көздеді.</p>

Тартысқа толы тур

АҚШ-тың Хьюстон қала­сындағы «Эн-Эр-Джи Стэдиум» стадионында «К» тобының фавориттерінің бірі саналатын Португалия құрамасы Өзбекс­тан командасын 5:0 есебімен ойсырата жеңді. Биыл­ғы әлемдік мундиальді жан­күйерлер күткендей бастай ал­маған португалдықтар бұл жолы жеңіске деген жігерін бірден байқатты.

Бірінші турда Конго құра­масымен 1:1 есебімен ұпай бөліскен Пор­тугалия турнир кестесінде көш бастай алмаған еді. Сон­дықтан Роналду мен оның серіктестері бұл матчта алғашқы минуттан-ақ шабуылға басымдық берді. Орталық Азия елдерінің арасынан алғаш болып әлемдік додаға қатысқан Өзбекстан құрамасы қысымға толық төтеп бере алмады.

Роналду 6-минутта есеп ашып, матчтың бағытын бірден Португалия пайдасына бұрды. 17-минутта Нуну Мендеш айып соққысын сәтті орындап, есепті еселей түсті. 39-минутта Роналду тағы да гол соғып, дубль авторы атанды және жеңісті бекемдей түсті. 60-минутта Өзбекстан қақпашысы Абдувохид Нематов өз қақпасына автогол соғып алды. Ал 83-минутта алаңға шыққан Рафаэль Леау 87-минутта соңғы голды енгізіп, есепті 5:0-ге жет­кізді.

Каннаваро басқаратын Өзбекстан бұл кездесуде қақ­паны Нематовқа сеніп тап­сырған еді. Жаһандық мундиальге алғаш рет қатысқан жас қақпашы барын салғанымен, тәжірибелі қарсыласқа төтеп беру қиынға соқты. Дегенмен Португалия құрамасы бұл ­ойын­да нағыз жоғары деңгейдегі футбол көрсетіп, қарсыласқа еш мүмкіндік қалдырмады.

Енді Португалия үшінші турда Колумбия құрамасына қарсы ойнайды. Бұл кездесуде жеңіске жеткен команда топта бірінші орын алып, плей-офф кезеңіне көшбасшы ретінде өтеді.

Өзбекстан соңғы турда Конго командасымен кездеседі. Егер ірі есеппен жеңіске жетсе, плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігін сақтап қала алады.

Бұл топтағы 2-турдың екінші матчында Мексиканың Сапопан қаласындағы «Акрон» стадионында Колумбия құрамасы Конго командасын жеңді. Кездесудегі жалғыз голды 76-минутта Даниэль Муниос соғып, колумбиялықтарға маңызды үш ұпай сыйлады.

Ал Англия құрамасы 2-турда Гана командасымен ұпай бөлісті. АҚШ-тың Фоксборо қаласындағы «Джиллетт» стадионында өткен ойында есеп ашылған жоқ – 0:0.

Топтағы тағы бір кездесуде Хорватия құрамасы Панама командасын 1:0 есебімен жеңді. Канададағы Торонто қаласындағы «BMO Field» стадионында өткен ойында Анте Будимир 54-минутта шешуші гол соғып, хорваттарға алғашқы ұпайларды алып келді.

Осылайша, 2-тур тартысқа толы, күтпеген нәтижелер мен айқын басымдықтар қатар жүр­ген ойындарымен есте қалды.

Бөлісу:
Тартысқа толы тур · Egemen Qazaqstan