Спорт
2 мин оқу 30
Жарыс күнделігі
<p style="text-align: left;">Үндістанның Дели қаласында семсерлесуден Азия чемпионатында еліміздің әйелдер құрамасы қола медаль еншіледі. Жерлестеріміз Таиланд, Жапония құрамаларын ұтып, жартылай финалда Оңтүстік Корея шпагашыларына 45:29 нәтижесімен есе жіберді. Сөйтіп, құрамында Ирина Бакалдина, Дарья Самоделкина, Владислава Андреева, София Николайчук сынды ойыншылар бар қыздар құрамасы қола медальды қанағат тұтты. Жекелей сында Ирина Бакалдина Азия чемпионатының алтын медалін еншілесе, Руслан Құрбанов қола жүлдеге қол жеткізді. Ерлер құрамасы командалық додада шпагадан чемпион атанып, қылыш сайысында үшінші орын алды.</p>

- Өзбекстан астанасы – Ташкентте маунтинбайктан Азия біріншілігі түңдігін түрді. Доданың алғашқы күні жерлесіміз Юлия Ли қола медаль олжалады. Алтын медаль қытайлық Ван Тинге бұйырса, оның отандасы Гун Сыин күміспен күптелді. 27 маусымда мәресіне жететін құрлық додасында еліміздің сегіз спортшысы бақ сынайды.
- Германияның Зуль қаласында стенд атудан жастар арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр. Командалық трап тартысында Эленора Ибрагимова, Милана Папчихина, Мария Горун үштігі 337 ұпай жинап, алтыннан алқа тақты. Біріншіліктің күміс жүлдесін Италия құрамасының өкілдері еншілесе, бейтарап ту астында сынға түскен ресейлік жастарға қола медаль бұйырды. Жекелей сайыста Ринат Казаченко үш қалыптан шағын калибрлі винтовкамен ату сынында күміс жүлде алды.
- Астанада өткен халықаралық Altaic Cup турнирінде жергілікті таеквондошылар табысты өнер көрсетіп, 18 медаль олжалады. Самирхон Абабакиров (63 кг), Бейбарыс Қаблан (87 кг), Айша Әділбекқызы (62 кг), Назым Махмұтова (73 кг) турнир жеңімпазы атанып, әнұрамызды шырқатты. Финалдық сында сүрінген Темірлан Тілеулес (58 кг), Мақсат Орынбасар (74 кг), Айдана Құмартаева (46 кг), Нұрай Бауыржанова (49 кг), Нодира Ахмедова (53 кг), Аяулым Асқар (67 кг) күміс жүлдені місе тұтты. Баходир Шапулатов (54 кг), Мерген Ғаниев (80 кг), Бауыржан Хасенов (87 кг), Нұрайым Жұмабек (49 кг), Айдана Сүндетбай (53 кг), Аружан Найманбаева (67 кг), Нұрлы Кеңесбек (73 кг), Ақсәуле Ерқасымовалар (73 кг) қола жүлдеге қол жеткізді.
- Қытайдың Шаосин қаласында өткен эстафеталық жүгіруде спортшыларымыз жүлделі орындарға ие болды. 4х400 метр қашықтықтағы аралас эстафетада сынында Эльнор Мухитдинов, Мария Шувалова, Андрей Соколов, Аделина Земс құрлық үздігі атанып қана қоймай, 3:16,75 көрсеткішпен ел рекордын жаңалады. Дәл осы қашықтықтағы әйелдер сайысында Анна Шумило, Мария Шувалова, Аделина Земс, Александра Залюбовская мәре сызығын төртінші болып қиған еді. Үшінші келген Шри-Ланка елінің желаяқтары ереже бұзып, қола медаль біздің спортшыларға бұйырды.
Бөлісу:
