Бала көңілін баурайтын кітап
<p style="text-align: left;">Кітап дүкеніне барғам, Әнуарбек Дүйсенбиевтің «Ақ мамам» кітабы көзіме оттай басылды. Көркем безендірілген, көңілді баурайтын кітап екен. Қолыма алып, парақтай бастадым...</p>

Алғашқы беті «Сәбилік көңілден, Арналды бұл әнім. Баулитын өмірге, Ақылшым – мұғалім» деп басталатын мұғалім туралы өлеңінен басталыпты. Одан кейін «Мектеп-Ана», «Біз өмірдің гүліміз» өлеңдері жалғасыпты. Абай айтқан «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» деген талапқа толықтай жауап беретін, ақылға қонымды, жаттауға жеңіл өлеңдер. Бала кезде жаттаған өлеңдердің бәрі осында. Құлдыраңдап көкжиекке сіңіп кеткен құлын шағым кісінеп жаныма жетіп келгендей күйге ендім. Қуандым ба, мұңайдым ба, білмеймін. Тілмен айтып жеткізгісіз, түсініксіз тәтті сезімді бастан кештім. Өйткені бұл өлеңдерді маған апам жаттатқан еді. Бір-екі оқығанда-ақ ойыңның түпкіріне барып орныға беретін. Сол кездегі сәт, шамның жарығы, пештің гүрілі, апамның бейнесі көз алдыма келді...
«Ақ мамам» өлеңін жаттағанда бес жаста едім. Отыз бес жылдан бері әлі санамда сайрап тұр екен.
Ел жатқанда жатпаған,
Мен деп тыным таппаған.
Бақыты үшін баланың
Аман-сау бол, ақ мамам.
Күлімдеген көзіңнен,
Күн мейірімі сезілген.
Бұл жалғанда балаға
Жақын жан жоқ өзіңнен...
Осылай жалғасып кете беретін өлеңді композитор Әсет Бейсеуовтің әуезді әніне салып айтып бергенде, қуанбайтын ана жоқ шығар? «Бақыты үшін балаңның, Аман-сау жүр, ақ мамам!» деп барып тоқтап, деміңді алғанда анаңның жанарынан мейірімнің жарқылын көресің. Бұл өлеңнің қуаты емей немене? Мұнда сәбидің анаға деген мөлдір махаббаты, пәк тілегі бар. «Ақ мамам» аналар туралы өлеңнің төресі дерсің. Кітапты әрі қарай парақтадық.
«Дала аппақ,
Жапалақтап
Қар жауып тұр тынбастан.
Қалың орман,
Қар жамылған,
Маужырайды түнгі аспан».
Бүкіл бала жатқа білетін нағыз классикалық өлең. Жаңа жыл қарсаңында бәріміз жабыла жаттағанбыз. Мұның да әдемі әні болатын. Шыршаны айнала қол ұстасып, сол әнді шырқайтынбыз. Даусымызды қаттырақ шығарып, біреу естімей қалатындай «Құтты болсын, Құтты болсын, Құтты болсын Жаңа жыл!» деп айқайлайтын едік. Бұл да бір ғажап кез еді!
Әрі қарай оқыдық. Атақты «Не деу керек?» өлеңіне кезек келді.
Апаң сенің базардан,
Алма сатып әкелді.
Ең үлкенін, жақсысын,
Саған таңдап әперді.
Не деп барып жеу керек?
Тәрбиелік бағытқа құрылған тамаша өлең. Ақын алғыс айту, кешірім сұрау, сәлем беру, рұқсат сұрау, жәрдем беру секілді тәрбиелік ұғымдарды балаға өлең тілімен үйретеді. Маған кейде балалар әдебиетінің осы бір функциясы қазір өз міндетін дұрыс атқара алмай отырғандай көрінеді. Ол аздай, қазір тіпті «балалар әдебиеті ақыл айтпау керек» дейтін коучтар шықты. Алайда солардың өздері бір өлең берген тәрбиені бере алған
емес.
Әнуарбек Дүйсенбиевтің өлеңдерінің қай-қайсысын алсаң да, бәрінің өзегінде тәрбиенің дәнегі бар. Соны бала санасына еккісі келеді. Бір өлеңінде «Ақпыз, қара, сарымыз, Ағайынбыз бәріміз» деп балаларды бірлікке, дос-бауыр болуға шақырады. Енді бірінде «Бақыт та, ерлік те, Еңбекпен келеді» деп жас жеткіншектерді еңбекке баулиды. Әсілінде, балалар әдебиетінің негізгі қызметі де – осы. Жас өскіннің тұлға болып қалыптасуына ықпал ету. Баланың тәрбиелік, танымдық, эстетикалық, т.б. қабілетін қалыптастыратын – әдебиет. Кітап арқылы өмірді «көреді», әлемді таниды. Адалдық, әділдік, мейірімнің не екенін біледі. Сұлулықты сезінеді, тілдің көркемдігін түсінеді. Сол арқылы оның әдеби талғамы, мінезі қалыптасады. Дүйсенбиевтің өлеңдерінде осының бәрі бар. Оның өлеңдері балаларды тәрбиелеп қана қоймай, дүниетанымын, ой-өрісін кеңейтеді. Ғафу Қайырбеков кезінде Әнуарбекке «баланың дүниетану дәрежесінің сан-сатысын, бала тілінің жасына қарай құбылып, өзгеру сырларын, балалар әлемін еркін білетіні көрініп тұрады» деп баға берген екен. Нағыз дұрыс берілген баға.
Өкініштісі, балалар әдебиетіне жаңа формалық ізденіс әкелген ақын жетпісінші жылдардың соңында өмірден өтті. Одан бері жарты ғасыр зымырап өте шықты. Бірнеше буын алмасып үлгерді. Сол себепті қазіргі жас оқырман оның өлеңдерін білмеуі де мүмкін. Әнуарбек Дүйсенбиевтің «Ақ мамам» кітабын көргенде қатты қуандым. Себебі кітап дүкендерінен табуға болады. Бұл кітапты талантты ақынның биылғы 95 жылдығы қарсаңында балаларға ұсынылған керемет тарту деп қабылдадым.
Бала жанын баурайтын кітап іздесеңіз, «Ақ мамамды» алыңыз!
