Мұнар атаның өмірлік сабағы
<p style="text-align: left;">1977 жылы атақты режиссер Абдолла Қарсақбаев түсірген «Алты жасар Алпамыс» деген тамаша көркем фильм бар. Осы фильмді телеарналардан көрсеткен сайын тына қалып қараймын. Сондағы іздейтінім – Қанабек Байсейітов сомдаған Мұнар ата. Былай қарасаң, Мұнар ата бейнесі фильмнің бірнеше жерінде жылт еткізіп қана көрсететін жай эпизод секілді. Алайда киноға көрік беріп тұрған – Мұнар атаның бейнесі мен оның ой салатын сөздері.</p>

Фильмнің бас жағында Алпамыс пен әкесінің есекке мініп бара жататын сәті бар. Сол кезде Алпамыстың әкесі дөң басында отырған Мұнар ақсақалға екі сұрақ қояды. «Алтын шаруа қаласында атпақ тай, ол не? Ай бетіне маса қонса, не болады?» деп сұрайды. Біріншісіне «Дүкеншінің аузы толған алтын тіс, біреуі ғана өзінікі», екіншісіне «Масаның салмағын көтере алмай, кейуана жер бетіне құлап түседі» деп жауап береді қария. Баланың әкесі «дұрыс» дейді де, жөніне кете береді. Сонда екеуі нені жұмбақтады? Біріншісі жалған байлық пен жасандылық туралы еді. Адамның сыртқы жылтырағы көп болған сайын шынайылығы азаяды деген ишара-тұғын. Екіншісінде кейуананы ай бейнесінде суреттейтін көне қиссадан хабары бар екенін білдірді.
Фильмде қарияның дөң басында отыруы да бекер емес. Себебі биіктен айнала айқын көрінеді. Ел-жұртқа, тіршілікке бақылау жүргізуге, табиғатқа көз тастауға қолайлы. Сондай-ақ қарияның биікте отыруы оның дәрежесі биік екенін де білдіреді. Одан бөлек күтудің, сағыныштың белгісі немесе өмір биігінен қарау секілді рәміздік мәні бар.
Келесі көріністе Алпамыс үйінің жанындағы дөңге көрпе-төсегін салып алып жамбастап жатқан, шыбын-шіркейден қорыну үшін қолына қолаң ұстаған Мұнар атаға келіп сәлем береді. Баланың ұнжырғасы түсіп кеткен. Бала әлемін жақсы түсінетін Мұнар ата мұны бірден байқай қояды. «Қабағың түсіп кетіпті, мұның не? Өйтуге бола ма екен? Сен батыр емессің бе?» деп мақтайды да, анадай жерде жатқан томарға жұмсайды. Алпамыс бар күшін салып, томарды екі-үш рет аударады. Ақсақал: «Қандай мықты едің! Батырсың!» деп баланы мақтай түседі. Алпамыстың жаңағы жабырқап тұрған жүзінде реніштің табы да қалмайды. Бұл да қарияның баланың деңгейіне түсе алатын, өмір көргенінің бір белгісі еді.
Көңілі жайланған Алпамыстың көзі қарияның көнетоз үйіне түседі. «Мұнар ата, үйіңіздің қабырғасы неге жарылған?» дейді ол енді. «Түнде байқамай иығыммен қағып кеттім», деп жауап береді ол. «Не деген күштісіз!» деп Алпамыс таңғалады. Мұнда да қария ескі қиссалардан хабары барын тағы байқатады. Сәл-пәл үзілістен кейін бала: «Сіз де мектепте оқыдыңыз ба, Мұнар ата?» деп сұрайды. Ақсақал сәл күрсініп барып: «Е-е, менің мектебім – тау мен дала», дейді де, ой құшағына сүңгіп кете барады. Расында қарияның ұстазы өмірдің өзі еді. Ол бала болып мектепте оқи алған жоқ. Есесіне тәрбиені де, білімді де табиғаттан алды. Дала оны шынықтырды, тау төзімді болуға баулыды. Тіршілік арқылы тәрбиеленді, тәжірибе арқылы білім жиды.
Одан кейінгі бір көріністе Алпамыс атасына келіп: «Дала сізді қалай оқытты?» деп, үзіліп қалған әңгімені қайта жалғайды. «Дала маған көруді, естуді, ойлауды түгел оқытты», дейді Мұнар ата. «Көруді қалай оқытты?» дейді Алпамыс таңданып. «Анау төбенің басына шыға ғой. Сонан соң білесің», дейді атасы. Сосын кеңсенің алдында бригадирдің аты байлаулы тұрғанын, ұстахананың қасында әкесінің есегі тұрғанын, табын суға қарай бет алғанын, Оразқұлдың үйінің төбесіне шығып, бақшасын күзетіп отырғанын айтып береді. «Дұрыс, ал естуді қалай оқытты, Мұнар ата?» дейді тағы да. Ақсақал қолын құлағына тосады да, Қалиханға анасының ұрсып жатқанын айтады. Алпамыс жүгіріп Қалиханның үйіне барады. Шынында, анасы Қалиханның жер-жебіріне жетіп ұрса жөнеледі. Алпамыс Мұнар атаға қайтадан келіп: «Рас, ұрсып жатыр, өлең айтып отыр еді. Сосын ұрса бастады», дейді. Мұның бәрін ол қайдан білді? Себебі Мұнар ақсақал күнделікті қайталанып отыратын тіршілікті дөң басынан бақылап, қай кезде кімнің не істейтінін бес саусағындай жаттап алған еді.
Алпамыс Мұнар атаның жанына жайғасып: «Дала сізге оқуды қалай үйретті?» деп тағы сұрайды. «Мен бұлтқа қарап оқи алам» дейді қария. Алпамыс аспанға қарайды да, ештеңе түсінбей, иығын қиқаң еткізеді. Мұнда да қазақы таным бүгіп жатыр. Қазақ үшін бұлт – табиғаттың ғана емес, көңіл-күйдің, заманның, тіпті тағдырдың да белгісі. Қазақ қайғырған адамды «көңілін бұлт басты», қатер төнгенде «қара бұлт үйірілді» дейді. «Қара бұлт» бір қарағанда қорқынышты көрінеді. Алайда онда береке бар. Бұлттан төгілген нөсер – мал мен егіннің несібесі. Оның үстіне бұлтта тұрақ жоқ. Ол үнемі көшіп жүреді, қайғы да сондай, өткінші. Сол себепті бұлтқа қараған адам өмірдің өткінші, дүниенің жалған екенін біледі. «Бұлтта жазу бола ма? Сонда не деп жазылған?» дейді Алпамыс сұрағын әрі қарай жалғап. «Онда «оқу керек» деп жазылған. Оқысаң, дүниенің сырын білесің», дейді ақсақал. Себебі оның өзі де осының бәрін бұлттан «оқып» білген еді.
Фильмнің соңғы жағында мұңды бір көрініс бар. Дөңнің өзі тұр, ал Мұнар ата жоқ. Алпамыс ақсақалдың үйіне жақындап, атасын іздеп, аула ішіне көз тастайды. Абыр-сабыр кісі, жылап-сықтаған жұрт. Ештеңені түсінбейді де, қария отыратын дөң басына көтеріледі. Сол кезде жанына қарияның кемпірі келеді. «Айналайын Алпамыс! Мұнар атаң енді бізге жоқ. Атаңның саған арнаған ер-тоқымы еді. Мойныма қарыз болмасын. Ала ғой, қарағым!» деп шалы қалдырып кеткен аманатты баланың қолына ұстатады. Алпамыс ер-тоқымды арқалап, көңілі жығылып үйіне қайтады. Аулаға кіреді де, ер-тоқымды жастанған күйі ұйықтап кетеді. Мұнда да астарлы мағына бар. Ер-тоқым ақсақалдың Алпамысқа арнаған «Ат жалын тартып мінетін азамат болдың. Жауапкершілікке қадам бастың, жолың ашық болсын!» деген ақ батасы еді. Иә, Мұнар ата Алпамысқа қамқоршы ұстаз болды. Алпамысқа ғана емес, осы фильмді көрген барша қазақ баласына ұстаз болған еді. Алайда оны көбіміз байқаған да жоқпыз...
