Зерде
10 мин оқу 10

Мәскеудегі мәшһүр декада

<p style="text-align: left;">Осыдан тура 90 жыл бұрын, 1936 жылғы 17&ndash;27 мамыр ара&shy;&shy;&shy;&shy;лығында Мәскеуде ұлт мә&shy;де&shy;ниеті тарихындағы аса ірі тарихи оқиға болды. Ол қазақ әдебиеті мен өне&shy;&shy;рінің онкүндігі еді. Қа&shy;зақ мәде&shy;ниетін КСРО-ға таныт&shy;&shy;қан декадаға кім&shy;&shy;&shy;дер қатысты? Қазақ өне&shy;&shy;рі&shy;нің тарландары не көр&shy;&shy;&shy;сетті? Жалпы, дека&shy;да&shy;ның қазақ әдебиеті мен мәдение&shy;ті үшін нендей ма&shy;ңы&shy;зы болды? Тоқсан жыл бұрынғы тозығы жет&shy;кен &laquo;Правда&raquo;, &laquo;Извес&shy;тия&raquo; т.б. басылымдар ті&shy;&shy;гін&shy;&shy;ді&shy;лерін ақтара отырып, онкүн&shy;діктің жай-жап&shy;&shy;&shy;&shy;са&shy;ры&shy;на тереңірек үңіл&shy;дік.</p>

Мәскеудегі мәшһүр декада

Таңдай қақтырған театр

Әсілінде, Мәскеудегі алғашқы декаданы 1936 жылы наурызда Украина өнерпаздары бастаған еді. Олар онкүндікті дүрілдетіп өткізіп, межені көтеріп тастады. Кезек мамыр айында қазақ өнерпаздарына келді. Шыны керек, украиндықтардың тамаша тартуынан кейін мәскеуліктер тіршілігі мал шаруашылығымен біте қайнасқан қазақтардан таң­дай қақтырарлық ештеңе күте қойған жоқ. Алайда қазақ өнер­паздары украиндардан кем түс­педі, керісінше он күн бойы Мәс­кеу­ді ән-жырға бөлеп, мұн­таз­дай қазақ мәдениетінің қандай екенін көрсетті.

Мәскеуге аттанар алдында Қа­­зақ мем­лекеттік музыкалық театры­­­ның жетекшісі Жұмат Шанин «Вечерняя Москва» газетіне «Қа­зақ өнерінің мерекесі» атты мақа­ла жариялап, он­күндік кезінде Қазақ музыкалық театры өз репертуарындағы таңдау­лы қойылымдарды Мәскеу жұрт­шы­лы­ғына таныстыратынын жеткізді. «Біздің театр ұжымы ашылғалы отырған онкүндікті қазақ өнерінің дамуы жолындағы елеулі белес деп бағалайды. Сондықтан он­күндік бағдарламасын іріктеуге ай­рық­ша жауапкершілікпен қарап, оның әрбір нөмірін мұқият талқылаудан өткіздік», дей келіп, Қазақ музыкалық театры мәскеулік көрерменге 17 мамырда «Қыз Жібек», ал 18 мамырда «Жалбыр» спектакльдерін ұсынатынын хабарлады (№104, 1936 жыл). Жұмат мақаласында екі пьесаның музыкасы орыс тыңдаушысына үлкен қызығушылық тудыратынын айта келіп: «...Ол тұтастай қазақтың халықтық шығармашылығының қайнар көздерінен алынған. Кеңес­тік жұртшылыққа әлі де толық таныс емес қазақ халқының халық аңыздары, әндері мен музыкасы өз ішінде фольклордың нағыз інжу-маржандарын сақтап жатыр», деді.

«Қыз Жібек» қойылар алдында «Правда» газеті: «...Мәскеуде Қазақ мемлекеттік музыкалық театрының спектаклімен қазақ өнерінің онкүндігі басталады. Үлкен академиялық театрдың филиалында Ғ.Мүсіреповтің төрт актілі «Қыз Жібек» музыкалық пье­сасы көрсетіледі», деген хабар жариялады (№134, 1936 жыл). Либ­реттосын Ғабит Мүсіре­пов, пар­титурасын Евгений Бруси­лов­ский жазды. Жібек рөлін Күләш Байсейітова ойнаса, Төлегенді Қанабек Байсейітов, Шегені Манарбек Ержанов, ал Бекежан рөлін Құрманбек Жан­дарбеков сомдады.

«Қыз Жібек» жайында газеттерге жылы пікірлер жарияланды. «Московская правда» хабарында «Қыз Жібек» спектаклі қойылғанда Үлкен театр филиалы көрерменге лық толғанын жазады. «...Мәскеуліктер қазақ театрының алғашқы қойылымын жылы қабылдады. Ежелгі қазақ халық музыкасына негізделген, қазақ хандығы дәуіріндегі халық тұрмысы, ойындары мен салт-дәстүрлерінің элементтерін кеңі­нен пайдаланған «Қыз Жібек» қойылымы – жас қазақ театрының ірі жетістігі», деп бағалады (№113, 1936 жыл). Сондай-ақ басылым қазақ театрының алғашқы спектаклі зор табыспен өткенін, көрермендер басты рөлдерді сомдаған Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандар­беков, Қанабек Байсейітов, балет солисі Шара Жандарбекованы бірнеше рет сахнаға шақырғанын зор мақтанышпен жеткізді. Сол секілді «Правда» газеті де «Қыз Жібек» жайында: «...хандық-фео­дал­дық дәуірдегі қазақ әйелінің құқықсыз халін бейнелейді. Пьесаға композитор Брусиловский өңдеген қазақ халық шығармашылығының әуендерінен алынған музыка арқау болған», деп тұжырымдады.

Қазақ театры ұсынған екінші спектакль «Жалбыр» еді. Оның да партитурасын Брусиловский дайындады. Ал либреттосын Бейімбет Майлин жазды. Жалбыр рөлін Қанабек сомдаса, Хадиша рөлінде Күләш ойнады. «Жалбыр» қойыларда да «Правда» газеті: «...Үлкен академиялық театр филиалында Майлиннің «Жалбыр» пьесасы қойылады. Пьеса 1916 жылғы қазақтардың Патша өкіметі мен жергілікті байларға қарсы көтерілісінің тарихи оқиғалары негізінде жазылған. Жалбыр – көтеріліс көсемі, пьесаның бас­ты кейіпкері. Қазақ музыкалық театрының спектакльдеріне арнап пьесалардың орыс тіліндегі либреттолары шығарылды»,  деп хабарлады (№135, 1936 жыл). 

Қаламгерлер кездесулері

Мәскеудегі декадаға тоқсандағы жыр алыбы Жамбыл Жабаев пен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ғаббас Тоғжанов, сондай-ақ Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейім­бет Майлин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, т.б. қазақ қалам­гер­лері қатысты. Ғаббас Тоғжанов декада қарсаңында «Правда» газе­тіне мақала жариялап, қазақ қаламгерлерінің бірқатар шығар­масы жеке жинақ болып жарық көргенін сүйіншіледі. Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш», Ілияс Жансүгіровтің «Күйші», сондай-ақ қазақ ақындарының мадақ жырлары, басқа да еңбектер жарыққа шыққанын атап өтті.

«Правда» газеті декада кезінде 60-қа жуық халық ақынының жаңа өмірді жырлаған өлең-жырлары енген жеке кітап шыққанын, 2 мың таралыммен жарық көрген жинаққа Жамбылдың төрт арнауы, сондай-ақ Тайжан Қалмағамбетов, Кенен Әзірбаев, т.б. ақындардың мадақ жырлары енгенін жеткізді (№135, 1936 жыл). Ал «Известия» газеті қазақ мәдениетіне тұтастай бет арнады. Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргенов  «Жерұйық» мақаласында қазақ мәдениеті мен әдебиетінің тарихына тоқталып, Асан қайғының Жерұйықты іздеу идеясы халықтың бейбіт, бақытты өмірге деген ұмтылысы екенін тарқата жазды.

Сонымен қатар газетте Санжар Асфендиаровтың «Қазақтар» мақаласы, Сәкен Сейфуллиннің «Адам» өлеңі (орыс тіліне аударған П.Кузнецов), жыршы Ахметбековтің Сталинге арнаған жыры (аударған Н.Сидоренко), «Мақта-Арал» кеңшарының жыл­қы­шысы Баймұрат Нұразов айтқан қазақ ертегісі, О.Бубнованың «Көр­ме туралы» хабары, сондай-ақ «Қазақтар не көрсетеді?», «Қазақ жазу­шыларының жаңа кітаптары» деген хабарлар жарияланды. Соны­­мен қатар хабарда Сәбит Мұқа­новтың «Сұлушаш» повесі (аударған Н.Сидоренко) мен Сәкен Сейфул­линнің «Көкшетау» өлең­дер жинағы (аударған Н.Феок­тистов) жайлы мәлімет берілді (№114, 1936 жыл). Сонымен қатар де­када кезінде Мәскеу мен Ленин­г­рад­та қазақ әдебиетіне арналған әде­би кештер, қазақ және орыс қа­ламгерлерінің кездесуі, әдеби-көр­­кем радиохабарлар, кітап көр­ме­лері ұйымдастырылды. Қазақ ақын-жазушыларының декададағы белсен­ділігі қазақ әдебиетінің орыс тіліне аударылып, таралуына жол ашты. 

Көңілді толқытқан концерт

Алматыдан Мәскеуге 300 адамнан тұратын ұжым аттанса, соның басым бөлігі Қазақ Орталық Атқару комитеті атындағы ұлттық оркестр мен Қазақ мемлекеттік филармониясының ұжымы еді. 23 мамыр күні Үлкен театрда Ахмет Жұбанов басқаратын ұлттық оркестр қазақ өнері онкүндігінің қорытынды концертін ашты.

Концерттің алғашқы бөлімін­де ұлттық оркестр түрлі жанр­дағы күйлер, халық әндері мен әуен­дерін орындаса, Қазақ музы­калық театры мен Қазақ мем­ле­кеттік филармониясының әртістері Күләш Байсейітова, Манарбек Ержанов, Бісміллә Балабеков, Жүсіпбек Елебеков, т.б әнші­лер халық әндерін шырқады. Алтыбақан басында қыз-келіншек­тер таби­ғатты суреттейтін дәстүрлі әндерден шашу шашса, таулы ауылды бейнелейтін декорация аясында жас өнерпаздар би биледі. Бұл бөлімді Алматыдағы Қазақ хореография мектебінің 8-9 жастағы 24 бишісі П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балетін (балет­мейс­тері А.Александров) билеп қоры­тындылады. Қанабек Бай­сейітов «Құштар көңіл» кітабында жаз­ғандай, бұл би нағыз сенсация болды.

ж

Ал концерттің екінші бөлімін­де халық ойындарына кезек беріл­ді. Сахнаның сәнін ашқан «Соқыр теке», «Ортеке», т.б. топ­тық билеріне көрермен ерекше сүйсінді. Музыкаға, көңілді би мен әзілге толы қазақ ойындарына мәскеулік көрермен ұзақ уа­қыт қол шапалақтады. Сондай-ақ Жамбыл бастаған ақындар айтыс өнерінің үздік үлгілерін көр­сетіп, тыңдармандарды тәнті етті. Концерт соңында Манарбек Ержанов өзінің «Жасасын!» әнін орындап, сосын Жамбыл бастаған қазақ әртістері түгел сахнаға шы­ғып, концерт шымылдығын жапты. Жоғары деңгейде өткен концерттік бағдарламаға Сталин, Каганович, Орджоникидзе, т.б. кеңес көсемдері де қатысып, қазақ өнерпаздарымен жылы қоштасты. 

Онкүндіктің оң әсері

Онкүндік аяқталған соң, газеттерде декада туралы көлемді мақалалар жазылды. Бүкілодақтық өнер істері комитетінің төрағасы Платон Керженцев «Правда» газе­тіне «Қазақ өнері» деген мақа­ласын жариялады. Ол Қазақ музы­калық театрының Мәскеудегі қойы­лымдары кеңес өнерінің шынайы мерекесіне айналғанын алға тартып: «...Көпшілік үшін мұндай дарынды, өзара үйлескен, музыкалық деңгейі жоғары ұжымды көру қуанышты тосын сый болды», деді. Ол небәрі үш жыл бұрын ғана құрылған Қазақ музыкалық театрының қойылымдарын одақтағы театр мәдениеті әбден қалыптасқан театрлар спектакльдерімен қатар қойып, қазақтардың музыкалық өнер саласындағы қысқа мерзімдегі табысын жоғары бағалады (№141, 1936 жыл). 

Онкүндікке орай «Московская правда» газетінде Қазақстанның Халық әртісі Александр Затаевич­тің «Қазақ өнерінің декадасы» деген мақаласы жарық көрді. Ол да «Қыз Жібек» пен «Жал­быр» спектакльдері мәскеу­лік көрер­мендерді тәнті еткенін тілге тиек ете келіп, қойылым­дар­дың Жұмат Шаниннің жалпы жетек­шілігімен жүзеге асырыл­ғанына назар аударды. «...Бүкілодақтық астанамыздың театрында алғаш рет қазақ тілі естіліп, тұңғыш рет ғажайып қазақ әндерінің тасқыны төгілді. Атақты күйлер заманауи оркестр бояуымен байытылып, анық әрі ырғақты үнмен шырқалды», дей келіп, екі операның да музыкалық негізін қазақ халық әуендері құрайтынын пайымдады.

ж

Сондай-ақ ол «Қыз Жібек» пен «Жалбыр» орындаушыларына да тоқталып: «...Олардың барлығы да әнші әрі драмалық актер ретінде рөлдерін мұқият игеріп, талантпен орындағаны үшін мақтауға лайық. Дегенмен, олардың арасынан ерекше бөліп айтатынымыз – таза, ашық әрі біркелкі әсем дауысы мен терең сезімді драмалық ойынымен көзге түскен еңбек сіңірген әртіс Күләш Байсейітова. Сондай-ақ тамаша биші Шара Жандарбекова мен Үрия Тұрдықұлованы атау қажет», деген пікір білдірді (№114, 1936 жыл).

Театр сыншысы Давид Тальни­ков «Литература и искусство» газетіндегі «Қазақ театрының жолы» мақаласында: «1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігі қазақтың ұлттық өнерін бүкілодақтыққа танытты. Сол уақытта қазақ өнері алдында көр­кемдік сипаттағы аса маңыз­ды бірқатар мәселе тұрған еді. Театрдың жетекші қайрат­кер­лері мен әртістері масайрап-тоқмейіл­сімей, көркемдік жеңістерге жету жолында тынымсыз еңбек ете білді. Онкүндіктің талап еткен табысы да осы болатын»,  деп жазса (№2, 1944 жыл), музыка сыншысы Владимир Мессман «Правдадағы» мақаласында Күләш Байсейітованың 1936 жыл­ғы Мәскеудегі триумфын жоға­ры бағалады. «Күләштің болмы­сын­дағы ең тамаша әсер қалды­ратын қасиет – тектілік, қарапайымдылық, жүрекке жақын жылылық пен нәзіктік», деді ол.

Музыка сыншысы Александр Гаямов та екі спектакльде басты рөл­ді сомдаған Күләштің өнері­не жо­ғары баға беріп, қазақ театры­ның бастамасын оң бағалады. Ол «Вечерняя Москва» газетіне жариялаған «Өнердің өмірге келуі» мақаласында: «...Күләш Байсейітованың жылылық пен нәзіктікке толы шағын ариялары, еңбек үдерісін бейнелейтін жеке балет нөмірлері мен көпшілік сахналар – екі спектакльдің де бас­ты сәні. Көрсетілген спектакльдер – небәрі екі жыл бұрын ғана ұйым­дастырылған жас театр ең­бегінің жарқын нәтижесі. То­лық­қанды опералық қойылым жа­сау жолында алғашқы батыл қа­дам­дар жасалды», деген лебізін біл­дірді (№113, 1936 жыл). Сондай-ақ «Қыз Жібек» пен «Жалбыр» пьесаларына айрықша тоқталып, екі шығармада да қазақтың халық музыкасы кеңінен қолданылып, үлкен талғаммен әрі шеберлікпен өңделгенін ерекше атап өтті.

Композитор Евгений Брусилов­с­кий­дің өзі де «Правда» газеті арқылы үн қосты. Ол мақаласында қазақ музыкасының ерекшелігін тілге тиек ете келіп, қазақ өнерінде халықтың тарихы, азаттық күресі, қуанышы мен қайғысы кең көрініс тапқанын тарқата жазып, халық әндері, күйлер мен ақындық дәс­түр­дің маңызын жоғары баға­ла­ды. Брусиловский сонымен қатар қазақ­тың аспаптық музыкасы, әсіресе Батыс Қазақстандағы күйшілік мектеп туралы кеңірек тоқталып, Құрманғазы, Дәулеткерей секілді күйшілердің өнерін ерекше атап өтті. Домбыраның мүмкіндігі зор екенін, домбыра арқылы орындалатын күйлер терең музыкалық шығармалар екенін жазды. «Күйдің мазмұны ал­уан түрлі болып келеді. Сырттай қарағанда мүмкіндігі шек­теу­лі секілді көрінетін қос ішекті домбыраның шын мәнінде сим­фониялық сипаттағы музыка­ны орындауға қабілеттілігі таңғал­ды­ра­ды», деді ол (№140, 1936 жыл).

Ал Мұхтар Әуезов «Известия» газетіне шыққан «Қазақ музыкасы» мақаласында қазақ халқының өткен өмірін айқын бейнелеген бір дүниенің ән екенін айта келіп: «Қазақ өмірінде әнмен бірге жүрмейтін маңызды оқиға болмаған. Тұрмыс-салттық, отбасы­лық немесе суырыпсалма әндер әрдайым қатар жүрген. Осы сан қырлы бай халық мұрасы Қазақ музыкалық театрының 1933 жылдан басталған бүкіл шығар­машылық жұмысының негізіне айналды. Тақырыбы мен ырғақтық-әуездік желісі жағынан бір-біріне жақын, бұрын жеке-жеке орындалып келген кейбір халық әндері енді сюжеттік тұрғыдан тұтасып, біріктірілген күйде музыкалық театр сахнасынан үй­лесімді, табиғи өрбитін, ішкі тұтастығы сақталған күрделі шығармалар ретінде естілді», деп пайымдады. Сондай-ақ ол халық әндерін жаң­ғыртқан музыкалық театрдың талантты әртістері Күләш Байсейі­това, Қанабек Байсейітов және Құрманбек Жандарбековтің ән айту мәнерін ерекше атап өтті (1936, №117).

Декададан кейін бірқатар әдебиет және өнер қайраткері Кеңес одағының жоғары марапаттарына ие болды. Онкүндіктің ыстығына күйіп, суығына тоңған Темірбек Жүргеновке, декаданың бұлбұлы атанған Күләш Байсейітоваға, тоқсан жастағы тарлан жыршы Жамбыл Жабаевқа, талантты ақын Сәкен Сейфуллинге, сондай-ақ дарынды әртістер Елубай Өмірзақов пен Құрманбек Жандарбековке «Еңбек Қызыл Ту» ордені берілді. Қазақ­тың ұлттық аспаптарын Мәскеу төріне дүрілдеткен Ахмет Жұбанов, қос спектакльге музыкалық қуат сыйлаған Евгений Брусиловский, мың бұралған биші Шара Жандарбекова, әсем әуезді әншілер Манарбек Ержанов пен Үрия Тұрдықұлова, сонымен қатар театр тарландары Қанабек Байсейітов, Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов «Құрмет белгісі» орденін кеудесіне тақты.

Онкүндіктің жоғары деңгей­де өткеніне көз жеткізген кеңес билігі қазақ мәдениетін дамытуға мән бере бастады. КСРО Халық Комис­сар­лары кеңесінің қаулысымен резерв қорынан Алматыдан Қа­зақ мемлекеттік музыкалық театры­ның ғимараты мен театр әртіс­терінің тұрғын үйін, сондай-ақ хореографиялық мектеп салуға қомақты қаржы бөлінді. Осы жыл­дың күзінде Күләш Байсейітова алғашқы­лардың бірі болып «КСРО Халық әртісі» атанды. Ең бастысы, Тұрсынбек Кәкішұлы айтқандай, 1936 жылы Мәскеуде өткен онкүндік «қазақ мәдениетін, Қазақ елін, қазақ халқын әлемге танытудың алғашқы бастамасы» болды.

Онкүндіктің ойдағыдай өтуі­не үлкен еңбек сіңірген бір адам болса, ол сол кездегі Халық ағарту комиссары Темірбек Жүр­генов еді. Ол қазақ өнерін Мәскеуге таныс­тыру ісінің негізгі ұйым­дас­ты­рушысы болды. Темірбектің темірдей талабы мен әдебиет пен өнер тарландарының ерен еңбегінің арқасында қазақтың ұлттық өнері бүкіл Кеңес одағына кеңінен танылып, кәсіби деңгейге көтерілді. Өкініштісі, ұлт рухания­тына өлшеусіз үлес қосқан сол саңлақтардың бірсыпырасы 1937–1938 жылдары репрессия құрбаны болып кетті.

Бөлісу:
Мәскеудегі мәшһүр декада · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар