Венесуэладағы жер сілкінісінен 30-дан астам адам қаза тапты
<p class="isSelectedEnd">Венесуэлада болған екі қуатты жер сілкінісінің салдарынан кемінде 32 адам көз жұмып, 700-ден астам тұрғын түрлі жарақат алды. Ең үлкен зардап ел астанасы Каракас қаласында тіркелген. Мұнда бірнеше ғимарат қирап, құтқарушылар үйінді астында қалған адамдарды іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

Қазіргі уақытта апат аймағында 500-ден астам маман жұмылдырылған. Құтқарушылар үйінділер астынан 18 адамды аман-есен алып шықты, алайда құлаған нысандардың астында әлі де өзге азаматтардың болуы мүмкін деген болжам бар.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, жер сілкінісінен келген ауыр зақымға байланысты Венесуэланың басты халықаралық әуежайы уақытша жабылған.
Елдегі жағдайға байланысты президент Делси Родригес төтенше жағдай режимін енгізді. Билік апат салдарын жою үшін халықаралық ұйымдардан қаржылай көмек сұрауды жоспарлап отыр.
АҚШ президенті Дональд Трамп та жағдайға қатысты пікір білдіріп, Америка Құрама Штаттарының Венесуэлаға қажетті көмекті жедел көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Бұған дейін Венесуэлада жер сілкінісіне байланысты төтенше жағдай жарияланғанын жазған болатынбыз.
Еске салайық, Филиппинде де жер сілкініп, қаза тапқандар саны 78 адамға жетті.
