Үздік жас математиктер
<p style="text-align: left;">Біздің жас математиктер халықаралық білім додасында әлемнің үздік бестігіне енді. Олар Румынияның Бузэу қаласында өткен жас­өспі­рімдер арасындағы Балқан математикалық олим­пиада­сында (Junior Balkan Mathe­matical Olympiad, JBMO) жоға­ры нәтиже көрсетіп, жер- жа­һаннан жиналған ең мықты командалардың қатарынан көрінді.</p>

Осы жылғы 15–20 маусым аралығында ұйымдастырылған беделді жарысқа 23 мемлекеттен 140-қа жуық дарынды оқушы қатысты. Қазақстан құрамасының сапында бақ сынаған алты оқушының барлығы жүлдегер атанып, қоржынымызға 2 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль салды.
Командалық есепте үздік ұландарымыз олимпиадалық дәстүрі қалыптасқан Румыния, Болгария, Франция құрамаларынан кейінгі төртінші орынды иеленіп, әлемдік деңгейдегі бәсекеде өздерінің жоғары әлеуетін көрсетті.
Алтын медальдарды Алматы қаласындағы Nurorda мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Айсұлтан Омар, Маңғыстау облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Сұлтан Төребек жеңіп алды. Күміс жүлдеге Алматы қаласындағы NIS-тің 9-сынып оқушысы Арнұр Кәрібай, РФММ-нің 9-сынып оқушысы Темір Оразбек ие болды. Ал қола медальдарды Түркістан облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Ілияс Дінмұхамедұлы мен Павлодар қаласындағы №8 лицей-мектебінің 10-сынып оқушысы Әлихан Құрақбаев қанжығасына байлады.
Ұлттық құраманың халықаралық олимпиадаға қатысуын халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Марат Нсанбаев пен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының маманы Перизат Саутбекова үйлестірді.
Жасөспірімдер арасындағы Балқан математикалық олимпиадасы – 16 жасқа дейінгі оқушыларға арналған халықаралық деңгейдегі беделді математикалық жарыстардың бірі. Қазақстан бұл білім бәйгесіне 2004 жылдан бері тұрақты қатысады және жыл сайын жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.
