Спорт
2 мин оқу 30
Жарыс күнделігі
<p style="text-align: left;">Мәнерлеп сырғанаудан 2027 жылғы Төрт құрлық біріншілігі тұңғыш рет біздің елде өтетін болды. Беделді халықаралық дода 2027 жылғы 9–14 ақпан күндері ұйымдастырылады. Астана қаласында Азия, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка мен Мұхит аралдары елдерінен әлемнің саңлақтары айдын үстінде өнерін көрсетеді.</p>

- Алдағы Төрт құрлық чемпионаты еліміз тарихындағы осы спорт түрінен өтетін ең ауқымды халықаралық жарыс болмақшы. Бұған дейін 2011 жылғы қысқы Азия ойындары, 2017 жылғы қысқы Универсиада аясында мәнерлеп сырғанау жарыстары ұйымдастырылғанымен, дәл осындай деңгейдегі чемпионаттың жалауы желбіреген емес. Халықаралық конькишілер одағының (ISU) президенті Чжэ Ёль Ким елде мұндай жарысты өткізу Орталық Азия жанкүйерлеріне әлемдік деңгейдегі спортшылардың өнерін тамашалауға зор мүмкіндік екенін жеткізді. «Мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионатын алғаш рет Қазақстанда өткізуге шешім қабылдадық. Бұл елде мәнерлеп сырғанау спортына қызығушылық артып келеді», деді Чжэ Ёль Ким. Мәнерлеп сырғанаудан ересектер арасындағы жаңа маусым Францияның Анже қаласында 23–25 қазан аралығында Гран-при кезеңімен басталады.
- Бүгін Қытайдың Циндао қаласында дзюдодан Гран-при додасы басталады. Жаһандық додаға қатысатын балуандарымыздың қарсыластары белгілі. Қытай жерінде Парижде өткен Олимпия ойындарының чемпионы Елдос Сметов екі жылдық үзілістен кейін татамиге қайта шығады. 60 кг салмақта сынға түсетін отандасымыз алғашқы айналымда қытайлық Сунь Цзяхаоның қарымын байқайды. Осы салмақта әлем чемпионатының қола жүлдегері Талғат Орынбасар аустралиялық Жошуа Катц пен поляк Ксаверний Игнасяк белдесуінің жеңімпазымен күреседі. 66 кг салмақта Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев моңғол балуаны Турболд Тумурхуумен белдеседі. 73 кг салмақта Бақытжан Әбдірахманов алғашқы айналымда Испания елінің атынан сынға түсетін Антон Шухалиевтің қарымын байқаса, Ерсұлтан Дүйсенхан Швеция балуаны Нарек Варданянмен, Абылайхан Жұбаназар (81 кг) грекиялық Аргис Зарагкаспен, Әділет Алмат қырғызстандық Ратбек Жұманазаровпен күреседі. 90 кг салмақта Айдар Арапов румыниялық Влад Висанға қарсылас болады. Осы салмақта сынға түсетін тағы бір отандасымыз Даниил Крылов жапон Гоки Тадзиманың қарымын байқап көреді. 100 кг салмақ дәрежесінде Асқар Біржанов румын Рареш Арсениемен күш сынасса, Бақжан Байтас Израиль спортшысы Йосиф Симинмен белдеседі. Әйелдер додасында Әбиба Әбужақынова (48 кг) әзербайжандық Шафаг Хамидованың, 57 кг салмақ дәрежесінде Бақыт Құсақбаева түрікмен қызы Медине Оразниязованың күшін бағамдайды. 70 кг салмақта екі қызымыз сынға түседі. Ажар Асхат израильдік Аделина Новицкиге, Мөлдір Нарынова Солтүстік Корея балуаны Мун Сон Хиге қарсы күреседі. 78 кг салмақта Аруна Жангелдина өзбек қызы Барчыной Кодировамен, Екатерина Токарева канадалық Корали Годбутпен белдеседі. 78 кг-нан жоғары салмақ дәрежесінде Аида Тойшыбекова өзбекстандық Ирисхон Құрбанбаеваның қарымын байқаса, Назгүл Маратова қытайлық Цзя Бинцянге қарсы күреседі.
- Польшаның Краков қаласында құзға өрмелеуден әлем кубогінің кезеңі басталады. Ришат Хайбуллин, Әмір Маймұратов, Дамир Тоқтаров, Тамара Олжабаева, Анна Баларшина, Арина Новицкая бақ сынайды. Құзға өрмелеушілер жекелей, эстафеталық сында жүлдеге таласады. Әлем кубогінің кезеңі 3 шілде күні басталып, 5 шілдеде аяқталады.
Бөлісу:
