Мемлекет басшысы: «Айбынның» басты миссиясы – интеллектуалды әскери элитаны қалыптастыру
<p>Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Айбын» XII халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында сөз сөйлеп, елімізде құрылған «Жас сарбаз» қозғалысының жас ұрпақты тәрбиелеудегі ерекше рөлін атап өтті, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

Президент «Айбын» халықаралық жиынының бұрынғы жылдардағы жеңімпаздары мен Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжаннан келген жастарға алғыс білдірді.
«Озық құндылықтарды дәріптейтін ұйымның қатарында 280 мыңнан астам мектеп оқушысы және студент бар. Әскери-патриоттық бірлестіктерде тәрбие алған азаматтардың көбі болашақ өмірін әскери қызметпен, құқық қорғау органдарымен және ұлттық қауіпсіздік жүйесімен байланыстырады. Мен Мемлекет басшысы ретінде жастарымыздың осындай ұмтылысын толық қолдаймын. Сіздердің араларыңызда қазірдің өзінде елеулі табысқа қол жеткізіп, құрдастары мен ізінен ерген інілеріне үлгі көрсетіп жүрген жандар бар. Бүгін осы жиынға Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институтын тәмамдаған үздік түлек Арман Оңдасынов қатысып отыр. Жақында Мемлекеттік рәміздер күні аясында оған аға лейтенант офицерлік атағын өз қолыммен табыстадым. Сонымен қатар бүгінгі іс-шараға «Айбын» халықаралық жарысының өткен жылдардағы жеңімпаздары келді. Жыл сайынғы әскери-патриоттық жиында еліміздің әр өңірінің және достас елдердің талантты жастары бас қосады. Мұның мәні зор. Орайлы сәтті пайдаланып, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжан елдерінен келген қонақтарымызға бастаманы қолдап, оған белсенді қатысқаны үшін алғыс айтамын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы «Айбын» ХІI халықаралық әскери-патриоттық жиынында сөз сөйледі
Мемлекет басшысы аталған ауқымды жоба осы жылдар аралығында нағыз патриотизм мектебіне айналғанын, мыңнан аса жігіттер мен қыздарды бір тудың астына біріктіргенін айтты.
«Жастар мұнда әділ бәсекеге түсіп, темірдей тәртіптің не екенін біледі. Қысылтаяңда бір-біріне қол ұшын созуға және командада жұмыс істеуге үйренеді. Жарыстар тек физикалық төзімділік пен күшті ғана сынап қоймайды, ақыл-ой ұшқырлығын, тапқырлық пен шығармашылық қабілетті де шыңдайды. Сондықтан «Айбын» жиынының ең басты миссиясы – Қарулы күштер қатарында кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалды элита қалыптастыру. Мұндай кездесулер халықаралық ынтымақтастықты нығайтады. Өзара тілеулeстікті күшейтіп, халықтарымыз арасындағы достық, бірлік және түсіністік қағидаттарының беки түсуіне септігін тигізеді», деді Президент.
Үздік әскери түлектерге бірден «аға лейтенант» шені берілуі мүмкін
Еске сала кетейік, «Айбын» ХІI халықаралық әскери-патриоттық жиынында Астана қаласының Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледжінің командасы жеңіске жетті. Олар 2,5 шақырымдық қашықтықты 26 минут 30 секундта еңсеріп, мәреге бірінші болып жетті.
