Эквадордың қарқыны күшті
<p style="text-align: left;">Іріктеу кезеңінің соңғы, 3-туры әдеттегідей тартысты өтіп жатыр. Мундиальдің плей-офф кезеңіне алғаш рет шыққан Кот-д’Ивуар құрамасы кубокқа қолы жеткендей қуануда. «Неміс мәшинесін» тежеген Эквадор футболшылары араға 20 жыл салып жаһан додасының топтық кезеңінен асты.</p>

АҚШ-тың Ист-Ратерфорд қаласындағы «Метлайф» стадионында Эквадор құрамасы («Е» тобы) 3-турда азулы Германия футболшыларына қарсы ойнады. Матч алдында сәуегейлік танытқан мамандар 6 ұпаймен топ бастаған Германияның жеңіске жетеріне шек келтірген жоқ. Тіпті ірі есеппен ойсырата ұтады деп те болжам жасаған. Матчтың 2-минутында Лерой Заненің соққан голы осы ойды бекемдей түскен еді. 9-минутта эквадорлық шабуылшы Нильсон Ангуланың алыстан тепкен жойқын соққысын әйгілі қақпашы Мануэль Нойер қайтара алмады. Әлем чемпионатының плей-офф кезеңінде бақ сынау үшін жеңіс ауадай қажет екенін терең сезінген эквадорлықтар жанын салып ойнады. Қорғанысы тас қамал Германия қақпасына екінші голды 77-минутта Гонсало Плата соқты. Сөйтіп, 2006 жылдан бері мундиальдің топтық сайысынан қайтып жүрген команда айды аспаннан бір-ақ шығарды.
Бұл топтағы Кюрасао мен Кот-д’Ивуар құрамаларының тартысы Филадельфиядағы (АҚШ) «Линкольн Файненшел Филд» стадионында өтті. Шабуылшы Николя Пепенің 7,64-минуттарда соққан голының нәтижесінде Кот-д’Ивуар футболшылары маңызды үш ұпай олжалап, турнир кестесінде 2-сатыға орнығып, плей-офф кезеңіне өтті.
Мундиальдің 3-тур матчы «F» тобында да тартысты өтті. Канзас-Ситидегі (АҚШ) «Эрроухед» стадионында Тунис құрамасы Нидерланд футболшыларына 1:3 есебімен есе жіберді. Матчтың 3-минутында Тунис құрамасының капитаны Эллиес Скири өз қақпасына автогол соғып алды. 7-минутта нидерландық шабуылшы Брайан Робби есепті еселей түсті. Тунис құрамасының шабуылшысы Хазем Мастури 54-минутта гол соғып, есеп айырмасын қысқартқанымен, 62-минутта Ян Паул ван Хекке үшінші голды соқты. Осы топтағы Жапония мен Швеция құрамаларының тартысы тең аяқталды (1:1). АҚШ-тың Арлингтон қаласындағы «Эй-Ти-энд-Ти» стадионында өткен ойында голды алдымен жапон футболшылары соқты. Дайдзэн Маэда 56-минутта еншісіне гол жазса, Швеция құрамасының шабуылшысы Энтони Эланга 62-минутта таразы басын теңестіріп, плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігін сыйлады. Нидерланд құрамасы топ бастаса, Жапония футболшылары 2-орынмен плей-офф кезеңіне өтті. 3-сатыға жайғасқан шведтер де мундиальді жалғастырады.
Әлем біріншілігіне ширек ғасырдан кейін ғана оралған Түркия құрамасы («D» тобы) 3-турда АҚШ құрамасын ұтты. Инглвуд (АҚШ) қаласындағы «Соу-Фай» стадионындағы тартыс 3:2 есебімен түріктердің пайдасына шешілді. Матчтың 3-минутында Остон Трасти есеп ашты. 11-минутта Түркия футболының жарық жұлдызы Арда Гүлер таразы басын теңестірді. 31-минутта Барыш Алпер Йылмаз әлем чемпионатындағы алғашқы голын соғып, Түркия құрамасы алға озды. 49-минутта АҚШ құрамасының жартылай қорғаушысы Себастьян Берхалтер есепті теңестірді. 90+8-минутта Кан Айхан жеңіс голын соқты. «D» тобының АҚШ-тың Санта-Клара қаласындағы «Левайс» стадионында өткен Парагвай мен Аустралия матчында есеп ашылған жоқ. Бұл топтан плей-офф кезеңіне АҚШ, Аустралия, Парагвай құрамалары өтті.
