Спорт
2 мин оқу 20

Жарыс күнделігі

<p style="text-align: left;">Қытайдың Циндао қаласында дзюдодан Гран-при додасы басталды. Сайыстың алғашқы күнінде татамиге шыққан Париж жазғы Олимпия ойындарының чемпионы, әлем біріншілігінің жеңімпазы Елдос Сметов ширек финалда сүрінді.</p>

Жарыс күнделігі
  • Алды­мен қытайлық балуанды жеңген ол екінші айналымда әзербайжан балуанын да ығыстырды. Бірақ жартылай финал­ға шығар жолда француз балуаны Энцо Джинге есе жіберді. Қола жүлде үшін өткізген жұбаныш белдесуінде өзбек­стандық Самариддин Қошқаровты жең­генімен, ресейлік Аюб Блиевке есе жіберді. Осылайша, екі жылдық үзілістен кейінгі додасында жеңіліс тапты. 66 кг салмақта сынға түскен Ғұсман Қырғызбаев сенімді ақтады. Ол финалға дейінгі барлық қарсыласын айқын ұтты. Гран-при сериясының алтын меда­ліне тартыста екі дүркін Олимпиада чем­пионы, төрт дүркін әлем чемпионы жапон Хифуми Абэмен белдесті. Додаға бабында келген Абэ әбжілдігін танытып, юко ұпайы­мен жеңіске жетті. Ғұсман халық­аралық доданың күміс медалін місе тұтты. Өкінішке қарай, алғашқы күні Талғат Орынбасар (60 кг), Әбиба Әбужақынова (48 кг) және Бақыт Құсақбаева (57 кг)  жүлдеге іліне алмады.
  • Бүгін футболдан Премьер-лиганың кезекті туры өтеді. Көкшетаулық «Оқжет­пес» клу­бы өз алаңында былтырғы ел чем­­пионы алматылық «Қайрат» клубын қабыл­дайды. Әзірге «Қайрат» клубы 33 ұпаймен турнир кестесінде 2-сатыда тұр. Ал талдықорғандық «Жетісу» клубы «Ақтөбеге» қарсы ойнай­ды. Семейдің «Елімай» клубы петропавл­дық «Қызылжарға» қарсы, Ақтаудың «Каспий» клубы «Атырау» командасымен сынға түседі.
  • Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында маунтинбайктан өтіп жатқан Азия чемпионатында отандасымыз Юлия Ли екінші медалін еншіледі. Жастар арасындағы құрлық додасында Юлияға қола медаль бұйырды. Азия чемпионы атағы қытайлық Ван Тинге бұйырса, оның жерлесі Гун Син күміспен күптелді. Юлия бұған дейін де XCC дисциплинасында қола медаль еншілеген еді.
  • Оқ ату спортынан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты Германия­ның Зуль қаласында өтті. Отандастарымыз байрақты додада сенімді ақтады. Асылым Жақия 25 метр қашықтықтан шағын калибрлі тапаншамен оқу атуда алтын медаль еншіледі. Жаһан додасының күміс, қола медалін үндістандық Длип Бхарне мен оның отандасы Рия Дугтал олжалады. Осы әлем чемпионатынан командалық трап тартысында қыздар құрамасы жеңіске жеткен болатын. Ерлер арасындағы жекелей сында Ринат Казаченко күміс медаль иегері атанды. 
Бөлісу: