Жалғыз құбырға телмірген қос ауыл
<p style="text-align: left;">Ақсуға қарасты Достық ауылында төрт жыл бұрын 600 млн теңгеге жуық қаражатқа салынған ауызсу жүйесі үлкен кемшілікпен жүргізілгені анықталып отыр. Шын мәнінде су тартқыш станса орналасқан жерден ауызсу шықпай қалған. Амалы құрыған билік өкілдері үш шақырым жердегі Береке ауылының резервтік жүйесінен құбыр тартып, қос елді мекеннің су жүйесін жалғыз скважинаға тәуелді етіп қойған.</p>

Қазіргі уақытта Достық ауылына кіреберіс автожолдың қос қапталы лықыған су, ми батпақ. Бұған су жүйесінің дұрыс ойластырмай салынғаны себеп. «Артық қыламыз деп, тыртық қылған» жоба иелері ауыл маңындағы экологиялық жүйеге орасан зор зиян келтіріп жатқаны байқалады.
Бұл мәселені бізге алғашқы болып жеткізген облыстық мәслихат депутаты Маханбет Амангелдіұлының айтуынша, 4 жыл бұрын 686 млн теңгеге жүргізілген су жүйесі алғашқы күннен толыққанды жұмыс істемеген. Негізгі мәселе – Достық ауылында салынған су стансасына су жетпеген. Салдарынан көрші Береке ауылындағы резервтік құбырдан желі тартылып, мұндағы стансаға уақытша қосуға мәжбүр болады. Алайда бүгінгі күнге дейін бұл мәселе толық шешімін таппай, ауыл Берекенің резервтік құбырына жалғанып тұр.
«Орталықтандырылған ауызсу жиі жоғалып кетеді. Жаз мезгілінде, көпшілік бау-бақшаларын суара бастағанда қысым күрт төмендеп, тіршілік нәрі жетіспей қалады. Бұл – кейінгі төрт жыл бойы жалғасып келе жатқан келеңсіз жайт», дейді ауыл тұрғыны Болатхан Аманжол.
Мұндай мәселе Береке ауылында да қалыптасқан. Жергілікті тұрғын Серікжан Сайлауұлы 2022 жылы резервтік құбыр өзге көрші ауылға жалғанғалы ауызсудан береке кетіп тұр дейді.
Жалпы, бұл жоба әу бастан-ақ шикі болғаны байқалады. Жер жағдайы дұрыс зерттелмеген, судың бұл жерде жоқ екеніне назар аударылмаған. Жобада тіпті су жинайтын мұнара да қарастырылмаған. Салдарынан Береке ауылынан су тартатын сорғы 24 сағат бойы үздіксіз жұмыс істейді. Берекеге су Сәтбаев атындағы канал жанынан қазылған скважинадан келіп тұр. Ондағы су стансасына екі құбыр енеді, оның бірі – резервтік құбыр. Дәл сол резервтік құбырды ақсулық шенеуніктер Достыққа бұрып жіберген. Яғни егер екі ауылдың біріндегі орталық құбырда апаттық жағдай бола қалса, ауызсу беру тоқтап қалады. Резервтік құбыр деген атымен жоқ. Ал кез келген жобада резервтік желі міндетті түрде қарастырылуға тиіс.
«Екінші мәселе, ауыл адамдары тәулік бойы ауызсу тұтынбайды. Алайда су үздіксіз келіп тұр. Сорғыда айналым жүйесі немесе су жинайтын мұнара қарастырылмағаны себепті, келіп жатқан артық суды далаға айдап, құр босқа төгіп жатыр. Күн сайын тонналаған литр су құр босқа жерге төгіледі. Ол ауыл айналасына жайылып, ми батпаққа айналып үлгерген. Батпақты жерлер балалар мен үй жануарлары үшін қауіпке айналғалы қашан. Ақсу қаласының басшылығы мен ауыл әкімдігі бұл мәселені әлі күнге шеше алмай отырғаны таңғалдырады. Тіпті төгіліп жатқан суға кеткен шығынды қалай өтейтіні де беймәлім», дейді депутат Маханбет Амангелдіұлы.
Басында халықты уақытша шара деп алдарқатқан билік өкілдері уақыт өте бұл мәселені жылы жауып қоя салған сынды. Су жоқ жерден сорғы стансасын салған мердігерге қазынаның қыруар ақшасын төлеп, сайып келгенде үлкен мәселе тудырып қойған атқамінерлер жазасыз қалмауы керек дейді тұрғындар. Айтуларынша, бұл жерде үлкен заңбұзушылық бар. Ол тұста қала басшысы Нұрлан Дүйсенбинов болған. Станса соның нұсқауымен жылдам қабылданып, комиссия барлық кемшілікке көз жұма қарауы да мүмкін деп есептейді. Ауыл маңайынан суы мол скважина қазамыз деген уәде сол күйінде қала берген.
Тағы бір кемшілік, екі ауылдың су жүйесі ортақ су есептегіш пен ортақ электр желісіне жалғанған. Талапқа сәйкес жобада олар бөлек-бөлек болуы керек еді. Бұл кемшілікті де кезінде арнайы комиссия қалай байқамағаны таңғалдырады. Одан соң ауызсу тарифінің қалай түзіліп отырғаны да белгісіз.
Мәселені зерделей келе мынадай бір қызық жайтқа кезіктік. «Адал» фермерлік шаруа қожалығы бұдан біраз жыл бұрын жақын жердегі канал маңынан тартылған су құбырын сатып алып, жөнге келтіріп, ауылды ұзақ уақыт ауызсумен қамтамасыз етіп тұрған. Кейбір жылдары қожалық ауызсуды тіпті тегін де беріп келген. Алайда уақыт өте келе құбырлар ескіріп, оны жөндеу қажет болады. Шаруашылық басшысы Ардақ Нұрғазин депутаттар мен билік өкілдеріне аз қаражатқа құбыр мен жергілікті ескі стансаны жөндеп, өзіне сенімгерлік басқаруға беруді ұсынады. Бастапқыда оның ұсыныстарын құптаған шенеуніктер арада біраз уақыт өткенде шешімдерін күрт өзгертіп, су жүйесін жаңадан салуды ұйғарады. Сөйтіп, шұғыл түрде бюджеттен қыруар қаражат бөлгізіп, жауапты органдарға шикі жобаны қабылдатып жіберген.
«Каналдан келіп тұрған су ішуге толық жарамды еді. Ауыл тұрғындары оны ұзақ жыл тұтынып келді, сапасына қатысты шағым болған емес. Жаңадан су жүйесі салынып жатқанда станса орналасатын жерде су жоқ екенін, бұл аумақты бұрын инженерлер барлағанын мердігерге ескерттім. Мердігер «Ай-Су Мелиорация» ЖШС өкілдері сөзіме пысқырып та қарамады. Жоба әзірленіп жатқанда Болат Бақауов облыс басшысы болып тұрды. Ол «Ай-Су Мелиорация» ЖШС акционерлерінің бірі екенін көбі біле бермейтін. Бұл жерде көздегендері қазынадан бөлінген мол қаражатты жігін білдірмей тез арада «игеріп тастау» болуы да ықтимал. Жаңа сорғы қосылғанда сол тұстағы қала басшысының орынбасары Марат Зеңовтен «Канал суын тоқтата берейін бе?» деп сұрадым. Ол: «Ойбай, Әбеке, құбырды жаба көрмеңіз, мына жерден су шықпай қалды. Әзірше суды сізден ала тұрамыз», деп өтінді. Содан мемлекеттің қыруар қаржысына тұрғызылған жаңа стансаға бір жылға жуық уақыт тегін түрде су айдап тұрдым. Оған тұрғындар куә. Кейін билік өкілдерінің айтуымен тоқтаттым», дейді кәсіпкер Ардақ Нұрғазин.
Қазіргі уақытта «Адал» фермерлік қожалығына қарасты 7 шақырымдық канал құбыры әбден тозып, пайдаланусыз тұр. Оны жөндеп, қаншама суармалы жерлерді іске қосуға болар еді. Алайда Ақсу қаласының басшылары шаруашылыққа жыл сайын жер бөлеміз деп уәде етумен келеді. Салдарынан кәсіпкер сатып алған инфрақұрылым далада босқа шіріп жатыр. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» деген тәмсіл мемлекет ісін атқарып отырған осындай атқамінерлердің немқұрайдылығына қатысты айтылған болар.
Маханбет Амангелдіұлы Достықтағы су құбырының мәселесі жөнінде облыстық прокуратураға депутаттық сауал жолдағанын мәлім етті. Пайдаланылмаған ауызсудың сұраусыз далаға ағып, ысырап болып жатқанына, мемлекет қаражатына салынып, бүгінде өзге ауылдың жүйесіне телміріп қалғанына сол тұста жобаны қабылдап алған лауазымды тұлғалар жауап беруі керек деп есептейді. Жоғарыда айтқандай, тарифтің де қандай негізде түзіліп отырғаны беймәлім. Сорғы күні-түні айдалаға айдап жатқан судың шығыны кімнің есебінен жабылып отырғаны тағы белгісіз.
Мәселенің ізімен тапсырыс беруші – Ақсу қаласының құрылыс бөліміне хабарластық. Әкімдіктің жазбаша жауабында Береке, Достық ауылдарындағы ауызсу жүйесі Достық ауылдық округінің теңгерімінде тұрғаны айтылады.
«Достық ауылындағы су құбырын реконструкциялау жобасы 2019 жылы әзірленді. Жобалаушы ұйым – «Құрылыс Экс Жоба». Жоба аясында Достық ауылының сумен жабдықтау желілерін реконструкциялау, сондай-ақ І, ІІ көтерілімдегі сорғы стансаларын (ұңғыма, көлемі 100 м³ резервуар, КТП) орнату қарастырылды. 2021 жылы қаңтар айында конкурстық рәсімдер өткізіліп, мердігер ұйым ретінде «Ай-Су Мелиорация» анықталды. 2021 жылғы ақпан айында «Ай-Су Мелиорация» ЖШС-мен 574 380 311,9 теңге сомасына мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалды. Техникалық қадағалауды «Бестау-С» ЖШС жүзеге асырды. Шарт сомасы – 17 576 037,25 теңге. Авторлық қадағалауды «ИНВЕСТ-ПВ» ЖШС жүзеге асырды. Шарт сомасы – 6 382 003,0 теңге. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2021 жылғы мамыр айында басталып, 2022 жылғы қараша айында аяқталды. Нысанды пайдалануға қабылдау актісі 2022 жылғы 14 қарашада рәсімделді», деп жазылған ресми жауапта. Қабылдау актісіне жоғарыда аты аталған компаниялар мен Ақсу қаласының құрылыс бөлімінің өкілдері қол қойған.
Құрылыс бөліміндегілер Достық ауылы суды Береке ауылынан тікелей алмайды, бұл екі елді мекеннің әрқайсысының өз су жүйесі бар деп мәлімдеп отыр. «Яғни әр ауылда жеке су сорғы стансасы жұмыс істейді, су сол жердің жергілікті су көздерінен немесе ортақ су инфрақұрылымы арқылы беріледі. Сондықтан бір ауыл екіншісінен тікелей су тасымалдамайды. Достық ауылы тұрғындары үшін ауызсу тарифі 350,34 теңгені құрап отыр. Достық ауылында 159 аула (505 адам), Береке ауылында 347 аула (1409 адам) бар. Ауылға судың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету үшін І, ІІ көтерілімдегі сорғы стансалары тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. Бұл жүйеде су мұнарасы қарастырылмағандықтан, су қысымын, қажетті көлемді тұрақты ұстап тұру тікелей сорғы жұмысы арқылы жүзеге асырылады. Қондырғылар 24 сағат бойы тоқтаусыз жұмыс істейді», деп атап көрсеткен бөлім өкілдері.
Сондай-ақ жауапта айдалаға айдалып жатқан суға жұмсалатын электр қуаты жөніндегі шығындарды төлеу теңгерім ұстаушы ұйыммен немесе қызмет көрсетуші (пайдаланушы) ұйыммен шарт талаптарына сәйкес жүзеге асырылатыны көрсетілген. Су топыраққа сіңіп, жерге жұтылып жатқаны қоршаған ортаға немесе ауылға ешқандай экологиялық қауіп төндірмейді деп сендіргісі келеді әкімдік өкілдері. Дегенмен, су қысымының төмендеуі негізінен жаз мезгілінде, жеке аулалардағы бау-бақшаларды қарқынды суару кезінде уақытша байқалып қалатынын жасырмайды. Мәселені шешу мақсатында тиісті жұмыс жүргізіліп жатқан көрінеді. Атап айтқанда, қысым датчигі, яғни реттегіш орнатылған. Алайда жауапта екі ауылдың ортасына салынған құбыр қалай, қандай қаражатқа салынғаны айтылмапты.
Павлодар облысы,
Ақсу қаласы,
Достық ауылдық округі
