Тәлім темірқазығы
<p style="text-align: left;">Адам өмірінде тағдырдың өзі жолық­тыратын жандар болады. Олар сенің өміріңді өзгертуге тырыспайды. Бірақ өзінің болмысымен, азаматтық ұс­та­­нымымен, адами парасатымен жү­регіңе сәуле түсіреді. Уақыт өткен сайын ондай жанның әр сөзі өмірлік қағидаға, әрбір ісі ұстанымға айналады. Мен үшін сондай жанның есімі – Мұхамбедия Ахметов.</p>

Ұлағатты жанды бір ғана кәсіптің немесе бір ғана атақтың аясына сыйғызу мүмкін емес. Ол – медицина ғылымдарының докторы, профессор, мыңдаған жүрекке шипа сыйлаған жоғары санатты кардиохирург. Бұдан бөлек суырыпсалма ақын, бірнеше медициналық сөздік пен поэзиялық кітаптың авторы, ағылшын, орыс, түрік тілдерінен тәржіма жасаған аудармашы. Бірақ осының бәрінен де биік бір болмысы бар. Мұхамбедия Ахметов – ұлттың тамырын ұстай білген азамат.
Иә, жүрекке ота жасау – дәрігердің кәсібі болса, халықтың жүрегіндегі намысты ояту – азаматтың парызы. Мұхамбедия Ахметов осы екі міндетті де қатар арқалады. Соның жарқын бір мысалы, Тәуелсіздік таңы әлі толық атпаған жылдары Павлодар өңірінде қазақ тілінің жағдайы көңіл көншітпейтін. Көшелердің атауы жат тілде, қазақ мектептері мен балабақшалары тым аз, мемлекеттік тіл қоғамдық кеңістікте өгейдің күйін кешіп тұрған шақ еді. Көпшілік үнсіз қалғанда, Мұқаң үн қатты. Қазақы атаулардың қайта оралуына, ана тілі абыройының артуына, ұлттық рухтың жаңғыруына аянбай атсалысты. Ол үшін бұл қызмет емес, ұлт алдындағы перзенттік борыш болатын. Сол тұста Павлодарда көмескілене бастаған айтыс өнерін қайта тірілтуге де бар күшін салды. Сондықтан бүгін «Павлодар руханиятының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлға кім?» деген сауал қойылса, мен еш кідірместен Мұхамбедия Ахметовтің есімін атар едім.
Мен оны алғаш айтысқа келген күннен ұстаз санадым. Бұл – 80-жылдардың соңы еді. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мерейтойына арналған облыстық айтыс өтетін болды. Кеңестік идеологияның қылышынан қан тамып тұрған кез. Ақындарды жарыс басталардан бұрын жинап алып: – Партияны сынамаңдар. Ұлттық мәселені қозғамаңдар. Артық сөз айтпаңдар, – деп қайта-қайта ескертіп жатты. Жас ақын болған соң біз де үнсіз тыңдап отырмыз. Сол кезде ортаға қара көзілдірік киген, жасы қырықтар шамасындағы бір азамат көтерілді.
– Жолдас басшылар! Сіздер қызықсыздар. Ақындарға «Ананы айтпаңдар, мына мәселені қозғамаңдар, партияны сынамаңдар» деп, әлден тыйым саласыздар. Айналасында, күнделікті қоғамда болып жатқан жақсылы-жаманды көріп жүрген ақын өз көзімен көргенін айтпағанда, біреуден естігенін айтпақ па? Сол үшін ақындарға елдің мұңы мен зарын, замананың бет-бедерін айтсын деп қылыштай өткір тіл берген жоқ па? Павлодар көшелерін аралап көрсеңіздер, «жарымжан жазулардан» аяқ алып жүргісіз. Көшелердің атауының 90 пайызы орыс тілінде аталып жазылған. Тіл мәселесі әлі күнге дейін көктемей жатқаны анау. Қаламызда қазақ мектептері мен балабақшалары жоқтың қасы. Ақындар осы секілді өзекті мәселелерді айтпағанда, үйдегі ішіп-жегендерін айта ма? – деді сөздерін шеге қаққандай нық-нық сөйлеп.
Осы кезде әр жерден қолдау көрсетіп:
– Мұқаң дұрыс айтады.
– Ақындардың аузына қақпақ болғанды қою керек.
– Сұлтанмахмұттай жарқ етіп өшкен жасынның айтысында айтпағанда, қайда айтады ол ақиқатты? – деп наразылық білдіре бастады сол жердегілер.
Ұзын сөздің қысқасы, әлгі жерде біраз дау болып, сол күні әсіресе мен секілді облыстық айтысқа алғаш қадам басқан жас ақындар Мұхамбедия Ахметов деген өрелі де, өткір азаматтың батылдығы мен табандылығының арқасында тұңғыш рет демократияның тұщы дәмін таттық.
Ұстаздың шынайы тәрбиесі дәріс оқумен өлшенбейді. Мұқаң ешқашан маған: «Сен – менің шәкіртімсің» деген емес. Бірақ өмірдегі ең маңызды сабақтарды дәл сол кісіден алдым. Мұқаңның көп ақылдарының бірі: «Тегінде адам баласы жасы 35-40-қа жеткенше абырой үшін жатпай-тұрмай жұмыс істеуі керек. Ол үшін шаршап-шалдығып, ұйқысы қанбауы, қарыны ашып, өзегі талуы да мүмкін. Жолында небір кедергілер мен қиянаттар, тіпті әдейі ұйымдастырылатын қастандықтардың да болуы мүмкін. Алайда мұның барлығы да уақытша қиындықтар. Осы кедергілер мен қиындықтардың бәріне жасып-мойымай, уайымдап-таусылмай, сабыр сақтап төзе білген адам, алдына қойған мақсатқа да, көздеген абыройға да қол жеткізе алады. Осылайша, қасықтап, тірнектеп жүріп жиған абырой біріншіден, бағалы болады. Екіншіден, кейін өзің үшін де, қала берді бала-шағаң, үрім-бұтағың үшін де адал қызмет ететін болады» деп келетін.
Ол кезде мен жалын атқан, алды-артыңды ойлауға мұрша бермейтін әйгілі 25-те болатынмын. Қазір азды-көпті болса да қырықтың жетеуіне таяп қалдық. Енді бір ұмсынсақ, «ердің жасы» дейтін елуіңнің де ауылы алыс емес секілді. Ал Мұқан ағамның сол кездегі айтқан қамқор сөздеріне күн өткен сайын көзім жеткен үстіне жете түсті. Ұстазымның осы бір ақыл-кеңесін соңымнан ерген іні-қарындастарыма мен де ғибрат етіп айтып жүремін.
Жалпы, Мұқан ағам өте сауатты, сөйте тұра мазасыз, тынымсыз, үнемі ізденісте жүретін адам ғой. Орысша-қазақша шешіліп сөйлегенде «менмін» деген не бір шешеннің тілін буып, байлап тастағанына қанша мәрте куә болғаным бар. Ол кісінің бойындағы тағы бір қасиет – сарқылмас ізденіс. Мамандығы – дәрігер. Бірақ әдебиеттен, тарихтан, тілден, діннен, саясаттан әңгіме қозғасаңыз, кез келген ғалыммен терезесі тең пікір таластыра алады. Әсіресе қазақ тіліне қатысты мәселеде ешқашан бейжай болған емес.
Айтысқа шығар алдында мен міндетті түрде Мұқаңа хабарласатынмын. Бір тарихи дерек керек болса да, ұлттық мәселе төңірегіндегі пікір қажет болса да, ол ешқашан «қолым бос емес» деп қайтарған емес. Қай уақытта телефон шалсам да, сұрағанымды егжей-тегжей түсіндіріп беретін. Осындай қамқорлықты көрген адам ұстазын қалай құрметтемесін?
Өмірдің қуанышы мен қайғысы қатар жүреді. Гүлжәмила жеңгем екеуі тәрбиелі де білімді төрт қыз өсірді. Бірақ жалғыз ұлы Қандауырдың мезгілсіз қазасы олардың жүрегіне жазылмас жара салды. Қандай қайғыны бастан өткерсе де, Мұқаң еңсесін түсірген емес. Өмірге деген сенімін де, елге деген қызметін де тоқтатпады. Міне, нағыз қайсарлық деген осы шығар.
Қазір Мұхамбедия Ахметов сексеннің сеңгіріне көтерілді. Уақыт оның шашына ақ түсіргенімен, жүрегіндегі елге деген махаббаттың жалынын өшіре алған жоқ. Мен үшін ол ақыл сұрайтын аға ғана емес, адастырмас Темірқазық. Өнердегі ғана емес, өмірдегі ұстаз. Ұстаздың ұлылығы – соңынан ерген шәкіртінің жүрегінде өмір бойы сақталуында. Менің жүрегімде Мұхамбедия Ахметов дәл сондай биікте тұр.
Серік ҚҰСАНБАЕВ,
айтыскер ақын
