Бейімбет Таңарықов: Өнердегі бойтұмарым – Біржан сал
<p style="text-align: left;">Көрермен қауым «Астана Опера» театрының солисі, белгілі тенор Бейімбет Таңарықовты ұлттық опера кейіпкерлерін қазақы болмысқа сай табиғи нақышпен сомдайтын өнерпаз ретінде жақсы таниды. Өнер иесінің орындауындағы Біржан, Шеге, Әзім сынды бейнелер ұлттық опера өнерінің биік үлгілеріне айналып келеді. Әншінің үні әлемнің талай беделді сахналарында шырқалып, шетелдік музыка сыншыларының жоғары бағасына ие болды. Өнердегі ізденісі мен шығармашылық жолы, ұлттық операға деген көзқарасы мен бүгінгі мақсаты жайында белгілі тенормен сұхбаттасқан едік.</p>

– Бейімбет Тәйкенұлы, сіз әнге бала кезіңізден әуес болған екенсіз, осы қабілетіңізді ең алғаш байқаған кім?
– Мен туып-өскен Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданына қарасты Боран ауылында ән үйірмесі бар еді. Мектепте оқып жүргенде осы үйірмеге қатысып, білім ордасында өтетін кез келген іс-шара, концерттерден қалмайтынбыз. Бұл сонау 90-жылдар еді. Ұстазымыз – баяншы Жұмай ағаның ұйымдастыруымен мектептің ғана емес, ауылдық мәдениет үйінің де сахнасына шығатынбыз. Сол шақтарда өнердің құдіретін сезіне бастаған шығармын. Бірақ ең үлкен мектеп – өз отбасым болды. Әкем де, анам да ән айтатын. Үйге қонақ келсе, балалардың бәрі домбыра ұстап, өнер көрсететінбіз. Қазақы ортада өскен бала үшін бұл қалыпты жағдай еді. Сол орта бойымызға өнерге деген құрмет пен сүйіспеншілікті сіңірді. Бала күнімнен радиодан Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Ришат пен Мүсілім Абдуллиндердің әнін тыңдап өстім. Кейін ойласам, опера өнеріне деген алғашқы қызығушылығым сол алып тұлғалардың шығармашылығы арқылы қалыптасқан екен. Өнер жолына бірден келе қойған жоқпын. Мектептен кейін әскер қатарына барып, кейін біраз уақыт ауылда еңбек еттім. Тек 1999 жылы ғана Өскемендегі ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер училищесіне түсіп, кәсіби білім ала бастадым. Ал Астанаға келген соң тағдырымды түбегейлі өзгерткен ұстазым – Қанат Омарбаевпен жолықтым.
– Иә, ұстазыңыз Қанат Омарбаев сізді ең дарынды шәкірттерінің бірі деп атаған екен. Бұлай ерекше жақын көруінің себебі неде?
– Оныңыз рас. Мені академияға оқуға түсірген, опера әлемінің есігін ашқан адам – Қанат Нұрмұхамедұлы. Өскеменде оқып жүргенде колледжімізге Астанадан бір топ оқытушы келіп, «Елордада музыкалық академия ашылып жатыр, сіздерді сол жақта күтеміз» деп үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген еді. Сол ұстаздардың қатарында Қанат Омарбаев та болды. Ол кісі менің дауысымды тыңдады да: «Астанаға келгенде маған хабарлас» деді. Ілеуде біреуге ғана берілетін мұндай тамаша мүмкіндікті әлбетте мен де қалт жіберген жоқпын. Сөйтіп, арман қуып Астанаға келдім. Пойыздан түскен бойда Қанат ағаға телефон шалып: «Аға, мен келдім» деп едім, көлігімен өзі алып кетті де, жатақханаға орналастырды, сосын: «Ешқандай емтихансыз қыркүйекте менің класыма келесің», – деді. Ол кісінің осынау ағалық қамқорлығын ешқашан ұмытпаймын, ұстазыма әлі күнге дейін алғысымды айтамын. Қанат Нұрмұхамедұлы өзінің барлық тәжірибесін шәкірттерінің бойына сіңірді, тәлім-тәрбие берумен қатар әр оқушының қабілетін аша білді. Қанат ағадан білім алған, бүгінде өнер әлемінде есімі кеңінен танылып жүрген талантты вокалистер көп. Атап айтсам, «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Қапонова, Талғат Ғалеев, Мерей Қадырхан және тағы басқалары бүгінде біздің «Астана Опера» театрында абыроймен еңбек етуде. Қанат Омарбаев – тенор дауысты әнші, ал мен оның тенор дауысты алғашқы шәкірті болдым. Бәлкім, сол себептен де мені басқаларынан ерекше көрген шығар деп ойлаймын. Ұстазымның орындаған барлық партиясын, соның ішінде Біржан, Әзім, Шеге, Понг, Гастон сынды көптеген кесек бейнелерді сахнада сомдап келемін. «Астана Опера» репертуарындағы барлық опералық спектакльге қатысамын десем, артық айтпаған болар едім.
– Опера әншісі ретінде кәсіби жолыңызды К.Байсейітова атындағы опера және балет театрында бастаған екенсіз. Үлкен сахнаға алғаш шыққан сәтіңіз туралы айтып беріңізші.
– Бұл 2005 жыл болатын, ол кезде мен әлі студентпін. Қанат аға қолымнан жетектеп жүріп Шегенің партиясын жаттатқан еді. Сөйтіп, ұстазымның қолдауымен 3-курс оқып жүргенде К.Байсейітова атындағы опера және балет театрының сахнасында Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» ұлттық операсында Шегенің партиясын орындадым. Мені алғаш рет қалың көрерменге танытқан рөл осы болды. Мұнда опера труппасының негізін қалаған көптеген сахна шеберіне қарап өстік, тәжірибе жинақтадық. Бұл театрда еңбек еткен жеті жыл ішінде өз репертуарым қалыптасты. Опера саңлақтарының ақыл-кеңесімен еңбек жолымды кішігірім партиялардан бастап, 2010 жылы алғаш рет М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсында Біржанның басты партиясын шырқадым. Менің орындаған алғашқы маңызды рөлім осы болды. Сол кезде Сара бейнесін кейіптеген әріптесім Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова маған кейіпкерімді ашуға зор қолдау көрсеткен еді. Ал 2013 жылы Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстаннан және басқа да шетелдерден келген жиырмадан астам тенордың арасында іріктеуден өтіп, еліміздің бас театры «Астана Операның» опера труппасына қабылдануым өмірімдегі ең маңызды кезеңдердің бірі болды. «Астана Операның» әртісі атану – сол кездегі әрбір солистің арманы еді. Театр осымен XIII маусым бойы өз көрерменіне әлемдік деңгейдегі спектакльдерді ұсынып келеді. «Астана Опера» сахнасында ұлттық операларымыз, оның ішінде «Біржан – Сара», «Қыз Жібек» жаңартылып қойылды. Айтулы партиялар жадымызда бұрыннан жатталып қалғандықтан, спектакльдерге бірден оңай кірісіп кеттік. Сондай-ақ М.Әуезовтің либреттосына жазылған А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» спектаклі жаңаша ұсынылды. Қоюшы режиссер Джанкарло дель Монаконың ұйғарымы бойынша бұл операдағы Әзімді басқа қырынан қарадық, партияның сөзіне тереңірек мән бердік. Біржанның бейнесін жеткізуде де вокалдық-техникалық бөлігі бірінші кезекте болғанымен, мимикамен жұмыс істеу, сөзге назар аудару маңызды болды. «Астана Операда» репертуарым Дж.Пуччинидің «Тоскасындағы» Сполеттаның, Дж.Вердидің «Аидасындағы» Хабаршының бейнелерімен және басқа да рөлдермен толықты. Әр партияның өз кереметі әрі қиындығы болады, соны әр айтқан сайын жетілдіріп, сахнаға жарқыратып алып шығуға тырсып келемін. Әсіресе «Абай» операсындағы Әзім бейнесін сомдау кезінде сөздің салмағын, драмалық астарын тереңірек түсінуге тырыстық. Операда дауыс қаншалықты маңызды болса, кейіпкердің ішкі болмысын жеткізу де соншалықты маңызды.
– Ұлттық операларды орындағанда қандай жауапкершілік сезінесіз?
– Рас, ұлттық операны орындағанда жауапкершілік екі есе артады. Өйткені көрермен әр сөзді түсінеді, әр сөйлемнің мәніне үңіледі. Қазақ тілінің әрбір дыбысы анық естілуі керек. Әр сөз тыңдарманның жүрегіне жеткенде ғана кейіпкер өмір сүре бастайды. Сондықтан вокалдық техникамен қатар мәтіннің мазмұнын жеткізуге ерекше көңіл бөлемін. Жиырма жылдан астам уақыт сахнада жүрсем де, қолымнан домбыра түскен емес. Біржанды да, Шегені де, Әзімді де қазақы табиғатымен көрсетуге тырысамын. Өйткені ұлттық операның рухы халқымыздың төл өнерімен тығыз байланысты.
– Шынымен де Біржан сал бейнесі шығармашылық төлқұжатыңызға айналғандай...
– Иә, Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сарасы» – мен үшін ерекше шығарма. Ал өнердегі бойтұмарым – Біржан сал бейнесі десем, артық айтпағаным. Ұстаздарым кезінде: «Біржан сенің басты рөлің болады» деп айтатын. Уақыт өте келе сол кісілердің сөзінің рас екенін түсіндім. Бұл партияда әншілік шеберлік те, актерлік тереңдік те қатар қажет. Шетелдік гастрольдер кезінде осы операдан үзінділер орындағанда көрермендердің ерекше ықыласына бөленіп жатамыз. Олар қазақ музыкасының қуатына, ұлттық костюмдердің көркемдігіне, операларымыздың мазмұндық байлығына тәнті болады. Мұндай сәттерде өз өнерің арқылы қазақ мәдениетін таныстырып жүргеніңді сезінесің, бойыңды ғаламат бір мақтаныш сезімі кернейді.
– Отбасыңыз өнер жолындағы басты тірегіңіз шығар?
– Әрине. Өнер адамы үшін отбасының қолдауы өте маңызды. Жұбайым Сәуле Рахимова да музыкант болғандықтан, мамандығымның ерекшелігін жақсы түсінеді. Балаларымыз да музыкамен айналысады. Үлкен ұлым кларнетте, кішісі тромбонда ойнайды. Қызығы, спектакль жақындаған кезде үйде ерекше тыныштық орнайды. Барлығы менің дауысымды сақтап, дайындалуыма жағдай жасауға тырысады. Бұл – үлкен қолдау. Өйткені опера – сахнаға шығып ән айта салатын өнер емес. Әр спектакльдің алдында вокалдық қана емес, психологиялық дайындық та қажет. Сондықтан отбасымның жанашырлығы мен үшін баға жетпес байлық.
– Бүгінгі арманыңыз қандай?
– Қазір жас тенорларды тәрбиелеуге көбірек көңіл бөліп жүрмін. Әсіресе лирикалық-драмалық тенор дауысын қалыптастыру оңай емес. Сондықтан жинаған тәжірибемді кейінгі буынға бергім келеді. Опера әлеміне келген әр адам бұл өнерге жан-тәнімен қызмет етуі керек деп ойлаймын. Өнер табандылықты, үздіксіз ізденісті талап етеді. Сондықтан жастарға айтарым – еңбектенуден жалықпаңыздар. Нағыз жетістік тек маңдай термен келеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»