Қоғам
2 мин оқу 20

Инклюзивті театрдың игі жолы

<p style="text-align: left;">Түркістан облысында &laquo;Дара ұрпақ&raquo; инклюзивті театры былтыр ашылып, облыс әкімдігі қолдауымен ғимарат берілді. Театр бүгінде өңірдегі ерекше қажеттілігі бар балалар мен жастарды өнер арқылы әлеуметтендірудің тиімді алаңына айналып отыр.</p>

Инклюзивті театрдың игі жолы

Өңірдегі тұңғыш инклюзивті теа­тр әрі елімізде аралас диагнозы бар балалармен кәсіби деңгейде жұмыс істейтін бірегей ұжымдардың бірі – «Дара ұрпақта» бүгінде Даун синдромы, аутизм және РАС, церебралды сал ауруы, сөйлеу қабілеті бұзылған 100-ге жуық ерекше бала өнермен айналысады. Актерлік шеберлік, вокал, хореография, пара би бағыттарымен қатар, мұнда психологтер, нейропсихологтер, невропатологтер, дефектологтер, АВА-терапевтерден құралған кәсіби мамандар қызмет көрсетеді.

Күні кеше облыс әкімі Нұралхан Көше­ров Түркістан қаласындағы «Дара ұрпақ» инклюзивті театрына барып, ұжыммен және жас өнерпаздармен кездесті. Жылы әрі әсерлі жағдайда өткен жүздесуде театр­дың жас өнерпаздары өнерлерін көрсет­се, құрылтайшылары Ербол Көкенов пен Рухабза Қалдарбек балалардың атынан өңір басшылығына алғысын айтып, жетістіктерін көрсетті. Кездесу барысында облыс әкімі ерекше балаларға қолдау білдіріп, театр ұжы­мы­на заманауи музыкалық аппаратураны сыйға тартты. «Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы инклюзивті қоғамды қолдау, білім беруді жетілдіру бағытына үнемі назар аударып, мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар көрсетіліп келеді. Біз өздеріңіздей өнерлі балаларымызбен мақтанамыз», деген Нұралхан Көшеров әр баламен пікір алмасып, қадамдарына сәттілік тіледі.

Кездесу барысында театрдың алдағы жоспарлары да таныстырылды. Болашақта ұжым Түркістан облысының ауданда­рын­да гастрольдік сапарлар ұйымдастырып, Шымкент, Тараз, Қызылорда қалаларында өнер көрсетуді көздеп отыр. Сондай-ақ елі­міздегі ерекше балалардан құралған тұңғыш оркестрді құру жоспары бар.

Мамандар театр жұмысының алғашқы алты айындағы нәтижелер оның әлеуметтік маңызын айқын көрсеткенін айтады. Зерттеу қорытындысына сәйкес, бастапқы кезең­де балалардың басым бөлігі айналасымен қарым-қатынас жасаудан қашқақтаса, бүгінде олардың барлығы дерлік ұжымдық шығар­машылық жұмыстарға толық бейімделген. Эмоционалдық тұрақтылығы артып, сөйлеу дағдылары, қозғалыс үйлесімділігі мен әлеу­меттік қарым-қатынас деңгейі жақсарған. Сонымен қатар мамандардың мәлімдеуінше, ата-аналардың психологиялық жағдайына да оң әсер етіп, балаларының болашағына деген сенімін күшейткен.

Түркістан облысы 

Бөлісу:
Инклюзивті театрдың игі жолы · Egemen Qazaqstan