Еңбекпен өрілген өмір
<p style="text-align: left;">Қос палаталы Парламент тарих қойнауына кетіп бара жатқан кезең осы заң шығару органының ақпараттық қызметіне саналы ғұмырын арнаған әріптесіміздің жеке өміріндегі өзгеріспен тұспа-тұс келіп отыр. Сенат Аппаратында отыз жылдан астам еңбек еткен мемлекеттік қызмет ардагері, Баспасөз қызметінің бас консультанты Серік Қаражан зейнет жасына жетіп, құрметті демалысқа шықты.</p>

Парламенттің қызметі, депутаттардың жанкешті жұмысы, заң жобаларының қаралуы мен талқылануы, жан-жақты сараланудан кейін заңдар мен кодекстердің қабылдануы – бәрі де оның көз алдынан өтті. Сенат құрылғаннан бергі уақытта Баспасөз қызметі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы еліміздің жоғары өкілді заң шығару органы мен қоғам арасына байланыс орнатты. Мемлекеттің қалыптасуы мен нығаюына, қоғамдық және экономикалық қатынастарды реттеуге, өзге де салалардағы көптеген заңның маңызы туралы жедел ақпаратпен жұртшылықты хабардар етіп отырды.
– Менің Сенатқа келуімнің өзі қызық, – дейді ол бізбен әңгімесінде. – 1982–1984 жылдарда Ленинград, қазіргі Санкт-Петербор қаласында әскери борышымды өтедім. Саяси және жауынгерлік жаттығулардан үздік шықсаң, қалаға қыдыруға уақыт беріледі. Сондай үздік шыққан бір күні қаланы аралап, бірқатар тарихи жерді көруге мүмкіндік алғаным бар. Бірінші Петр ескерткіші тұрған алаңға барғанда жолшыбай кездескен бір апайдан бұл жердің қалай аталатынын сұрадым. Ол бұның Декабристер алаңы екенін, алайда бұрын Сенат алаңы деп аталғанын айтты. «Сенат алаңы болғанымен, біз өзіміз Сенаттың қайда екенін білмейміз», деді ол.
Кейіпкеріміз әскери борышын аман-есен атқарып, бір жылдан соң елге оралғанда Қызылқоға аудандық «Коммунизм туы» газетінде журналист болып еңбек жолын бастады. Редактор, ақын Жолдығали Бақытов ағасының қарамағында журналистік өмірге шыңдалды, редакцияның ыстық-суығынан өтіп, қаламы төселді. Келесі жылы әсем Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, студент атанды.
Одан кейінгі журналистік еңбек жолында «Алматы ақшамы» қалалық газетінде тілші, республика Жоғарғы Кеңесінің органы «Халық кеңесі» газетінде парламент шолушысы, Парламент бөлімінің меңгерушісі болып, қажырлы қызмет етеді.
– «Халық кеңесі» газеті сабырлы, салиқалы саясат ұстанды. Бас редактор Сарбас Ақтаев ағамыз газетке тәуелсіздік тұсындағы отаншылдықтың өршіл рухына дәлме-дәл келетін материалдарды таңдап жариялауға басымдық берді. Бұрын айтылмай келген батырлар мен ұлт-азаттық күрестің ардагерлері, Халық қаһармандары оқырманмен қауышты, халықпен қайта табысты. Газет тарихи ақтаңдақтарды қалпына келтіруге атсалысты, туған халқымыздың тарих қойнауында ұмыт қалып кеткен тау тұлғаларының атын айғақтады, – дейді кейіпкеріміз.
Жоғарғы Кеңес сессиялары мен тұрақты комиссиялардың отырыстары, депутаттардың орынды ұсыныстары мен оқшау ойлары да газет бетінде жарық көріп жатты. Республиканың түкпір-түкпірінен, шалғай аудандардағы тұрғындардан хаттар келеді. Астанадағы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің мақалалары бір төбе.
Дегенмен, қаржы тапшылығына байланысты газетке жабылу қаупі туды. Сондай көңілсіз күндердің бірінде Жоғарғы Кеңестің Баспасөз қызметінің жетекшісі, журналист, ақын Ербол Шаймерденов шақырып: «Серік, Жоғарғы Кеңестің Баспасөз қызметіне жұмысқа кел. Газеттің жағдайы белгілі. Мына жерде саған өсуге жол ашылады», дейді. Осылайша 1996 жылдың қаңтарында құжаттарын жинақтап, Жоғарғы Кеңестің ғимаратына жүрексіне кіргені әлі есінде. Мықтылар жүрген қызыл кілем – «кремлевка» төселген паркет дәлізбен жүріп өтеді. Ал, 23 қаңтарда Баспасөз қызметіне консультант болып қызметке алынады.
30 қаңтарда Парламент палаталарының бірлескен отырысы, сосын Сенаттың жалпы отырысы болады. Еліміздің жоғары заң шығару органы – қос палаталы тұңғыш кәсіби Парламентінің тарихы осыдан басталады. Сол кездегі Конституция бойынша Мәжілісте мақұлданған заңдарды Сенат қабылдап, Президентке қол қоюға жіберіледі. Сенаттың ерекшелігі осы еді. Мәжілісте мақұлданған заңдарды қабылдамай, кері қайтаруға хақы бар. Екі палатаның заң туралы және өзгерістер мен түзетулер туралы ұстанымдары үйлесім таппай жатса, келісу комиссиясы құрылып, заң және оның әрбір бабы бойынша жұмыс істейді. Заң Президент қол қойғаннан кейін күшіне енеді. Баспасөз қызметі осы ерекшеліктерді жұртшылыққа жеткізіп, заңдар туралы, олардың маңызы мен мәні туралы хабардар етеді.
Сенаттың алғашқы төрағасы Өмірбек Байгелді мақаласында «Сенат – сапалы заңдар сүзгісі болады», деген болатын. Сенат депутаттары мен оның басшылығы мемлекетіміздің құқықтық іргетасын нығайту мен заң негізін қалыптастыру жолында аянбай еңбек етті. С.Қаражан тұғырлы тұлғалармен бір шаңырақ астында еңбек етіп, ел үшін маңызды шешімдер қабылданған сәттердің куәсі болғанын мақтан тұтады. Сенат Аппаратында еңбек еткен жылдары мемлекеттік тілдің еліміздің ең жоғарғы заң шығару органында бірте-бірте кеңінен қолданылуға көшкені де оның көз алдында. Палата отырыстарының мемлекеттік тілде жүргізіле бастағаны, заң жобалары талқыланған кезде қазақ тілінде айтылған ұсыныстардың заңға енгізілгені, бұқаралық ақпарат құралдарына арналған ақпараттардың бұрынғыдай алдымен орысша емес, тікелей мемлекеттік тілде әзірленіп, жіберілген күндерді көргеніне қуанады. Бұл іске өзі де бір кісідей үлес қосты.
«Биыл 15 наурызда қабылданған жаңа Конституция бәрімізге жаңа міндет жүктейді, дейді Серік аға. – Біз дамудың жаңа кезеңіне өтіп жатырмыз. Бүгінгі заманның даму қарқыны өте жылдам. Ыбырай атамыз айтпақшы, «Айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызған» заман осы. Жаңа Ата заңымыз әлемдегі ең үздік тәжірибе мен талапқа сай болуды көздейді, әр азаматқа сенім артады, биік меже белгілейді. Өйткені заман басқа, адам басқа, демек заң да соған сәйкес жаңа болуы керек».
Өткен ғасырларда қазақ халқының тарихында сауын айтып, Құрылтай шақырып, игі жақсылар бас қосқан кездері болды. Ел тағдырына қатысты аса маңызды мәселелер талқыланып, ұйғарым жасалған, бітімге келген. Бүгінгі Құрылтай – сол бабалар жолына оралу, тарихи жадымызды жаңғыртып, сабақтастықты жалғау. Тарихи санасы оянғанда, ес біліп, етек-жеңін жинаған кезде адамзат баласы өзінің шынайы болмысын қайта табатыны сөзсіз.
«Бір мәселе анық. Ешкімнен ештеңе күтпеуіміз керек. Әлемнің алпауыт елдері секілді өзіміз барлық саланы қолға алуымыз қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру мен елімізді жан-жақты дамыту саясатын жалғастыра беруге тиіспіз.», дейді ол.
Өзінің келелі ойларымен бөліскен Серік аға жастарды ізгілікке, еліміздің келешегі, Отанымыздың болашағы жолында аянбай еңбек етуге шақырды. «Адам жақсылыққа ұмтылуға тиіс және армандауды тоқтатпауы керек», деді ол әңгіме соңында.
