Жаңа Ата заңның арнайы басылымы табысталды
<p style="text-align: left;">Жаңа Конституция 1 шілдеде күшіне енеді. Осы тарихи дата қарсаңында Алматы қаласында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева этномәдени бірлестіктердің өкілдеріне Мемлекет басшысы жолдаған жаңа Конституцияның арнайы басылымдарын тапсырды.</p>

Іс-шараға қатысушылардың әрқайсына Президенттің хаты мен Конституция данасы ұсынылды. Өз хатында Мемлекет басшысы жемісті еңбегі және Әділетті Қазақстанды құруға қосқан үлесі үшін шынайы ризашылығын білдірген.
«Конституцияда бекітілген мызғымас құндылықтар ел игілігін арттырып, қоғамның тұрақты дамуына жол ашады деп сенемін. Мемлекетіміз нығайып, қастерлі Отанымыз өсіп-өркендей берсін!» делінген Президент хатында.
Жиында Үкімет басшысының орынбасары Ата заңда ел қоғамының іргелі құндылықтары көрініс тапқанын атап өтті.
«Конституцияның преамбуласында бүкіл қоғам үшін айрықша мәнге ие негізгі құндылықтар мен ұстанымдар айқындалған. Олардың қатарында Әділетті Қазақстан идеясы, «Заң мен тәртіп» қағидаты, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз сақтау, ел бірлігі мен қоғамдық ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық келісім бар. Бұл құндылықтар бейбітшілік, сыйластық пен қоғамдық сенім орнықты дамудың берік негізіне айналған еліміз үшін ерекше маңызды. Конституция мемлекеттік институттарға ғана емес, әрбір азаматқа, әрбір қоғамдық бірлестікке, өзінің адал еңбегімен және белсенді қызметімен Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға үлес қосып жүрген барша қауымға арналған», деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары.
Аида Балаева «Қазақстан Халық кеңесі» консультативтік-кеңесші институтының құрылуына да арнайы тоқталды. Оның құрамының үштен бірін еліміздің этномәдени бірлестіктерінің мүшелері құрайды. Қалған орындар коммерциялық емес ұйымдар мен мәслихат өкілдері арасында теңгерімді түрде бөлінеді.
Осылайша, Қазақстан Халық Кеңесі халық үніне құлақ асатын әрі Әділетті мемлекет қағидаттарына негізделген сындарлы қоғамдық диалогті қалыптастыруға ықпал ететін мүлде жаңа әрі бірегей институт болмақ.
Сондай-ақ кеше Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаева Алматыда Президент атынан жастар белсенділері мен креативті индустрия өкілдеріне де Мемлекет басшысының хаты мен жаңа Конституцияның арнайы басылымдарын тапсырды.
«Сізге жаңа Конституциямыздың арнайы басылымын тапсыра отырып, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы қажырлы еңбегіңіз үшін зор ризашылығымды білдіремін», делінген хатта.
Жиында Үкімет басшысының орынбасары Мемлекет басшысының жастарға айрықша көңіл бөліп, жан-жақты қолдау көрсетіп отырғанын және оларға үлкен үміт артатынын атап өтті.
«Президент ұсынған Әділетті, Таза әрі Қуатты Қазақстан идеясы да ең алдымен жаңа буынның жауапкершілігімен тығыз байланысты. Сіздер – Жаңа Қазақстанның жасампаз ұрпағысыздар. Еліміздің болашағы Конституцияда бекітілген қағидаттардың өмірде қаншалықты жүзеге асатынына, ең алдымен, сіздердің білімдеріңізге, еңбектеріңізге және азаматтық жауапкершіліктеріңізге байланысты», деді А.Балаева.
Премьер-министрдің орынбасары елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалардың барлығы, ең алдымен, жастардың келешегіне бағытталғанын айтып, өскелең ұрпақты мемлекеттік қолдау шараларына арнайы тоқталды.
«Елімізде жастардың саяси және қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндіктері артып келеді. Партиялық тізімдер мен депутаттық мандаттарды бөлу кезінде әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған 30 пайыздық квота енгізілді. Президенттік жас-тар кадр резерві де жаңа буын басқарушыларын қалыптастыратын маңызды әлеуметтік лифтке айналды», деді Үкімет басшысының орынбасары.
Бүгінде елімізде жастарды қолдаудың кешенді жүйесі қалыптасты. Кейінгі жылдары білім мен ғылым саласына салынатын инвестиция көлемі бес есе, білім беру жүйесінің бюджеті үш есе артты.
Президенттің тапсырмасымен 2024 жылы студенттердің шәкіртақысы екі есе көбейтілді. Соңғы бес жылда білім беру гранттарының саны 1,5 есе өсті.
Кездесу барысында маман даярлау жүйесінде де ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып жатқаны айтылды. Атап айтқанда, еңбек нарығының қазіргі талаптарына сәйкес келмейтін 800-ге жуық мамандық қысқартылып, олардың орнына сұранысқа ие бағыттар бойынша кадр даярлау қолға алынбақ.
