Қоғам
3 мин оқу 20

«Senat Open 2026» мәреге жетті

<p style="text-align: left;">Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев шахматтан палатаның ашық кубогі &ndash; &laquo;Senat Open&raquo; турнирінің финалдық кезеңінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.</p>

«Senat Open 2026» мәреге жетті

Биыл «Senat Open» сайысының іріктеу кезеңдерінде еліміздің барлық өңірінен түрлі мамандық иелері мен түрлі жастағы 8 мыңнан астам әуесқой шахматшы бақ сынады. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда шамамен үш есеге көп. Турнирге дәрігер, педагог, БАҚ өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, Парламент пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары қатысты.

М.Әшімбаев финалға шыққан қатысушы­лар­ды құттықтай келе, аталған жарыс елімізде шахматтың тек кәсіби спорт емес, бұқаралық интеллектуалды қозғалысқа айналып келе жат­қанын тағы бір мәрте дәлелдегенін атап өтті. Сондай-ақ ол мұндай турнирлер бұл ойын түрін өңірлерде дәріптеуге серпін бе­ре­­тін маңызды тетік екенін айтты. Палата спи­­ке­рі аталған бағытты дамыту Мемлекет басшы­сының ерекше назарында екенін де жеткізді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз­дің зияткерлік әлеуетін дамытуға үнемі баса мән беріп келеді. Бұл ретте шахматтың маңызы зор. «Senat Open» турнирі осы бағыттағы бастамаларды, жалпы шахматты кеңінен насихаттау үшін қолға алынды. Үш жыл ішінде сайыс айтарлықтай қалыптасып үлгерді. Биыл алғаш рет жарыс 1/8 финалдан бастап, шешуші бәсекеге дейін толық төрт кезең бойынша ұйымдастырылды. Солтүстік, Оңтүстік, Орталық, Шығыс және Батыс аймақтарда өткен бес жартылай финал еліміздің барлық өңірін қамтыды. Бүгінде бұл турнир жалпыұлттық қозғалысқа айналды деп айтуға толық негіз бар, деп, М.Әшімбаев ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

Сенат төрағасының айтуынша, шахмат тақтасында кездейсоқ жеңіс болмайды. Мұнда стратегиялық ойлау, табандылық пен бірнеше жүрісті алдын ала есептей білу шешуші рөл атқарады. Дәл осындай қасиеттер қазіргі таңда қоғамның барлық саласында қажет.

Сондай-ақ Қазақстан шахмат федерация­сы­ның президенті Тимур Турлов үш жылдың ішінде «Senat Open» турнирі бұқаралық сипатқа ие болып, еліміздің шахмат эко­жүйесінде маңызды орын алғанын атап өтті.

«Senat Open» турнирінің тарихы небәрі үш жылды құрағанымен, ол еліміздің біртұтас шахмат экожүйесінде өзіндік орны бар беделді додаға айналды. Жыл өткен сайын сайысқа қатысушылар саны тұрақты түрде артып келеді. Бұл – ешбір әсірелеусіз айтқанда, жарыстың шын мәнінде халықтық турнирге айналғанының ең айқын көрсеткіші. Биыл жарысқа 8 мыңнан астам адам қатысты. Тур­нир­дің мұндай жетістігі кездейсоқ емес. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасымен шахматты дамыту бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі», деді Т.Турлов.

Айта кетсек, турнир төрт кезең бо-йынша, яғни 1/8 финалдан бастап шешуші партияларға дейін өткізілді. Жарысқа қатысу­шыларға қойылған негізгі талап – 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша классикалық шахмат, рапид және блиц түрлері бойынша Эло рейтингі 2000 ұпайдан төмен болуы.

1/8 финалдан кейін қатысушылар ширек финалда сынға түсіп, онда әр өңірдің үздік шахматшылары анықталды. Одан кейін аймақтық форматта өткен жартылай финалдар ұйымдастырылды. Әр жартылай финалдан финалдық кезеңге 53 қатысушы жолдама алды. Астанада өткен финалға оларға қоса мандат комиссиясының шешімімен Парламент депутаттары, республикалық қоғамдық кеңестердің мүшелері және мемлекет қайраткерлері қатысты. Шешуші сында 10 санат бойынша жеңімпаздар анықталды.

Жарыс нәтижесінде өңірлік командалар арасындағы үздіктерге 20 кіші кубок табысталды. Ал турнирдің ең үздік командасына «Senat Open 2026» бас кубогі тапсырылды.

Бөлісу: