Астанадағы ескі вокзалда асхананың төбесі опырылып түсті
<p><strong>Астана қаласындағы ескі теміржол вокзалының аумағында орналасқан қоғамдық тамақтану орнында төтенше жағдай тіркелді. Ақпаратқа сүйенсек, асхана ғимараты төбесінің бір бөлігі опырылып түскен, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</strong></p>

Оқиға куәгерлерінің сөзіне қарағанда, төбе құлаған сәтте дәмхана ішінде шамамен 8-9 адам болған. Келушілердің басым бөлігі қауіпті аймақтан сыртқа шығып үлгерген.
Төтенше жағдай салдарынан 2 адам вокзалдағы медициналық көмекке жүгінген.
Оқиға орнында вокзал бастығының кезекші орынбасары арнайы тексеріс жүргізіп, тиісті актіні толтырды.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы осы оқиғаға байланысты ресми түсініктеме беріп, жауапкершілік аймағын нақтылады.
Компания мәліметінше, оқиға вокзал аумағындағы «Ертас» ЖШС-не қарасты қоғамдық тамақтану орнында таңғы сағат 05:35 шамасында болған. Асхана орналасқан 2 371 шаршы метрлік нысан 2002 жылдан бері аталған серіктестіктің жеке меншігіне тиесілі.
Сол себепті ұлттық тасымалдаушы жеке меншіктегі нысанның ішкі жұмысына араласуға құқығы жоқ екенін және оны тиісті деңгейде күтіп-ұстауға жауапты емес екенін мәлімдеді.
