Ақмола облысында жұмысшылар мінген тіркеме аударылып қалды
<p><strong>Ақмола облысы Біржан сал ауданында «Қазгер» ЖШС-нің төрт жұмысшысы өндірістік жарақат алды. Оларды далалық жұмысқа тасымалдап бара жатқан жүк көлігінің тіркемесі қозғалыс кезінде ағытылып, аударылып кеткен. Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желілерде жарияланды, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</strong></p>

Зардап шеккен жұмысшылардың бірінің анасы Баян Балташеваның бейнеүндеуін HALYQSTAN Telegram-арнасы жариялады. Оның айтуынша, оқиға жұмысшылар үйіне қайтып бара жатқан жолда болған. Қозғалыс кезінде тіркеме жүк көлігінен ағытылып кеткен. Тіркеменің сүйреуіш бөлігі жерге қадалып, жолда төрт рет аударылған.
Жұмысшылар бұған дейін де жұмыс берушіден егіс даласына қатынау үшін қауіпсіз көлік бөлуді бірнеше рет сұраған, алайда бұл өтініштер ескерусіз қалған.
Төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен төрт жас жігіттің үшеуі алғашқы медициналық көмектен кейін ауруханадан шығарылды. Ал Баян Балташеваның ұлы Темірболат Қайыровтың жағдайы өте ауыр. Дәрігерлер оған омыртқаның ауыр зақымдануы диагнозын қойды.
Ақмола облыстық Полиция департаменті өкілдерінің хабарлауынша, қазіргі уақытта еңбекті қорғау ережелерін бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі объективті түрде анықтау мақсатында қажетті тергеу әрекеттерінің кешені қолға алынды.
