Таным
3 мин оқу 40

Үздік болу идеологиясы

<p style="text-align: left;">Қазіргі қоғамда &laquo;табысты болу&raquo; ұғымы өмірдің басты мақсатына айналған секілді. Әлеуметтік желіні ашсақ, көретініміз мінсіз өмір: қымбат көлік, үлкен үй, жаңа телефон, соңғы дизайндағы киім, саяхат, өз ісі бар кәсіпкер.</p>

Үздік болу идеологиясы

Осындай бейненің бәрін көрген адамда еріксіз өзін басқа­лар­мен салыстыру, «мен міндетті түрде табысты болуым керек» деген ой қалыптасады. Қазіргі адамдардың, әлеу­меттік желінің тілімен айтқанда – «өзінің үздік нұсқасы» болу. Бұл құбылысты үздік болу идеологиясы деп атауға болады. Яғни адамға қарапайым өмір жеткіліксіз және әрдайым жоға­­ры болу керек деген ой сіңіріледі, ол жоғары болу тек белгілі бір стандарт бойынша ғана. Мұндай идеологияның жақсы жағы да бар. Адамдар еңбекқор, көзі ашық болуға, дамуға, мақсатқа ұмтылуға үйренеді. Ең бастысы, бәсекеге қабілетті болады. Бірақ оның кері әсері де аз емес.

Біріншіден, бұл идео­логия адамның өзіне деген сенім­­ділігіне әсер етеді. Егер адам белгілі бір салада үлкен жетіс­тік­ке жетпесе, танымал болмаса, өзін бақытсыз сезінуі мүмкін. Біреу ғылымда, спортта жетістікке қол жеткізуі ықтимал. Ал келесі біреудің маңдайына танымал өнер адамы болу жазыл­­­ған болуы мүмкін.

Екіншіден, тоқтамай келе­тін «үздік болу керек» деген ойлар адамды жегідей жеп,  психо­логиялық шаршауға әке­леді. Мен бәріне үлгеруім керек, бәрін жасауым керек деген ойлар әсерінен адам демалуға, қате­лесуге, өзіне уақыт бөлуге қор­қады. 

Үшіншіден, табыстылық ұғымы жиі тек материалдық өлшем­мен бағаланады. Кімнің ақшасы көп сол бақытты деген ой туындайды. Бірақ бақыт – отбасы, махаббат, өз сүйікті ісіңмен айналысу екенін, ал алға қоятын мақсат – көп ақша табу емес, өзіңнің жолыңды айқындау екенін  кей адамдар ұмытып барады. Жалпы айтқанда, ақшаға ресурс ретінде емес, өмірдің мәні ретінде қарай бастайды.

Төртіншіден, адамдардың сөзіне қатты мән беріп, олар не дейді екен деген үрейде болу. Өз бақытыңды емес, адамдардың өсегіне қалмау деген жолды таңдау. Мысалы, қазіргі таңда қарапайым, бірақ өмірде маңызы зор мамандықты жүрекпен қалайтындар, оны таңдамайтын жағдай көп. Себебі олардың таңдауы – өмірдің белгілі бір стандартына сай табысы көп жұмысты таңдау. Бұл – үздік болу идеологиясына, өзін әр­дайым үздік болуға мәжбүрлеу мен өзіне қателесуге рұқсат бермеуге алып келеді.

«Бәріміз табысты болуға міндеттіміз бе?» деген сұраққа біржақты жауап беру қиын. Иә, әр адам жақсы өмір сүруге, дамуға талпынғаны дұрыс, бірақ мұны міндет деп санап, өзінің қателесуге, де­малуға деген құқығын ұмыт­па­ғаны жөн. Себебі адам робот емес. Сонымен қатар табыс пен бақыттың нақты бір өлшемі, шектеуі жоқ еке­нін түсіну маңызды. Біреу үшін табыс – мансап, ал біреу үшін қарапайым өмір, мықты ден­сау­лық, өз сүйікті ісіңмен айналысу болуы мүмкін.

Шынында, үздік болу идео­логиясы адамды алға жетелей алады. Бірақ ол адамды тұн­шық­­ты­ратын қысымға айнал­мауы керек. Әркім өз жолымен жүріп, өз қалпымен бақытты болуға құқылы. Ең бастысы, өзіңді өзгемен емес, өткен шақ­тағы өзіңмен салыстыр.

Дина ТОҚБОЛАТ,

оқушы

Бөлісу: