Мирас
4 мин оқу 100

«Көкмайса» жазиралы Жаңаарқада жалғасты

<p style="text-align: left;">Жаздың жайма шуақ күнінде Жаңаарқаның сайын даласы тағы бір мәрте ұлттық рухтың ордасына айналды. Өткен жылы Ұлытау ауданынан басталған &laquo;Көкмайса &ndash; даланың тірі тарихы&raquo; этнофестивалі биыл жазиралы Жаңаарқа төрінде жалғасын тауып, қазақтың көшпелі өркениетін, салт-дәстүрі мен ұлттық тағамдарын дәріптеген тағы&shy;лымды мерекеге ұласты.</p>

«Көкмайса» жазиралы Жаңаарқада жалғасты

Халқымыздың бай мұ­расы мен ұлттық құн­ды­лығын ұлықтаған дәс­түрлі фестивальда Ералиев ауылының бөктерінде 35 киіз үй тігіліп, 15 мыңға жуық қонақ жиналды. Дала дәстүрін дәріптеген думанды шараның салтанатты ашылуында сөз алған Ұлытау облысының әкімі Дастан Адайұлы айтулы фестивальдың өңірдің мәдени брендіне айналғанын айрықша атап өтті.

– «Көкмайса» бүгінде алыс-жақын шетелден туристер арнайы іздеп келетін рухани мерекеге айналды. Бұл – Ұлытау үшін үлкен мәртебе, – деді облыс басшысы.

Биылғы мерекенің құрметті қонақтарының қатарында Қытай Халық Республикасының Сиань қаласы мен Шэньси провинция­сынан келген делегация да болды. Шара меймандары қазақ хал­қының ұлттық тағамдарынан дәм татып, көшпелілер мәдениеті мен салт-дәстүрін айшықтай­тын этноауылдың тыныс-тіршілігі­мен танысты. Фестиваль аясында оларға ұлттық нақыштағы қол­өнер бұйымдары мен естелік сый­лықтар табысталып, қазақтың қонақжайлығы мен бай мәдени мұрасы кеңінен насихатталды.

Этнофестивальдың ең әсер­лі көрінісі – бір мезетте 500 бие­нің сауылуы болды. Бұл ерекше сәт арнайы әзірленген бейнебаян арқылы көрсетілді. Ал­ды­мен тоқсан жасқа келген Ералиев ауылының негізін қа­лау­­шылардың бірі Өмірзақ Мәмбетов ақсақал ақ батасын берді. Артынша ақ жаулықты аналар мен епті келіндердің жүздеген биені қатар сауып жатқан көрінісі көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Жаңа сауылған қымыз келген қонақтарға ұсынылып, ақ дәмнің қадірі тағы бір мәрте ұлықталды.

д

Бұдан кейін облыс әкімі елі­міздің әр өңірінен келген этно­ауылдарды аралап, киіз үйлерге қойылған көрмемен танысты. Ұлттық тағамдардан дәм татып, салт-дәстүр көріністерін тамашалады. Қолөнер шеберлерінің туындыларын көріп, олардың еңбегіне тәнті болды. Бедерлі бұйымдардың арасында Ұлытау өңірінің құрақшылары әзірлеген алып құрақ көрпе көпшіліктің ерекше назарын аударды. Айту­лы бастаманың ұйытқысы бо­лып жүрген ісмер ана Гүлғайша Әуезованы әңгімеге тарттық. Қолөнер шеберінің айтуынша, аталған еңбек – бірнеше мәрте әлемдік рекордқа енген «Аламан құрақ» халықаралық жобасының жемісі.

– Төрт жыл ішінде үш рет әлемдік рекорд жаңарттық. Биыл Өскеменде ұзындығы екі шақырымға жететін алып құрақ көрпе тігіліп, жаңа жетістікке қол жеткіздік. Соның бір бөлігін «Көкмайсаға» алып келдік. Еліміз бойынша 785 адам, оның ішінде Ұлытау облысының 56 тұрғыны әрқайсысы көлемі 2 метр 60 см болатын бір-бір құрақ көрпеден тігіп, ортақ еңбекке үлес қосты. Биылғы жылқы жылына орай жастықтарға тұлпар бейнесін өрнектедік, – дейді ісмер ана.

Фестивальға Ұлытау облы­сы­ның құрамындағы ауыл, аудан, қаладан ғана қолөнер шеберлері қатысып қоймай, көрші облыс­тың шалғай ауыл­дарынан келгендер де бар. Соның бірі – Кәкіш Амантай. Ол Қарағанды облысы, Абай ауданы, Сәрепті ауылы­ның Қоянды бөлімшесінен келген. Ол мектепте көркем еңбек пәні­нің мұғалімі болып жұмыс істейді. Ағаштан түйін түйген шебер­дің өз қолымен түрлі бұйым жасап келе жатқанына отыз жылдай болған. Оның алтын қолынан түрлі мүсіншелер, домбыра, қобыз сияқты музыкалық аспаптар, киіз үй жабдықтары, көнеден келе жатқан тұрмысқа қажетті заттар шыққан. Шебердің сапалы бұйымдарын сатып алушылар қарасы қалың.

– Кәдесыйға ұсынылатын дом­быраның бағасы көлеміне байланысты. Үлкені он мың теңге, кішкентайы бес мың теңге тұрады. Көбіне қайың, терек ағашын пайдаланамын. Әсіресе қайың ағаш мүсін жасауға қолайлы. Бұрын теріні қайнатып, әбден езіп содан желім жасайтын еді. Қазір арнайы желімдер бар, соны қолданамын. Бұйымдарымды дүкенге сатылымға шығарамын. Көрме-жәрмеңкеге қатысамын, – дейді Кәкіш Амантай.

Келушілердің назарын ерекше аударған тағы бір өнім – «Қара күш» атауымен шығарылатын бө­телкедегі қымыз болды. Оның иесі небәрі 21 жастағы жаңа­арқа­лық кәсіпкер Әлібек Асқар.

– Биелерімізді өзіміз бағып, қымызды өз қолымызбен да­йын­­даймыз. Сонымен қатар шаруа қожалықтарынан саумал қа­был­­даймыз. Өніміміз бүгінде Жез­­қазған, Сәтбаев, Қарағанды, Астана, Алматы, Балқаш қала­ла­рында сатылып жатыр. Жарам­дылық мерзімі – үш ай, – дейді жас кәсіпкер.

д

Әлібек кәсібін алғашында өз қаржысына бастап, кейін жастарға арналған аудандық грантты жеңіп алған. Бүгінде облыстық «Бір ауыл – бір өнім» байқауының жүл­дегері атанып үлгерген.

Қолөнер көрмесіне қатыс­қан ең жас шеберлердің бірі – Сәтбаев қаласындағы Ә.Марғұлан атындағы мектептің оқушысы Асылай Хамитбек. Ол анасымен бірге тіккен көрпелер мен өз қо­лымен жасаған сәндік бұйым­дарын ұсынды.

– Бұл өнерді анамнан үй­рен­дім. Ойыншықтар мен шашқа тағатын әшекейлер жасаймын. Бүгіннің өзінде он бес бұйымымды сатып үлгердім, – дейді өнерлі оқушы.

Мереке ұлттық спортсыз өт­пейтіні белгілі. Фестиваль аясын­да ұлттық спорт түрлерінен де ­тартысты жарыстар өтті. Қонақтар көкпар, аударыспақ, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату, асық ату, жілік сындыру, қошқар көтеру, арқан тартыс секілді ұлттық ойындардың қы­зығына куә болды. Күннің екін­ші жартысында ұлттық спорт жеңімпаздары мен құрақ көрпе тігудің үздік шеберлері марапатталды. Мерекелік шара кешкі гала-концертпен қорытындыланды. Сахнада Жаңаарқа ауданының өнерпаздары, отандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.

«Көкмайса – даланың тірі тарихы» этнофестивалі – хал­қы­мыздың салт-дәстүрін, ұлт­тық тағамдарын, қолөнерін, этно­мәдени мұрасын кеңінен дәріптеп, ұлттық бірегейлікті нығайтатын тағылымы мол мәдени жоба. Бұл фестиваль ұлт руханиятын ұлықтап қана қоймай, өңірдің туристік әлеуеті мен мәдени кел­бетін айшықтайтын маңызды шара ретінде өз мәртебесін жыл сайын арттыра бермек.

Ұлытау облысы 

Бөлісу:
«Көкмайса» жазиралы Жаңаарқада жалғасты · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар