Балқаш туризмінің бағы жанып келеді
<p style="text-align: left;">Балқаш қаласы биылғы жазғы туристік маусымға үлкен жаңалықпен, жан-жақты дайындықпен келді. Өңірде инфрақұрылымды дамыту мен қауіп­сіз­дікті күшейтетін шаралар кеңінен қолға алынып, жаңа демалыс орын­дары бой көтеріп жатыр. Сонымен қатар аймақтың туристік тар­тым­­дылығын жаңа деңгейге көтеретін көптен күткен қуанышты оқиға болды. Күрделі жөндеуден өткен Балқаш қаласының әуежайы қайта ашы­лып, алғашқы рейстерді қабылдай бастады. Бұл – көл жағасындағы дема­лысты сырттан келетін қонақтарға бұрынғыдан да қолжетімді әрі жайлы ете түседі.</p>

Инвестиция тиімділігі
Әуе қатынасының ретке келуі аясында қаланың ішкі туристік әлеуетін арттыру жұмысы да қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде өңірде 149 демалыс орны тіркелген, оның 59 демалыс аймағы мен 10 жағажайы Балқаштың үлесінде. Қазіргі таңда Балқаштағы 57 туристік нысан санитарлық-эпидемиялық қорытындысын алып, демалушыларды қабылдауға толық дайын отыр.
Өткен жылдан бері облыс көлемінде жалпы құны 2 млрд теңгеге жуық 60 жоба қаржыландырылса, оның ішінде Балқаш қаласында несие көлемі шамамен 2 млрд теңгені құрайтын 21 жоба іске асырылып жатыр. Ресми деректерге сәйкес, биыл қаңтар-сәуір айларында өңірде туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3,7 млрд теңгеге жетіп, оның 2,2 млрд теңгесі Балқаш қаласына бағытталды.
Туризмді дамытудағы маңызды бастамалардың бірі ретінде биыл Балқашта алғашқы туристік бағыттағы «Balkhash» индустриялық аймағы құрылды.
Жаңарған әуежай
Көптен күткен Балқаш қаласының әуежайы күрделі жөндеу жұмысынан кейін есігін айқара ашты. Заманауи талаптарға сай жаңартылған әуе айлағы алғашқы рейстерді қабылдап, жолаушыларға қызмет көрсетуге кірісті. Жаңарған әуежайдың жұмыс кестесі ресми түрде таңғы сағат 11:00-де басталып, тура осы уақытта Балқаштан Алматы қаласына қарай алғашқы ұшақ көкке көтерілді. Ал түс ауа, сағат 13:25-те елордамыз Астанадан жолға шыққан әуе кемесі сағат 14:35-те Балқаш жеріне сәтті келіп қонды. «Астана – Балқаш» бағытында ашылған бұл алғашқы рейспен қалаға 80 жолаушы ұшып келді.
Тарихи сәтке куә болған жолаушыларды әуежай перронынан қала әкімі Сапар Сатаев қарсы алды. Әкім әуежайдың жөндеуден кейін қайта іске қосылуы қала үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті. С.Сатаев мұнда жолаушыларға барлық жағдай жасалғанын, заманауи күту залы, ана мен бала бөлмесі, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы орындар қарастырылғанын жеткізді. Сонымен қатар арнайы техникаларға арналған жаңа ғимарат бой көтеріп, ұшақтарды техникалық тексеруден өткізетін құрал-жабдықтар түгелденгенін, ұшақтар қонатын перрон да толық жаңартылғанын атап өтті. Балқаштың туристік аймақ екенін алға тартқан әкім алдағы уақытта рейстер географиясын одан әрі кеңейту жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Қазірде Балқаш бағытында отандық екі ірі әуе компаниясы – SCAT Airlines пен Qazaq Air тұрақты қызмет көрсете бастады. Ең бастысы, жолаушыларға билет бағасы да айтарлықтай тиімді: екі бағытта да құны шамамен 16 мың теңгені құрайды.
Жаңғырған жағажай
Бұрын қалалық емханадан шығып, қала іргесіндегі Шашубай кентіне апаратын жолдың оң қапталындағы көлдің жағалауына баратын тек жалғызаяқ жол жататын болса, бүгінде бұл аумақтың келбеті түбегейлі өзгерген. Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен мұнда еліміздегі алғашқы туристік бағыттағы индустриялық аймақ бой көтерді. Республика көлемінде теңдесі жоқ бұл жобаның алғашқы резиденті ретінде «Әділ-Құрылыс» корпорациясы тіркелген.
Компания «Premium Villa Balkhash» туристік кешенін салуға төрт гектар жерді жалға алып, туристерді жыл он екі ай қабылдайтын еуропалық үлгідегі 23 барнхаус, маусымдық 21 киіз үй тұрғызды. Заманауи демалыс кешенінде монша, бассейн, демалыс аймақтары қарастырылған. Жобаның жалпы инвестициялық құны – 1 300 млн теңге. Құрылыс жұмысында 300-ге жуық адам еңбек етіп, 20-ға тарта арнайы техника жұмылдырылды.
Инвестор Жақсыгелді Иманбеков жобаны жүзеге асыру туралы ұсыныс қала әкімдігінен түскенін, құрылыс жұмысын биылғы сәуір айында бастап, қазіргі таңда негізгі жұмыстардың басым бөлігі аяқталғанын айтты. Биыл 3,3 га аумақта туристік кешеннің алғашқы кезеңі іске асырылса, келер жылы қалған аумақты игеруге қосымша 400 млн теңге инвестиция құйып, жаңа барнхаустар салу жоспарланып отыр. Кәсіпкер жергілікті әкімдік тарапынан кәріз жүйесі, су құбыры, интернет, жол инфрақұрылымы мен кешенге апаратын трасса мемлекеттік қолдау аясында тартылып жатқанын, құжат рәсімдеуде ешқандай кедергі болмағанын айтып, бұл серіктестіктің бизнеске өте тиімді әрі нақты қолдау екенін білдірді. Кешен құрамындағы екі қабатты, жоғары деңгейдегі жайлылыққа сай салынған екі, үш бөлмелі барнхаустардың жанында үлкен екі бассейн, балаларға арналған жеке бассейн, субұрқақ, демалыс, ойын-сауық аймақтары бар.

Жақсыгелді Тұрсынұлы Балқашқа отбасымен немесе достарымен келетін қонақтарға арналған орындар тапшы екенін ескеріп, әр барнхаус пен киіз үйді жеке қоршаумен қоршап, ауласына жасыл желек төсеп, орындықтар қойғандарын айтты. Кешен жазғы маусымға толық дайын. Жобаның келесі кезеңі аясындағы қосымша құрылыстар қыркүйек айында басталады. Тұрудың тәуліктік құны әзірге нақты бекітілмесе де, кешен басшылығы баға саясатын қалыптастыру кезінде туристерге қолжетімділікке басымдық беріп, қалтаға салмақ салмайтын, қызмет сапасына сай қолайлы баға белгілеуді көздеп отыр.
Барковский ауданында биыл тағы бір жаңа туристік нысан пайдалануға беріледі. Жалпы аумағы 0,3 га жерді алып жатқан «Монако» демалыс кешеніне қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым толықтай мемлекет қаражаты есебінен тартылған. Жоба аясында инвесторлар бұрын бос жатқан аумаққа алты демалыс үйін салып, оны 24 нөмірге бөлген. 16 нөмірі – бір бөлмелі, қалған сегізі – екі бөлмелі. Кешен аумағында үлкендер мен балаларға арналған жеке бассейндер салынған. Алдын ала жоспар бойынша бір бөлмелі нөмірдің тәуліктік құны – 70 мың, екі бөлмелі нөмірлердің бағасы – 90 мың теңге көлемінде болады.
Жеке кәсіпкер Александр Василевский құрылыс жұмысын осыдан бір жыл бұрын бастағандарын, нысанды маусымда толық пайдалануға беруді жоспарлап отырғандарын жеткізді. Ол құрылыс басталғалы бері 15 адам тұрақты түрде еңбек етіп, қосымша техника мен қажетті мамандардың жұмылдырылғанын, жобаға жұмсалған жалпы қаржы көлемі 20 млн теңгеден асқанын айтып, әкімдік тарапынан коммуникациялық инфрақұрылым бойынша зор қолдау көрсетілгеніне ризашылығын білдірді.
Қауіпсіздік – қаперде
Демалысқа келген қонақтардың суға түсу, қайыққа міну барысында қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жағалау аумақтарында төтенше жағдайлар және полиция бекеттері орнатылған. Қазіргі уақытта Тораңғалық пен Шұбартүбек жағажайында осындай бекеттер тәулік бойы қызмет атқарады.
Қала әкімі С.Сатаев демалушыларға барлық қажетті жағдай қарастырылып жатқанын, арнайы фотозона аймағы жасақталып, төсемтас төсеу, жарық шамдарын орнату, абаттандыру жұмыстары екі апта көлемінде толық аяқталатынын мәлімдеді. Сондай-ақ Тораңғалық елді мекенінің ішінде қонақүйлерге апаратын жолдың бойына тротуарлар төселіп, қосымша бейнебақылау камералары мен қоқыс жәшіктері орнатылады. Катер мен қайық тізгіндеген жандар демалушыларға қауіп төндірмеуі үшін суға шомылу аймақтары арнайы қоршаулармен бөлінген.
Тораңғалық елді мекенінде 20 жылдан асып тұрып келе жатқан жеке кәсіпкер Владимир Панюков жыл сайын жағажай аумағы ретке келтіріліп, абаттандыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілетінін, соның нәтижесінде демалушылар саны көбейіп келе жатқанын жеткізді. Қазіргі таңда ол әкімдіктің қолдауымен суға түсу аймақтарын шектеуге арналған, катер мен гидроцикл мінген азаматтардан қорғайтын сары түсті айқын қалқандарды орнатумен айналысып жатыр. Әрбір жүзу аймағының ұзындығы 10 метрмен, ені 34 метрмен белгіленген, алдағы уақытта тағы да кеңейту жоспарда бар. Тораңғалық, Шұбартүбек, Барковский аймақтарында төрт жүзу аймағы мен ұзындығы шамамен 70 метр болатын төрт пирс орнатылады. Демалыс аймақтарында орналасқан, жалпы аумағы 50 шаршы метр болатын қауіпсіздік бекеттері Төтенше жағдайлар министрлігі бекіткен барлық талаптарға толық сәйкес жабдықталған.
Кәсіпкер Ермек Тұрғынбаев бұл бекет құрылымының толығымен отандық өндірістегі металл жақтаудан тұратынын, аумаққа Starlink интернет желісі тартылып, күндіз бен түнге арналған дүрбілер қойылғанын айтты. Бұл капсула – министрліктің талабына толық сәйкес келетін жалғыз бекет. Сәуір айының басында басталған құрылыс жұмыстарының қазір тек шамалы бөлігі ғана қалды.
Әуежайдың жаңадан іске қосылуымен қатар Балқашта жүзеге асырылып жатқан осындай ауқымды да игі жобалар өңірдің туристік әлеуеті артып, демалушылар саны алдағы уақытта айтарлықтай көбейеді.
Қарағанды облысы,
Балқаш қаласы