Өндіріс
3 мин оқу 20

Аудандағы инфрақұрылым игілігі

<p style="text-align: left;">Облыс орталығына ең жақын орналасқан Алға ауданының тұрғындары газбен 90 %-ға, ал сапалы ауызсумен 100 %-ға қамтамасыз етілген. Бұдан өзге &laquo;Таза Қазақстан&raquo; экологиялық бағдарламасы аясында ауылдарға кіреберіс жолдарды жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Алға қаласында бес қабатты үш тұрғын үй қайта жаңғыртылып, үш көшеге орташа жөндеу жүргізілген. Алғадан өтетін 334 шақырым жолдың 266 шақырымы &ndash; аудандық маңызы бар жолдар.</p>

Аудандағы инфрақұрылым игілігі

Аудан әкімі Асланбек Шүйін­шалиевтің айтуынша, былтыр 58 шақырымына орташа жөндеу жүргізілсе, биылғы жұмыс­тар 22 шақырымды қамтыған. Соның ішінде көктем мен күзгі лайсаңда жүру­ге мүлде ыңғайсыз саналатын Алға қаласынан Тоқмансай ауылына дейін­гі 54 шақырым жол биыл күзге дейін толық аяқталмақшы. Мұнымен бір мезетте Болгарка, Қарабұлақ, Бестамақ, Бесқоспа ауылдарының кіреберіс жолдарында да орташа жөндеу жұмыс­тары басталмақшы. Нәтижесінде, аудан­да жақсы, қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 77,1%-ды құраған. Ретке келтірілген көшелер мен жүргіншілер жолдары, күтімге алынған саябақтар мен жаңадан тұрғызылған балаларға арналған ойын алаңдары шағын қаланың көркін ашып тұр. Кейінгі жылдары ауданға жол жөндеуге бөлінген 4 млрд 200 млн қаражаттың 600 млн теңгесі аудандық бюджеттен, қалғаны облыстық бюджеттен қарастырылды. «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде 825 тонна қоқыс шығары­лып, 7 мың ағаш көшеті отырғызылған. 32 заңсыз қоқыс орны «Ғарыш сапары» арқылы анықталып, оның 7-еуі жо­йыл­ған. Қалғандарын жою жұмыстары да жалғасады.

Алғаның мәдениет мекемелерін жөн­деу жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Ардагерлер кеңесінің төрағасы, мәде­ниет сала­сында ұзақ жыл еңбек еткен Бекжан Аппазовтың айтуынша, кейінгі үш жылда ауданда алты мәдениет мекемесі күр­делі жөндеуден өткен. «Алға ауданының бар­лық ауыл­дық округтерінде мәдениет мекемелері бар. Олардың бәрі де типтік жобамен салынған. Мұнда мамандарға жұмыс істеуге толық мүмкіндік бар. Әсіресе Екін­­ші дүниежүзілік соғыста әскери гос­питаль бол­ған тарихи ғимарат – 450 орын­дық аудан­дық мә­дениет үйі күрделі жөн­деуден өткенін атап өткім келеді. Жаңа жабдықтар келді. Дыбыс жазу студиясы, кинозал бар», дейді Б.Аппазов.

Бұрын «Ақтөбе – Қандағаш» тасжолымен жүретін көліктер Алға қаласының ортасынан өткендіктен, шаң-тозаңды көбейтіп, жай­сыз­дық тудыратын. Енді ауыр жүк көліктері мен тран­зиттік көліктер үшін айналма жолдың салынуы көлік қозғалысын реттеді. Бұрынғыдай көше­лерде ағылып жатқан ауыр көлік аз, қала іші тазарған.

Жалпы, Алға – жап-жасыл қала болу­ға әбден лайық шаһар, шыбық шаншыса көктейтін мекен. Топырағы құнарлы, жері көк майса. Оған Алға жерін он орап ағып жатқан, бастауын Мұғалжар қыраттарынан алатын Елек өзенінің де әсері бар. Екінші жағынан, жөнделген жолдар кәсіпкерлікке жол ашады. «Ауданда 3,5 мың кәсіпкер тіркелген. Олардың көбі жаңа Салық кодексі бо­йынша 2%-дық салық жеңілдігіне ие», дейді аудан әкімі Асланбек Шүйін­шалиев. Сондай-ақ Алғада орналасқан «Шипагер» шипажайына қара балшықпен емделуге жан-жақ­тан келетіндердің қарасы мол. Соның арқасында емдік-сауықтыру мекемесі біраз адамға жұмыс беріп отыр. Облыс әкімі Асхат Шахаров жыл сайын өңірдегі 6 мың зейнеткерді Ақтөбе төңірегіндегі шипажайларда тегін демалту жоспарын да айтты.

Жолаушылар тасымалымен айналысатын жеке кәсіпкер Мәди Исаев «Ақтөбе – Алға» арасында автобус санын көбейтуді сұрайды. Алға мен Ақтөбе арасына жеңіл көлікпен 40 минутта жетуге болады. Бұл жақтың тұрғындарының көбі Ақтөбеге қатынап жұмыс істейді, жаз мезгілінде көкөніс пен сүт өнімдерін қала базарына апарып сататындар да бар. Адам көп болған соң автобусқа сыймайды. «Қазір екі аралыққа 12 рейс қатынайды. Бұрын 20 минут сайын автобус жүретін. Сөйтіп, тәулігіне 28 рейс шығып тұрды. Кейінгі жылдары қаражат жетіспеушілігіне байланысты қалааралық автобус тоқтап тұр. Ең болмаса, көктем-жазда рейс санын ­16–18 -ге көбейту керек. Егер, жолаушылар ағыны көбейсе, түскен қаражатқа ­лизингпен жаңа көліктер алар едік», дейді кәсіпкер.

Алға ауданында елді мекендерді абаттан­ды­руға, тұрғын үй кешендері мен әлеуметтік нысандар құрылысына пайдаланылатын қыш тақтайшалары мен тротуар төсеніштерін шығаратын цех жұмысын бастап кеткен. Қазір мұнда 70 адам еңбек етеді. Кәсіпкер Бауыржан Жанғалиев мамыр айынан бас­тап, өндірістің іске қосылғанын, тәулігіне 500 мың дана төсеніш тақтайшаларын шығаруға мүмкіндігі бар екендігін жеткізді. Цех жұмысымен танысқан өңір басшысы Асхат Шахаров «Мұндай жобалар жергілікті өндірісті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық базасын кеңейтуге мүмкіндік береді. Ең бастысы – кәсіпкерлер нақты эко­номика секторына инвестиция салып, құрылысты отандық өнімдермен қамтамасыз етіп жатыр. Бизнесті қол­дау, өңірге инвестиция тарту бағы­тындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады», деп атап өтті.

Ақтөбе облысы 

Бөлісу: