Футбол
3 мин оқу 40

Плей-офф кезеңі басталды

<p style="text-align: left;">Әлем чемпионатының топтық кезеңі мәресіне жетіп, енді жанкүйерлер тағдыршешті плей-офф матчтарының куәсі болуда. Бағы жанып, бабы келіскен құрамалар мундиаль көрігін қыздырса, 16 команда топтық кезеңнен аса алмай, жарыспен қош айтысты.</p>

Плей-офф кезеңі басталды

Турнирдің басты сенсация­ла­рының бірі Кабо-Верде құра­ма­сының еншісіне жазылды. Өз алдына тәуелсіз ел болғанына елу жыл­ға жуықтаған арал мемлекеті үшін бұл әлем чемпионаты тарихи мерекеге ай­налды. Ұлттық құрама өз тарихында ал­ғаш рет әлем чемпионатының финал­дық кезеңіне жолдама алып қана қоймай, плей-офф кезеңіне де шық­ты.

«Н» тобында сынға түскен Кабо-Верде футболшылары алғашқы кезде­су­де әлем чемпионы Испания құра­ма­сымен 0:0 есебімен тең түсті. Қырық жасында да жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүрген тәжірибелі қақпашы Возинья бастаған команда екінші турда Уругваймен 2:2 есебімен тең ойнады. Ал шешуші кездесуде Сауд Арабиясымен голсыз тең түсіп, үш ұпаймен топтан шығуға қол жеткізді. Осылайша, Кабо-Верде тұңғыш рет әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне жолдама алды.

Экономикалық әлеуеті әлдеқайда жо­ғары мемлекеттердің құрамалары ірік­теу кезеңінен өте алмай жатқанда, хал­қының саны жарты миллионнан сәл ғана асатын елдің футболшылары әлемдік доданың үздік он алты коман­да­сының қатарына қо­сылды. Енді олар 1/16 финалда 2022 жыл­ғы әлем чем­пионы Аргентина құра­ма­сы­мен кездеседі.

Топтық кезеңдегі тағы бір күтпеген нәти­же Сенегал құрамасының енші­сі­не тиді. «І» тобында өнер көрсет­кен африкалықтар алғашқы ойында Фран­циядан 1:3, екінші турда Нор­ве­гиядан 2:3 есебімен жеңілгені­мен, шешуші матчта Ирак құрамасын 5:0 есе­бімен ойсырата ұтып, плей-офф ке­зеңіне жолдама алды. Енді Сенегал футболшылары 1/16 финалда Бельгия құрамасымен кездеседі.

Плей-офф кезеңін алғаш болып Канада мен Оңтүстік Африка Рес­пуб­ликасы құрамалары бастады. Кез­десу­­дің негізгі уақытында есеп ашыл­­мағанымен, матч тағдырын қо­сым­ша уақыттың екінші минутында соғыл­ған жалғыз гол шешті. Жар­тылай қор­ғаушы Стефен Эуштакиу 90+2-минутта мергендік танытып, Канадаға 1:0 есебімен жеңіс сыйлады. Осылайша, «үйеңкі жапырақтар елі» өз тарихында алғаш рет әлем чем­пио­натының плей-офф кезеңінің келесі сатысына шықты.

Оңтүстік Африка Республикасы құра­масы да өз тарихында алғаш рет плей-офф кезеңіне жолдама алғаны­мен, тәжірибелі Канада құрама­сы­ның қарқынына төтеп бере алмады. 1998, 2002 және 2010 жылғы әлем чемпионаттарына қатысып, топтық кезеңнен аса алмаған африкалық ұжымды бұл жолы 74 жастағы бельгиялық маман Хуго Броос баптап әкелген болатын. Бұған дейін 1986 және 2002 жылғы әлем чемпионат­та­ры­на қатысқан канадалықтар топтық кезеңнен аса алмаған еді. Енді олар 1/8 финалда Нидерланд пен Марокко құ­ра­малары арасындағы кездесудің жеңім­пазымен кездеседі.

Плей-офф кезеңінің қалған матч-тары енді басталып жатыр. Әлем чемпионы Германия құрамасы 30 маусымға қараған түні Парагваймен кез­дессе, ертең АҚШ-тың Ист-Ратер­форд қаласындағы «Метлайф» ста­дио­­нында Франция мен Швеция құ­ра­­малары өзара кім мықтыны анық­тайды.

3 шілде күні Канаданың Торонто қаласындағы «Би-Эм-О Филд» стадио-нында Португалия құрамасы Хорва­тия­ның қарсылығын байқап көреді. Бұған дейін қос құрама ресми және жол­дастық кездесулерде сегіз мәрте жолығып, португалиялықтар төрт рет жеңіске жетсе, екі матч тең аяқта­лып, екі кездесуде хорваттар басым түскен.

Мундиаль кубогінен үміткерлердің бірі саналатын Испания құрамасы АҚШ-тың Инглвуд қаласындағы «Соу-Фай» стадионында Аустриямен кезде­седі.

Әлем чемпионатына екінші рет қатысып отырған Босния және Герце­го­вина құрамасы да өз тарихында алғаш рет плей-офф кезеңіне шықты. Бал­қандық ұжым 2 шілде күні АҚШ құра­масымен күш сынасады.

2002 жылдан бері әлем чемпионы атана алмай келе жатқан Бразилия құрамасы кеше түнде Хьюстондағы «Эн-Эр-Джи Стэдиумда» Жапониямен кездессе, Арлингтон қаласындағы «Эй-Ти-энд-Ти» стадионында Кот-д’Ивуар мен Норвегия құрамалары өзара бақ сынады. Дәл осы стадионда 3 шілде күні Аустралия мен Мысыр құрама­лары кездеседі.

Араға жиырма жыл салып әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне қайта шыққан Эквадор құрамасы Мехи­кодағы әйгілі «Ацтека» стадио­нын­­да алаң иелері – Мексика құрама­сына қарсы ойнайды.

Ал Англия құрамасы АҚШ-тың Атланта қаласындағы «Мерседес-Бенц Стэдиумда» Конго Демократиялық Республикасы құрамасымен кездеседі. Канаданың Ванкувер қаласындағы «Би-Си Плэйс» стадионында Швейцария мен Алжир құрамалары шеберлік байқасса, Канзас-Ситидегі «Эрроухед» стадио­нында Колумбия мен Гана құра­ма­­лары келесі кезеңнің жолдамасын сарап­қа салады.

Осылайша, әлем чемпионаты шешуші кезеңіне қадам басты. Топтық кезеңде тосын нәтижелер аз болған жоқ. Енді плей-офф ойындарында қате­ле­суге мүмкіндік жоқ. Сондықтан әрбір кездесу финалға бергісіз тартыс­қа толы болмақ. Әлемнің үздік құрама­лары чемпиондық атақ үшін күресті жал­ғастырып жатқанда, футбол жан­күйер­лерін алда бұдан да қызықты әрі драмалық матчтар күтіп тұр.

Бөлісу:
Плей-офф кезеңі басталды · Egemen Qazaqstan