Атырауда ер адам досының телефонын ұрлап, 1,2 млн теңгеге сауда жасаған
<p class="isSelectedEnd">Атырау тұрғыны бала күнгі досының телефонын ұрлап, оның есепшотынан 1,2 миллион теңгеден астам қаражат жұмсағаны үшін сотталды. Ұзақ уақыттан кейін кездескен екі таныс бірге отырып ішімдік ішкен. Біраз уақыттан соң олардың бірі қатты масайып, ұялы телефонын қараусыз қалдырған. Осы сәтті пайдаланған танысы смартфонды жасырын алып кеткен, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

Тергеу барысында күдіктінің құпиясөзді тауып, құрылғыдағы банк қосымшасына қол жеткізгені анықталды. Ол такси шақырып, қаладағы бірнеше сауда орнына барған. Бірнеше сағат ішінде Kaspi Red қызметі арқылы жалпы құны шамамен 245 мың теңгеге темекі өнімдерін сатып алған.
Бұдан бөлек, ол жәбірленушінің есепшоты арқылы мейрамханада тамақ ақысын төлеп, кейін қосымша арқылы құны 805 мың теңге болатын iPhone 16 Pro Max смартфонын тауарлық несиеге рәсімдеген. Тапсырыс кодын пайдаланып, жаңа телефонды дүкеннен еш кедергісіз алып кеткен.
Батыс Қазақстанда 7 студент алаяқтарға көмектескені үшін сотталды
Сондай-ақ күдікті жәбірленушінің жеке куәлігін пайдаланып, комиссиондық дүкенге 60 мың теңгеге өткізген. Ал жаңадан алған iPhone смартфонын Instagram арқылы белгісіз адамға 600 мың теңгеге сатып жіберген. Темекі өнімдерін де базарда өткізіп, қолма-қол ақшаға айналдырған.
Салдарынан жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 1 миллион 225 мың 376 теңгені құрады.
Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, әрекетін қаржылық қиындықтармен байланыстырды. Ол өкініш білдіріп, кешірім сұрағанымен, жәбірленуші оны кешіруден бас тартқан.
«Қауіпсіз шотқа ақша аударыңыз»: Ақтөбе тұрғынының қомақты қаржысын алаяқтар иемденіп кеткен
Сот шешімімен ер адам кінәлі деп танылып, 2 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған жәбірленушіге келтірілген материалдық шығынды толық өтеу міндеттелді.
