Президент
2 мин оқу 60

Президент: Аймақтағы мұнай-газ өндіретін жетекші мемлекет ретінде мықты инфрақұрылым қалыптастыруымыз қажет

<p>Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстанда ауқымды инфрақұрылымдық құрылыстарды қарқынды жүргізу қажет екенін айтты, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

Президент: Аймақтағы мұнай-газ өндіретін жетекші мемлекет ретінде мықты инфрақұрылым қалыптастыруымыз қажет

Президент авиациялық отынға қатысты мәселелерді толық шешуге мүмкіндік беретін заманауи инфрақұрылым қалыптастыру керек екенін айтты.

«Біз аймақтағы мұнай-газ өндіретін жетекші мемлекет ретінде авиа-отынға қатысты мәселелерді толық шешуге мүмкіндік беретін мықты инфрақұрылым қалыптастыруымыз қажет. Бұл – аса маңызды және шұғыл міндет. Бәріңізге мәлім, мен жақында Брюссельге жұмыс сапарымен барып, Еуропалық Одақтың басшыларымен келіссөздер жүргіздім. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту мәселесіне баса мән берілді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының мәліметінше, кейінгі алты жылда Орта дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі бес есе өсіп, жылына 4 миллион тоннадан асқан. Бұл нәтижеге теңіз тасымалын дамыту мен порт инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарының арқасында қол жеткізілген.

«Орта дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі кейінгі алты жылда бес есе ұлғайып, бір жылда 4 миллион тоннадан асты. Бұл, негізінен, теңіз тасымалын дамыту және порт инфрақұрылымын жаңғыртудың арқасында мүмкін болды. Әрине, Парламент тарапынан жасалған заңнамалық қолдау осы саланың қарқынды дамуына күшті серпіліс берді. Атап айтқанда, 2023 жылдан бері көлік-логистика секторын жан-жақты дамытуға бағытталған 8 заң қабылданды. Бірқатар халықаралық келісім де ратификацияланды. Осындай нақты шараларды қабылдау арқылы Қазақстан аймақтағы сенімді энергетика донорына айналмақ. Сондай-ақ еліміз алдағы уақытта аймақтағы жетекші көлік-логистика торабы ретінде жоғары қарқынмен дамитын болады. Бұл – Үкімет алдында тұрған айрықша маңызды міндет», деді Мемлекет басшысы.

Президент Үкімет алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – кең ауқымды құрылыс жұмыстарын жүргізу екенін айтты.

«Жалпы, біздің алдымызда аса маңызды, өте жауапты және шұғыл міндет бар: бұл – кең ауқымды құрылыс жүргізу. Елімізде неғұрлым құрылыс көп болса, Қазақстан да соғұрлым өркендей береді. Ең алдымен, бұл – негізгі инфрақұрылымға қатысты мақсат. Біз теміржолдарды, автожолдарды, әуежайларды, вокзалдарды, сумен қамтамасыз ететін ірі құрылғыларды, өндіріс және өнім кәсіпорындарын, қала ғимараттарын және тағы басқа нысандарды жоғары қарқынмен салуымыз керек. Қаражат деген уақытша дүние, оның құны жыл сайын төмендеп бара жатыр, ал оны тиімді пайдалану, бұл – нақты нәтижелерге қол жеткізу, тиісті нысандарды өскелең ұрпақтарға аманат етіп қалдыру деген сөз. Әлеуметтік мемлекет боламыз деп, қаражатты талан-таражға салуға болмайды. Осындай қысқа, шолақ ойлы саясатты біздің ұрпақтарымыз түсінбейді де, кешірмейді де. Басқа сөзбен айтқанда, Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдыруымыз керек» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салайық, елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр. Жиында Мемлекет басшысы қос палаталы Парламентте отыз жылдың ішінде 3,5 мыңға жуық заң қабылданғанын атап өтті. 

Бөлісу: