Алматы облысындағы өрт салдарынан 8 отбасы баспанасыз қалды
<p>Алматы облысындағы Белбұлақ ауылында болған алапат өрт салдарынан сегіз отбасы бір күнде баспанасынан айырылды. Қазір тұрғындардың бір бөлігі туыстарын жағаласа, енді бірі уақытша қора-жайларда күнелтіп отыр, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

Оқиға сенбі күні кешкі уақытта болған. Тұрғындардың айтуынша, қатты желдің салдарынан ағаштың қураған бұтағы электр сымдарының үстіне құлап, қысқа тұйықталу болған. Салдарынан өрт тез таралып, сегіз пәтерлі бір қабатты тұрғын үйді толықтай шарпыған.
Өрттен кейін ғимараттың орны ғана қалған. Жалын шатырды, терезелерді, есіктерді, тұрмыстық техниканы және тұрғындардың барлық мүлкін жойып жіберген. Көптеген отбасы құжаттары мен жинаған қаражатынан да айырылған.
Зардап шеккендердің бірі Александр Барабанов үйімен бірге барлық дүние-мүлкінің жанып кеткенін айтады. Қазір ол көлігінде немесе далада түнеуге мәжбүр. Ал жұбайы төрт баласымен уақытша қорада тұрып жатыр. Отбасы сол жерде ұйықтап, тамақты да дала жағдайында әзірлейді.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт туралы хабар кеш түскен. Құтқарушылар оқиға орнына жеткен кезде ғимарат толықтай отқа оранып үлгерген. Мамандардың айтуынша, қатты жел мен ғимараттың құрылыс ерекшеліктері жалынның жылдам таралуына әсер еткен.
Бұған дейін, Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Қараөткел ауылында екі пәтерлі жеке тұрғын үйден өрт шыққанын хабарлаған едік.
Еске салайық, Ақтөбеде көпқабатты үйден өрт шығып, 34 адам эвакуацияланған еді.
