Жамбыл облысында Орталық Азиядағы ең ірі жел электр станциясының құрылысы басталды
<p><strong>29 маусымда Сарысу ауданында қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр станциясының құрылысына арналған капсула салу рәсімі өтті. Жоба жаңартылатын энергия көздері саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын Masdar компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz.</a></strong></p>

Астанада өткен телемост форматындағы салтанатты рәсімге Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, Masdar компаниясының басқарма төрағасы Мұхаммед Әл-Рамахи құттықтау сөз сөйледі. Жоба жүзеге асырылатын алаңнан телемостқа «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов қосылды.
Жоба шеңберінде қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр станциясы мен сыйымдылығы 600 МВт/сағат энергия жинақтау жүйесі салынады. Жобаның жалпы құны – 742 миллиард теңге. Инвестициялық жобаны сүйемелдеу «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы» АҚ-ның қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.
«Бұл бастаманың дәл Жамбыл облысында жүзеге асырылуы өңірдің жоғары инвестициялық әлеуетін және халықаралық серіктестердің сенімін айқын көрсетеді», деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.
«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұловтың айтуынша, «KAZAKH INVEST» үшін бұл жобаны қолдау тек инвестиция тарту емес. Бұл ел экономикасына ұзақ мерзімді пайда әкелетін, өңірдің дамуына әсер ететін және Қазақстанның халықаралық инвестициялық имиджін күшейтетін стратегиялық жұмыс.
«Біз үшін ең маңыздысы – әрбір инвестициялық жоба нақты нәтиже беруі керек. Бұл жобаның нәтижесі айқын: оңтүстік өңірлерге қосымша қуат, елге таза энергия, экономикаға инвестиция, ал болашаққа – тұрақты даму», деді Сұлтанғали Кенжеқұлов.
Жел электр станциясын 2029 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша Қазақстандағы көшбасшы өңірлердің бірі. Өңірде жалпы қуаты 571,3 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 22 нысаны жұмыс істеп тұр.
Бұған дейін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен «Karaganda Wind Power» компаниясының төрағасы Шао Юэбо аймақтық экологиялық саммит барысында жел электр станциясын салу жөніндегі инвестициялық келісімге қол қойғанын, Қарағанды облысында қуаты 500 МВт жел электр станциясы салынатыны туралы хабарлаған едік.
