Спорт
3 мин оқу 30
Жарыс күнделігі
<p style="text-align: left;">Еліміздің жасөспірімдер құрама­сы Паттайяда (Таиланд) өткен Азия біріншілігін (U15) 20 жүлдемен қорытын­дылады. Оның 4-еуі алтын, 5-еуі күміс, 11-і қола.</p>

- Еркін күрес шеберлерінің сайысында Мирас Әбдікәрім (41 кг) алдына жан салмаса, Бектөре Заманбек (44 кг), Әмір Серік (48 кг), Наиль Зейналов (68 кг), Ерсұлтан Сүлеймен (75 кг) финалда ұтылды. Дамир Салават (38 кг), Мадияр Әбдікәрімов (52 кг), Бибарыс Түзелбаев (57 кг), Зелимхан Цицкиев (85 кг) үздік үштікті түйіндеді. Грек-рим күресінен Роллан Ким (48 кг), Даниал Қанатбай (52 кг), Ералы Мұратов (85 кг) алтын алса, Айтуған Осман (57 кг) күміспен күптелді. Берекет Исмағұлов (38 кг), Райымбек Жақсылық (41 кг), Нұралы Амангелді (44 кг), Руслан Бәкір (68 кг) қолаға қол жеткізді. Қыздар жарысында Раян Жамсапқызы (46 кг), Жәмилә Мехдиева (50 кг), Елнара Керімова (66 кг) жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді.
- Футзалдан ел чемпионаты аяқталды. Бас жүлде үшін тартыс «Қайрат» пен «Семей» арасында өтті. Төрт кездесуден кейін таразы басы теңселіп тұрды. Есеп – 2:2. Шешуші матч Семейде ұйымдастырылды. Бәсеке барысында қонақтар екі мәрте (Эдсон Сантос, Жулио Занотто) алға шыққанымен, алаң иелері екі ретінде де (Камиль Герейханов, Кандидо) таразы басын теңестірді. Экстра-таймда Біржан Оразовтың соққан голы алматылықтарға жеңіс сыйлады – 3:2.
- Теннистен «Үлкен дулыға» санатындағы «Уимблдон» турнирінің алғашқы айналымы аяқталды. Кеше еліміздің бірінші ракеткалары кортқа шықты. Тұсаукесер кездесуінде Елена Рыбакина Францияның теннисшісі Лоис Буассоннан 6:4, 1:6, 6:3 есебімен басым түсті. Александр Бублик бес сеттік сайыста аустралиялық Тонакис Кокинакисті жеңді – 4:6, 6:3, 6:7, 6:3, 6:4.
- Лос-Анджелесте (АҚШ) үстел теннисшілерінің «United States Smash» турнирі өтті. Жарыста Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында жеңіс тұғырына көтерілген Ван Чуцинь (Қытай), Трульс Морегард (Швеция), Томокази Харимото (Жапония), Феликс Лебрун (Франция), Уго Кальдерано (Бразилия), Сунь Инша (Қытай), Ван Маньюй (Қытай), Мива Харимото (Жапония), Сабина Винтер (Германия), Хина Хаята (Жапония), басқа да атақты спортшылар сайысқа түсті. Солармен қатар біздің Кирилл Герасименко мен Зәуреш Ақашева да өнер көрсетті. Өкінішке қарай, Кирилл тұсаукесер кездесуінде әлем чемпионатының күміс жүлдегері, жапониялық Сора Мацусимадан ұтылды. Зәуреш швециялық Кристина Калльберг пен үндістандық Диа Читалені жеңіп, үшінші кезеңде сингапурлық Тан Чжао Юнға есе жіберді.
- 4-5 шілдеде Португалияда батуттағы гимнастикадан Әлем кубогі өтеді. Пиреней түбегінде Никита Тумаков, Роман Барков, Ерлан Тасмағамбетов, Виктория Бутолина, Евгения Чернышова сайысқа түседі. Одан кейін жарыстың келесі кезеңі Швейцарияда ұйымдастырылады.
- Швейцарияның Ньонында футболдан қыздар арасындағы (U17) іріктеу турнирінің бірінші кезеңінің жеребесі тартылды. Еліміздің құрамасы «А» лигасындағы 3-топқа түсті. Қарсыластарымыз – Германия, Чехия, Исландия құрамалары.
- 4 шілдеде шымылдығы түрілетін «IBA Nomad» турнирінің толық карды белгілі болды. Басты жекпе-жекте Васиф Аббасов пен ресейлік Ибрагим Исламов айқасады. Олар орта салмақтың чемпиондық белбеуіне таласады. Одан кейінгі негізгі бәсекелерде Жұман Жұмабеков бразилиялық Диего Брандаомен, Арман Әшімов америкалық Джефф Молинамен күш сынасады. Одан бөлек, Мұхит Амантаев пен Әнуарбек «Мотиватор» Бекембетов, Еркебұлан Тоқтар мен Артём Тарасов, Бекжан «Аю» Бәкіров пен Даниял «Т-34» Елбаев (Ресей), Әділжан «Адос» Сәндібеков пен Абдумәлік «Абби» Эрбутаев (Өзбекстан) арасындағы сайыстар да жанкүйерлердің зор қызығушылығын тудырып отыр.
Бөлісу:
