Мирас
4 мин оқу 50

Көнеден жеткен киелі аспап

<p style="text-align: left;">Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде 300-ге жуық домбыра бар. Экспозициялық залдарда халқымыздың, сондай-ақ әлемнің 50-ден астам елінің музыкалық аспаптары қойылған.</p>

Көнеден жеткен киелі аспап

Музейдің кіші ғылыми қызметкері Жансая Қожаханның ай­ту­­­­ын­ша, музей экспозициясындағы ең көне домбыра Махамбет Өтемісұлына тиесілі. Батырдың жорықтарда серігі болған домбырасы белгілі музыкант Арыстан Баталовтың қолында болған. Ол  кісі қайтыс болғаннан кейін 1931 жылы домбыраны оның бауыры Қызылордаға алып кетеді. Күйші Сейтек Оразалыұлы әдейілеп із­деп барғанда домбыраның Ресей асып кеткені белгілі болады. Осылайша, қолдан-қолға өткен аспапқа 1974 жылы Елеу деген кісі иелік етсе, 1981 жылы халық мұраларын жинаушы, зерттеуші Мұстафа Ысмағұлов музейге әкеліп тапсырады. Шанағы сол күйінде сақталғанымен, домбыраның бет тақтайы ауыстырылған.

Мемориал залында батыс­қазақ­­­­стандық шебер Едіге Нәбиев жасаған Құрманғазы Сағырбай­ұлы домбырасының көшірмесі бар. Аспап музей қорына 2018 жылы табысталған. Домбыраның түпнұсқасы Астрахандағы Құр­ман­ғазы атындағы мәдени орта­лықта сақтаулы.

«Абай, Біржан сал, Ақан сері, Жамбыл, Дина Нұрпейісова, Ахмет Жұбанов, Нұрғиса Тілендиев, Мағауия Хам­зин және басқа да белгілі тұлға­лардың аспаптары музей жәдігер­ле­рінің мазмұнын байыта түседі. Келушілер әр аспапқа ерекше қызы­ғушылықпен қарайды. Мұн­да­ғы ерекше жәдігердің бірі – Ақан сері Қорамсаұлының домбырасы. Домбыра Ақтоқты ұр­пақтарының қолында ұзақ сақ­та­лып келгені белгілі. Жазушы Сәкен Жүнісов «Ақан сері» романын жазып жүргенде өңірді аралап жүріп осы домбыраны тауып алады. Қаламгер шаңырағында ұзақ жыл сақталған аспапты музейге 2017 жылы Сәкен Жүні­­сов­­­тың қызы Гүлмира Сәкен­қызы та­быстады», дейді Жансая Қожахан.

Қазақтың күй өнерінің негізін салып, бүгінгі күнге жеткізіп кеткен күйші бабаларымыз аз емес. Қазақ даласының әр өңірінде туған олардың әрқайсысы өзіндік стилімен ерекшеленеді. Сондай дербес мектептің негізін қалап кеткен халық күйшісі – Қазанғап Тілепбергенұлы. Әйгілі күйші-композитор Қазанғаптың домбырасын шәкірті Сәдуақас Балмағамбетов сақтап келген. Музей қорына 2009  жылы жұбайы Бәтима Балмағамбетова өткізген. 

ХІV–XVII ғасырлардағы халық ауыз әдебиетінің құнды жәдігері «Қырымның қырық батырын» біздің заманымызға жеткізген  Мұрын жыраудың домбырасы да өз тари­хымен ерекшеленеді.

Музейдегі тағы бір сирек жәдігер – Абайдың домбырасы. Аспапты ұлы Ақылбай да қолданған. Ұлы ақынның төрт домбырасы болған деседі. Кейін­нен Ақылбайдың ұлы Исраилға мұра болып қалған домбыра облыстық, республикалық дең­­гей­дегі байқауларда иесіне серік болған. Исраил 1959 жылы дүние салғаннан кейін жәдігер Семей­де­гі Абай Құнанбайұлының әдеби-мемориалдық музейіне тап­сы­рыл­ғаны жайындағы деректер домбыраның тарихын терең­­дете түседі. Аспаптың ерекшелігі үш ішекті болып келуінде. Қарағайдан жасалған 12 пернелі аспаптың ұзындығы 88 см. Ал мойны 50 сантиметр болатын үш құлақты қоңыр домбыраның шанағында 10 дыбыс саңлауы бар. 1981 жылы осы музей ашылғанда Өзбекәлі Жәнібеков белгілі тұлғалардың аспаптарын жинай бастайды. Домбыра Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің қорына сол жылы алынған.

Қордағы тағы бір құнды экспонат – Шәкәрім Құдайбердіұлының домбырасы. Шәкәрім өнерінің жана­шыры меценат Медғат Құлжанов жәдігерді Ықылас атын­­дағы халық музыкалық аспап­тар музейі­не 2019 жылы өткізген.

Қазақ халық поэзиясының көрнекті өкілі, жыршы, жырау Жамбыл Жабаевтың домбырасы жұмыр шанақты келеді. Шанағы сегіз бөліктен жасалған. Аспапты жасаған шебердің аты-жөні белгісіз. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің он күндігінен кейін Жамбыл жыраудың өзі атақты күйші Лұқпан Мұхитовқа домбырасын аманат етеді. Ал музей қорына домбыраны Лұқпан Бейсеновтің жары Тәмті Ибрагимова 1990 жылы тапсырған.

Музейдегі тағы бір ерекше жәдігер – Дина Нұрпейісованың домбырасы. Шевченко қаласында сақталып келген жәдігер музей қорына 1981 жылы алынған. Шәкәрім Құдайбердіұлының домбырасы да сыры көп жәдігер­лер қатарында. Ақынның ұлы Ақат сақтап келген аспап кейін­нен қолдан-қолға өтіп, 2018 жылы белгілі меценат Махат Қожанов музейге әкеліп табыстайды.

Музейде күйші композитор Мағауия Хамзиннің домбырасы да бар. Шертпе күй орын­дау­шы­лығымен ғана емес, шебер ре­тінде танылған ол домбырасын өзі жасаған. Қазақ музыкасын зерттеген көрнекті ғалым Ахмет Жұба­нов­тың қызы Ғазиза Жұба­но­ва тапсырған домбыра да осы музей қорында тұр.

Музей қызметкері Жансая Қожаханның айтуынша, аспаптарды өңірлік ерекшелігіне қарай ажыратуға болады. Мысалы, Абай, Біржан салдың домбырасы қа­лақ­­ша пішіндес. Мұндай аспап Шығыс Қазақстан, Арқа, солтүстік өңірлерге тән үлгіде жасалып, шертпе күй­лер, әндер сүймелденеді. Ал жұмыр шанақты домбыралар Батыс Қазақстан, оңтүстік өңірлерде төкпе күйлерді орындауда қолданылады. Домбыралар көбіне көршілес ел аспаптарына ұқсас келеді әрі екі, үш ішекті болып бөлінеді. Үш ішекті домбыра қазір өте сирек кездеседі. Мұндай аспап түрі Шығыс Қазақстан өңі­ріне тән.

Музейде сондай-ақ Қамар Қасымов, Зейнолла Смағұлов, Жақсылық Оспанов сынды шеберлер қолынан шыққан домбыралар сақтаулы. 

АЛМАТЫ 

Бөлісу:
Көнеден жеткен киелі аспап · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар