Бекзат болмыс иесі
<p style="text-align: left;">Қазақтың топырағы киелі ғой, шіркін. Қызылжар өңірінде де талай жақсы мен жайсаң өмірге келді. Есте жүрген есімдердің арасында елдің дамуына, қазақтың ұлт ретінде танылуына өлшеусіз үлес қосқандары қаншама?! Бүгін солардың бірегейі, өнердің шыңы атанған операның дүлділі – Кеңес одағының, Қазақстанның халық әртісі, Еңбек Ері Ермек Серкебаевтың туғанына 100 жыл толды. Қазақ елінің мақтанышына айналған өнер майталманы теңдессіз дауысымен ғана емес, биік мәдениетімен, зиялылығымен және сегіз қырлы өнерімен танылған ерекше тұлға еді.</p>

«Мен жөнінде не өзім, не өзгелер – ең болмаса бір жапырақ кітап жазбаппыз. Міне, енді ештен кеш жақсы дегендей, сол олқылықтың орны тола ма деп отырған жайым бар», деп жазыпты Ермек Серкебаев «Ән – ғұмыр» атты эссе-диалог кітабының алғысөзінде.
Өмір бойы халықтың қошеметіне бөленіп, биік атақтар мен марапаттарға ие болса да, ол өз жетістіктерін дабыралап айтуды мақсат етпепті. Оған Алаш зиялыларының бірі, педагог әрі жазушы Бекмұхамед Серкебаевтың отбасында тәрбиеленіп, бойына қанмен сіңген тектілігі де әсер еткен болар.
Бар күш-жігерін өнерге арнап, сахнадағы еңбегін өзінің басты өмірлік миссиясы санады. Алайда Ермек Серкебаевтың ғұмыры мен шығармашылық жолы бір ғана кітапқа емес, тұтас бір зерттеуге арқау боларлықтай бай мұра екені сөзсіз. Өйткені оның тағдыры арқылы қазақ опера өнерінің қалыптасу және даму кезеңдерін, ұлттық мәдениеттің өркендеу тарихын, тұтас бір дәуірдің тыныс-тіршілігін тануға болады.

Өзі бір естелігінде: «Театр табалдырығын аттаған күннен бастап, мені керемет шығармашылық топ қарсы алды», – деп жазған болатын. Алдыңғы буын – Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Серғали Әбжанов, Әнуарбек Үмбетбаев сынды саңлақтармен, кейінірек ағайынды Абдуллиндер, Кәукен Кенжетаев, Шабал Бейсекова, Үрия Тұрдықұлова, Манарбек Ержанов, Рахима Мұсабекова, Антонина Круглыхина, Александр Казакевич, Анатолий Овченников, Зиновий Колтон, Ольга Молчанова сияқты өнер қайраткерлерімен бірге еңбек етті. Театр тарихының даңқты кезеңін қалыптастырған осындай алып тұлғалардың ортасында шыңдалған Ерекең аз уақыттың ішінде ұлттық опера өнерінің феноменіне айналды.
Абай атындағы опера және балет театрының сахнасында ол Абай, Ер Тарғын, Алпамыс, Евгений Онегин, Фигаро, Петручио, Олег Кошевой, Володя секілді ұлттық және әлемдік классика кейіпкерлерінің образдарын асқан шеберлікпен сомдады. Әрбір партияны орындаған сайын әнші кейіпкердің жан дүниесін ашып, көрерменді өнердің тылсым әлеміне жетелей берді. Сондықтан да оның орындауындағы рөлдер қазақ опера өнерінің алтын қорына енді.

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«Отыз екі-отыз үш жасымда Қазақстанның және КСРО-ның Халық әртісі атандым. Барлық кезде көрермендерге де, өзіме де бек ұнайтын «Севиль шаштаразындағы» Фигароның каватинасын өмірімнің қызығы деп білемін. Бірнеше мәрте Мемлекеттік сыйлыққа ие болып, Социалистік Еңбек Ері атануым да еңбегімнің еленіп, мерейімнің артқанына айғақ», деді өнер тарланы.
Бұл сөздер Ермек Серкебаевтың даңқ пен марапатқа мастанбағанын, керісінше, өнерді өмірінің басты мұраты санағанын аңғартады. Ол үшін ең үлкен марапат – халықтың ықыласы мен көрерменнің құрметі болды. Сахнаға шыққан сайын тыңдарманын жаңа қырынан таңғалдыруға тырысқан әнші әр рөлге үлкен жауапкершілікпен қарады. Сондықтан оның орындауындағы әрбір партия өнерсүйер қауымның жүрегінде сақталып қалды.
Ермек Серкебаев тек опера сахнасында ғана емес, кино өнерінде де өзіндік қолтаңбасын қалдырған. Ол жайында да өзі айтты. «Жақын досым Шәкен Аймановтың арқасында мен үш музыкалық «Біздің сүйікті дәрігер», «Ән шақырады», «Тақиялы періште» фильмдеріне түстім. Осы жанрдағы Ш.Айманов шығармалары біздің киностудионың ең үздік, сәтті шыққан фильмдері саналады. Ол, әрине, Шәкен ағаның өзінің үлкен музыкалық қабілетіне байланысты еді. Өкінішке қарай Шәкен Аймановтан соң бір де бір музыкалық фильм көре алмадым». «Біздің сүйікті дәрігер» фильмінде орындаған «Надо мной небо синее» әні оны бүкіл халықтың сүйіктісіне айналдырды. Табиғи болмысы, актерлік шеберлігі мен әсем дауысы үйлесім тапқан бұл образ көрермен жадында мәңгі сақталды. Фильм экранға шыққаннан кейін әншіге деген халық ықыласы бұрынғыдан да артып, оның есімі өнерсүйер қауым арасында кеңінен танылды.
Ермек Серкебаев жайында жазылған материалдарды оқығанда ұлттық өнерге деген шынайы жанашырлығы мен мәдени мұраға деген жауапкершілігі айқын аңғарылады. Оны тек орындаушы ғана емес, қазақ музыкасының өткені мен бүгініне бейжай қарамайтын зиялы тұлға ретінде танисыз. Ерекең үшін классикалық туындылар – өткеннің сарқыншағы емес, ұлт руханиятының мәңгілік қазынасы болатын.
«Абай» операсының афишасына жазылатыны болмаса, қайран Ахмет Жұбановтың аты да аталмайтын болып барады емес пе? Бірнеше бөлімнен тұратын «Тәжік билері» насихатталмайтынына таңмын. Ол деген классика ғой. Меніңше, кеңес дәуіріндегі қазақ композиторларының ең болмаса лирикалық сарындағы шығармаларын жиі-жиі насихаттағаннан ұтпасақ, ұтылмаймыз», деген болатын Ермек Серкебаев.
Оның алаңдаушылығы да орынды еді. Өйткені өнердің тағдыры оны үздіксіз насихаттап, жаңа ұрпақтың санасына сіңіре білуге байланысты. Егер классикалық шығармалар сахнадан сиреп, эфирден аз естілсе, уақыт өте келе олардың авторлары мен туындылары халық жадынан көмескілене бастайды. Ал Ахмет Жұбанов сынды алыптардың еңбегі мұндай ұмыт қалуға лайық емес. Жаңа шығармашылық ізденістер мен заманауи бағыттар қаншалықты маңызды болса, классикалық мұраны сақтау мен дәріптеу де соншалықты қажет. Осы ұстаныммен өнер майталманы Күләш Байсейітова атындағы республикалық әншілер байқауына ұзақ жылдар бойы қазылық еткен кезде жас таланттардың бағын ашуға атсалысты. Ол байқауға тек төреші емес, қазақ вокал өнерінің болашағына алаңдайтын жанашыр тұлға ретінде қарады. «Білікті, сауатты, әлемнің кез келген түкпірінде өздерін биік деңгейде көрсете алатын кәсіби әншілер қатары толығып келе жатқанына марқайдым, масаттандым, кейбір күдік-күмәндер сейілгендей болды», деген.
Бұл сөздер оның кейінгі буынға деген сенімін, қазақ вокал мектебінің болашағына деген зор үмітін аңғартады. Өнер тарланы үшін жас әншілердің жетістігі жеке қуанышпен пара-пар болатын. Өйткені ол ұлттық опера өнерінің келешегі талантты жастардың қолында екенін жақсы түсінді. Мағжанша жастарға сенім артқан Ерекеңнің есімін келер ұрпақ жадында мәңгіге қалдыру мақсатында Қызылжар өңірі Петропавл қаласындағы өнер колледжі – өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп – интернат кешенін Ермек Серкебаевтың есімімен атады. Іргелі білім ордасы өңірдегі өнерлі жастардың буынын қатайтып, қанаттандырып жатыр.
Сонымен қатар елімізде Ермек Серкебаев есімін ұлықтау және оның бай шығармашылық мұрасын келер ұрпаққа насихаттау мақсатында ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Ұлт мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан өнер тарланының есімі еліміздің әр өңірінде құрметпен дәріптелуде.
Петропавл қаласында Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжі – өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешені табысты жұмыс істеп, жас таланттардың қанат қағуына жол ашып келеді. Астана қаласында Ермек Серкебаев атындағы №3 балалар музыка мектебі көптеген жас өнерпазға сапалы музыкалық білім беруде. Алматы қаласында даңқты әншінің есімі берілген даңғыл бар. Сондай-ақ Ермек Серкебаев атындағы мәдениет және өнерді қолдау қоры оның шығармашылық мұрасын зерттеу, насихаттау, мәдени бастамаларды қолдау бағытында маңызды жұмыс жүргізіп келеді. Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі көрнекті опера әншісінің 100 жылдық мерейтойына орай естелік монета шығарды.
Баяғыда Ермек Серкебаев бір сұхбатында: «Егер 80-ге келгенде аяқ-қолым сыр бермей, сахнаға шықсам, дәл осы дауысыммен ән салар едім. Өйткені баритон өзгермейді» деген еді. Бұл тілегі орындалды. Өнер иесінің үлкен сахнадағы соңғы өнер көрсетуі 2006 жылы Мәскеу консерваториясының Үлкен залында өтті. Тектінің тұяғы, асылдың сынығы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ермек Серкебаевтың шығармашылық мұрасы – халқымыздың баға жетпес рухани қазынасы. Ұлы өнер иесінің ғасырлық мерейтойы – бір тұлғаның мерекесі ғана емес, қазақ мәдениеті мен өнерінің мерейін асыратын маңызды дата. Өйткені Ермек Серкебаевтың есімі халқымен бірге жасайтын, ұлт руханиятының алтын әріппен жазылған асыл мұраларының бірі болып қала береді.
Сәуле МӘЛІКОВА,
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты