Спорт
2 мин оқу 40
Жарыс күнделігі
<p style="text-align: left;">Лондондағы «Уимблдон» турнирінде Қазақстанның теннисшілері түгел ұтылды. Не жекелеген, не жұптық бәсекеде бірде-бір жерлесіміз қалмады.</p>

- Сол себепті де біздің жанкүйерлер назары толықтай жастар жарысына ауды. Бұл тартыста Заңғар Нұрланұлы өзін жақсы қырынан көрсетті. Аса шиеленісті өткен тұсаукесер кездесуінде ол словакиялық Леон Слободқа сан соқтырды – 3:6, 7:6, 7:6. Екінші кезеңде қандасымыз аустралиялық Даниэл Йовановскиді бас көтертпей ұтты – 6:1, 6:1. Енді ол германиялық Венсан Рисашпен шеберлік байқасады.
- Бокстан Джакартада (Индонезия) жастардың Азия біріншілігі басталды. U23 санатындағы жарыста ерлер арасында Нұрзат Оңғаров (50 кг), Бексұлтан Боранбек (55 кг), Нұрасыл Төлебек (60 кг), Асылхан Көшербай (65 кг), Нұрбек Мұрсал (70 кг), Аман Қонысбек (75 кг), Өнер Сейілхан (80 кг), Темірлан Мұқатаев (85 кг), Ибрагим Битаев (90 кг) және Аслан Елдібайұлы (+90 кг) жұдырықтасса, әйелдер сайысында Гүлназ Бөрібаева (48 кг), Анита Әдішева (51 кг), Сымбат Әлиасқар (54 кг), Ұлжан Сәрсенбек (57 кг), Аяжан Ермек (60 кг), Аружан Жаңабаева (65 кг), Әзиза Исина (70 кг), Шұғыла Нәлібай (75 кг), Құралай Егінбайқызы (80 кг) және Панар Сейітханқызы (+80 кг) бақ сынайды.
- 10–12 шілде аралығында Миланда (Италия) көркем гимнастикадан өтетін Әлем кубогінің жекелей сында Қазақстан құрамасының намысын Ақмарал Ерекешева мен Айбота Ертайқызы қорғаса, топтық жаттығуларда Айзере Кеңес, Жасмин Жүнісбаева, Кристина Чепульская, Мадина Мырзабай, Айзере Нұрмағамбетова, Аида Хәкімжанова өнер көрсетеді.
- Ұланбатырда (Моңғолия) жасөспірімдер арасында бокстан халықаралық турнир аяқталды. Бұл жарыста Жақсылық Молдахановтың шәкірттері алты жүлде алды. Елнұр Назарбаев (44 кг), Дінмұхамед Молдахан (67 кг), Айбын Мәжит (+70 кг) бас жүлдені олжаласа,Талғат Серікбай (40 кг), Ақжол Күшбай (52 кг), Нұрислам Қаржаубай (61 кг) күміспен күптелді.
- Көкшетауда үшсайыстан ұйымдастырылған ел чемпионатында Ақмола облысының құрама командасы табысты өнер көрсетті. Осы өңірдің Аян Бейсенбаев (M-ELITE), Арлан Жаңабай (M-U23), Александр Суховольский (M-U15), Полина Степченко (F-U15), Сафия Қайырбекова (F-U13) сынды спортшылары алдарына жан салмады. Астаналық Диана Ержанова (F-ELITE), Рамина Ағабаева (Ғ-U23), қостанайлық Володар Мощенко (M-U13) да жеңіске жетті.
- Краковта (Польша) спорттық құзға өрмелеуден өткен Әлем кубогіндегі жерлестерімізге медаль бұйырмады. Ерлер сайысында Ришат Хайбуллин – 13, Дамир Тоқтаров – 21, Әмір Маймұратов – 22, Әлішер Мұрат – 49, Рашид Хайбуллин 50-орындарды иеленді. Әйелдер арасында Тамара Улжабаева – 32, Анна Баларшина – 46, Арина Новицкая 57-сатыға тұрақтады. Жігіттер эстафетада 9-орын алса, қыздар 15-орынды қанағат тұтты.
- Екінші жартылай жеңіл салмақта сайысқа түсіп жүрген Евгений Павлов (11-0,8 КО) өзінің келесі кездесуін 18 шілдеде АҚШ-тың Хановер қаласында колумбиялық Альбейро Паредеске (14-2, 12 КО) қарсы өткізеді.
Бөлісу:
