Жеке мектептерді қаржыландыру тәртібі өзгереді
<p style="text-align: left;">Еліміздегі жекеменшік мектептер мемлекеттен жан басына қаржы алады. Алайда шын мәнінде оқымайтын балаларға да мемлекеттен ақша тартып келген жағдайлар анықталды. Осыған орай Үкіметке мәселені шешу тапсырылған-ды. Қолға алынған шаралар барысын баяндау мақсатында Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өтті.</p>

Баспасөз жиынында сөз алған Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов жеке білім ошақтарын мемлекеттік қаржыландыру жүйесін реформалау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, осы жұмыстың маңызды кезеңінің бірі былтырғы 12 қарашадан бастап «OrtaBilim» сервисінің іске қосылуы болды. Бұл сервисті енгізу рұқсат беру құжаттарында заңбұзушылықтары бар, жобалық қуаты асып кеткен, оқушыларды екі рет есепке алған, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес емес жүйелерді пайдаланатын жекеменшік мектептерді қаржыландырмауға, мұндай жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік берді.
«Мемлекет жұмыс істеп тұрған мектептер алдындағы міндеттерін орындауды жалғастырып жатыр. Жыл басынан бері қанатқақты жоба аясында 749 жекеменшік мектепке 100 млрд теңгеден аса қаржы төленді. Екіншіден, мемлекеттік қаражатты пайдаланудың нысаналылығы мен тиімділігі күшейтіліп жатыр. Осыған байланысты мемлекеттік білім беру тапсырысын өңірлердегі оқушы орындарына деген нақты қажеттілікті өтейтін жекеменшік мектептерге ғана орналастыру ұсынылады. Бұл ретте мемлекеттік мектептердің болмауы, апатты, үш ауысымды оқу ошақтары мәселесін шешу, сондай-ақ мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының сапалы орындалуын қамтамасыз ету сияқты критерийлер ескеріледі. Үшіншіден, прокуратура органдары мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жекеменшік мектептердің белгіленген білім беру стандарттарына сәйкестігін лицензиядан кейінгі бақылау жүргізеді. Төртіншіден, қанатқақты жоба аясында енгізілген нормаға сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап оқу корпусының нысаналы мақсаты білім беру қызметіне сәйкес келмеген жағдайда мектеп мемлекеттік білім беру тапсырысын алуға үміткер бола алмайды», деді Ж.Шарабасов.
Осыдан соң брифингте баяндама жасаған Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков жекеменшік мектептерді қаржыландыру саласындағы жұмыс нәтижелерін таныстырды. Оның сөзіне сүйенсек, жекеменшік мектептер санының қарқынды өсуі бұрынғы қаржыландыру тетігіндегі елеулі кемшіліктерді анықтады. Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, кемшіліктерді түзету, алдағы уақытта оларға жол бермеу мақсатында қаражатты бөлу тетігін толығымен өзгертті. Қаржыландыру мәселесін жедел шешу үшін былтыр күзде іске қосылған «OrtaBilim» сервисі жекеменшік мектептерді Қаржы министрлігінің e-Qazyna платформасына көшіруді, оларды толық цифрландыруды, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялау арқылы мектептердің деректерін салыстыруды көздейді.
«Білім беруді қаржыландыру үдерісін e-Qazyna порталы арқылы цифрлы ортаға жүйелі түрде көшіру, қазірдің өзінде нәтижелерін көрсетіп отыр. 2025 жыл қорытындысы бойынша сервисте мемлекеттік тапсырыс шеңберінде сомасы 76 млрд теңгеге 785 білім беру объектілері цифрландырылды әрі қаржыландырылды. 84 млрд теңге болған бастапқы жоспарда бюджет үнемдеуі 8 млрд теңгені (немесе 9,6%-ды) құрады, бұл көлеңкелі аймақтар мен қолмен есептеуді алып тастаудың нәтижесінде мүмкін болды. 2026 жылғы қаңтар–мамыр кезеңінде оператор сомасы 100,7 млрд теңгеге 749 білім беру объектілерінің актілерін төлеп, 59,3 млрд теңге (немесе 37%-ды) үнемдеді. Бұдан басқа, жаңа қаржыландыру тетігін енгізумен қатар Ішкі мемлекеттік аудит комитеті алдыңғы кезеңдерге аудит жүргізді (2026 жылдың сәуірінде аяқталды), онда 13 млрд теңгеден астам сомаға бұзушылықтар анықталды», деді Д.Темірбеков.
Қаржы вице-министрінің баяндауынша, бұрынғы жүйеде өңірлердің нақты қажеттілігі ескерілмеген. Жекеменшік мектептердің дамуы жасанды түрде бастауыш буынға қарай бұрмаланған (әрбір үшінші мектеп тек 1–4 сыныптар үшін ашылған). Нәтижесінде, 2024 жылдың өзінде оқушы орындарының тапшылығы жоқ 7 өңірге (Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды және тағы басқа облыстарға) 1,8 млрд теңге бөлінген. Бұдан былай қажеттілік жоқ өңірлерге бюджет ақшасы берілмейді. Оқушылар контингентін 261 млн теңгеге жасанды түрде асыра көрсету фактісі анықталды – 41 мектепте 1 200-ден астам оқушыны «қосып жазған». Мысалы, Алматы облысында мектептердің бірінде 90 оқушы артық жазылған (залал – 29,4 млн теңге), ал Астана қаласында мектептердің бірінде 75 оқушы артық көрсетілген (залал – 18 млн теңге). Балалардың жылына 12 ретке дейін ретсіз ауысу фактілері анықталған.
«Деректерді толық цифрландыру жүргізіліп, e-Qazyna жүйесінің үлгерімді есепке алу жүйелерімен («Күнделік» сияқты жүйелерімен) және басқа да мемлекеттік органдардың дерекқорларымен автоматты интеграцияланды. Енді контингентті тексерудің барлығы нақты уақыт режімінде жүреді. Адами фактор мен қолмен қосып жазу мүмкіндігі техникалық тұрғыдан толық жойылды. 24 жеке мектепте аудиторлар жобалау-сметалық құжаттама сараптамасының қорытындылары бойынша құжаттарды қолдан жасау фактілерін анықтады. 31 мектепте қымбат тұратын реконструкциялау көрсетілген, ал іс жүзінде тек өз күшімен ұсақ-түйек жөндеу жұмыстары жүргізілген. Кәсіпкерлер объектінің қуатын нақты ұлғайтпастан, құжаттарды «реконструкциялауға» ресімдеген. Пайдалану мерзімі 30 жылдан асқан ғимараттарды қаржыландырудың 5 фактісі анықталды. Қазіргі уақытта осы аталған барлық факті бойынша қаражатты бюджетке қайтару жөнінде сот талқылаулары жүріп жатыр», деді спикер.
Журналистермен сұрақ-жауап бөлімінде «Бұған дейін министрлік өкілдері баяндағандай, 2025 жылы лицензиядан айырылған 26, 2026 жылғы 22 мектептің нешеуі білім сапасының төмендігіне байланысты жабылды?» деген сауалымызды қойған едік. Өйткені жеке мектептердің көбінде мәселе қаржы тартуға байланысты екен, ал сапа маңызды болғанына қарамастан, бұған қатысты мәлімет айтылмады. Сұрағымызға бірден жауап бере алмаған министрлік өкілі тиісті ақпаратты жазбаша жолдауға уәде етті.
