Спорт
3 мин оқу 30
Жарыс күнделігі
<p style="text-align: left;">Футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының жаңа маусымын Алматының «Қайраты» Черногорияның «Сутьеска» клубына қарсы бәсекемен бастады.</p>

- «Орталық стадионда» өткен кездесуде басымдық алаң иелері жағында болды. 33-минутта Жоржиньо есеп ашқан еді, бірақ төреші «ол ойыннан тыс қалды» деген шешімге келді. 62-минутта іске тағы да ВАР араласып, қонақтардың қақпасына пенальти белгіленбеді. Есесіне бәсекенің соңғы 15-минутында қақпаға тоғытылған үш голдың куәсі болдық. Әуелі Лукас Африко бұрыштамадан берілген допты баспен нысананы дәл көздеп, алматылықтарды алға шығарды. Көп кешікпей қонақтар таразы басын теңестіріп кетті. Бірақ 90+2 минутта Марк Гуаль өзіне берілген мүмкіндікті қалт жіберген жоқ. Сөйтіп, «Қайрат» жеңісті жұлып әкетті – 2:1. Енді қарымта матч дәл бір аптадан кейін Никшичта өтеді.
- Лондонда өтіп жатқан «Уимблдонның» жастар арасындағы турнирінде Заңғар Нұрланұлы үшінші айналымнан аса алмады. Алғашында словакиялық Леон Слобода мен аустралиялық Даниэль Йовановскиді жолынан ығыстырған қазақ теннисшісі германиялық Венсан Рейзахқа есе жіберді. Бір жарым сағатқа созылған сайыс 3:6, 6:7 есебімен аяқталды.
- Футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасының жеребесі тартылды. 2-топқа түскен Алматының «Қайраты» Бельгияның «Андерлехт», Румынияның «Юнайтед Галати», Латвияның «Бейтарымен» шеберлік байқасады. Ал «Семей» Испанияның «Барселона», Словакияның «Лученц», Швейцарияның «Минерва» командаларымен бір топқа түсті. Бәсеке 27 қазан мен 1 қараша аралығында Бельгия мен Словакияда өтеді. Топтық турнирдің нәтижесі бойынша алдыңғы үш орынды иеленген командалар 1/8 финалға
(23 қараша – 4 желтоқсан) жолдама алады. Осы ойындар мен ширек финал (8–19 ақпан) «үйде+түзде» форматы бойынша өтеді. Ал сол сынақтардың сүрінбеген клубтар дәстүрлі «Төрттік финалында» (6–9 мамыр) күш сынасады.
- Сегіз жыл бойы «Қайрат» футзал клубының намысын қорғаған Эдсон Гомес дос Сантос таяу күндері Ресейдің «ИрАэросына» ауысады. Алматылықтармен бірге бразилиялық легионер көптеген табысқа қол жеткізді. Сол аралықта 340 мәрте алаңға шыққан ол 214 рет нысананы дәл көздеді. 7 рет Қазақстан чемпионы атанып, 5 рет ел кубогі, 7 рет ел суперкубогін олжалады. УЕФА Чемпиондар лигасында қос күміс пен бір қола медальды еншіледі. Сондай-ақ Эдисон бес жыл Қазақстан ұлттық құрамасы сапында ойнады.
- Ресей Премьер-лигасының «Балтика» клубы Шымкенттің «Ордабасы» клубының 19 жастағы шабуылшысы Жасұлан Әмірге қызығушылық танытуда. Кейбір дереккөздерге сенсек, жас дарын үшін калининградтық команда 3 миллион еуро ұсынған көрінеді. Бірақ «Ордабасы» әзірге Жасұланды ешқайда жібергісі жоқ.
- 25 шілдеде Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтетін бокс кешінде Балауса Мұздыман (9-0, 7 КО) қырғызстандық Аделина Сатыбалдиевамен күш сынасады. Қазақ қызы кәсіпқой рингте әлі бірде-бір рет жеңілмеген, ал қарсыласы бұған дейін әуесқойлар арасында өнер көрсетіп, ел чемпионы атанды.
- Астананың «Барыс» клубының сапындағы Никита Бояркин Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) ең көп еңбекақы алатын қақпашылардың тізімінде 8-орынға тұрақтады. Жерлесіміздің жалақысы – 48 миллион рубль. Оның алдында мына хоккейшілер – Даниил Исаев («Локомотив») – 80 млн, Владислав Подъяпольский («Динамо» Мәскеу) – 75 млн, Зак Фукале («Динамо» Минск) – 71 млн, Иван Кульбаков («Адмирал») –
55 млн, Хенрик Хаукеланд («Трактор») – 55 млн, Александр Самонов (ЦСКА) – 50 млн және Никита Серебряков («Авангард») – 50 млн рубль.
Бөлісу:
