Аймақтар
2 мин оқу 40

Электробустар – ел игілігіне

<p style="text-align: left;">Облыс орталығы Семей қаласының қоғамдық көліктер паркі алғаш рет 15 жаңа электробуспен толықты.</p>

Электробустар – ел игілігіне

Өңір басшысы қоғамдық көлік паркін жаңарту үшін сатып алынған жаңа электробустардың жұмысымен танысты.

«Bus Group» ЖШС әлеуметтік маңызы бар №10, №45 бағыттарға қызмет көрсету мақсатында  «Skywell NJL 6108 BEV» маркалы 15 жаңа электробус сатып алды. 90 жолаушыға арналған жаңа электробус­ тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз қызмет көрсетуге бағытталған заманауи құрылғылармен жабдықталған. Атап айтқанда, қуаты 350 шақырымға дейін жететін қоғамдық көлікте мүмкіндігі шектеулі азаматтардың емін-еркін кіріп-шығуына арналған механикалық пандус бар. Электробустарда 26 жолаушыға арналған жұмсақ қаптамалы отыратын орын қарастырылған. Жолаушылардың жай­лы­лығы үшін салқындату өнімділігі 30 000 kcal/h болатын кондиционер, жеті жылыту радиаторы, оның ішінде жүр­гі­зу­шіге арналған жеке жылытқыш бар. Авто­бус тұтқаларына USB порттары қойыл­ған», дейді әкімдіктің баспасөз қызметі.

Олардың мәліметінше, қауіпсіздік талаптарына сәйкес электробустардың ішкі және сыртқы бөліктеріне интеллектуалды алты бейнебақылау камерасы орнатылған. Сондай-ақ батарея және жылытқыш бөлімдерінде орталықтандырылған өрт сөн­діру жүйесі қарастырылған. Әр автобус екі дана өрт сөндіргішпен жабдық­­тал­ған. Жүргізуші кабинасы жартылай жабық типте жасалған. «Bus Group» ЖШС жақын уақытта осындай тағы 5 электробус сатып алуды жоспарлап отыр.

Жаңа электробустарды көрген облыс әкімі Семей қаласының қоғамдық көлік паркін жаңарту жұмысының жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.

«Бұл – өңірдегі алғашқы электробус­тар. 100 пайыз электр қуатымен жүреді. Жыл соңына дейін қосымша 50-ге жуық автобус сатып алу жоспарланып отыр. Осылайша, Семейдің қоғамдық көлік паркі 100-ден астам жаңа автобуспен толығады. Бұған дейін жаңа автобус алмаған көлік парктері биылдан бастап осы жұмысты қолға алып жатыр. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра бере­міз», деді Б.Уәли.

Әкімнің айтуынша, былтыр қоғамдық кө­лік паркін жаңар­ту мақ­сатында 62 ав­то­­бус сатып алынған. Аталған жұмыс қа­ла­ның жол-көлік инфра­құрылымын жақсар­туға, тұрғын­дар­дың қауіпсіздігі мен өмір сүру сапасын арт­тыруға бағыт­талған.

СЕМЕЙ 

Бөлісу: