Бүгін түнде әлем чемпионатының жартылай финалына шығатын екі команда анықталады
<p>11 шілдеден 12 шілдеге қараған түні жартылай финалға шығатын тағы екі команда анықталады. Жартылай финалдың жолдамасы үшін Англия мен Норвегия, сондай-ақ Аргентина мен Швейцария құрамалары таласқа түседі, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a></p>

Әлем чемпионатының алғашқы жартылай финалистері белгілі болды. Франция финалға шығу жолдамасы үшін Испаниямен кездеседі. Енді плей-оффтың келесі кезеңіне жолдама алу кезегі Норвегия мен Англияға келді.
Еуропаның екі құрамасы арасындағы кездесудің басты бәсекесі турнирде керемет ойын көрсетіп жүрген сұрмергендер Эрлинг Холанд пен Харри Кейннің жеке текетіресі болмақ.
Ал әлемнің қазіргі чемпионы Аргентина Швейцариямен күш сынасады. Лионель Месси өз командасына кезекті жеңіс сыйлап қана қоймай, турнирдің үздік сұрмергендері тізімінде жеке-дара көш бастауға да ұмтылады.
Федералдық тергеу бюросы Аргентина футбол қауымдастығына қатысты тергеуді қайта бастады
Норвегия турнирдегі жалғыз жеңілісіне топтық кезеңде Франциядан 1:4 есебімен ұтылған кезде ұшырады. Ол матчтың нәтижесі топтағы бірінші орынды анықтайтын маңызды кездесу болғанымен, бас бапкер Столе Сольбаккен негізгі құрам ойыншыларына демалыс беріп, алаңға қосалқы құрамды шығарған еді. Себебі скандинавиялықтар плей-офф кезеңіне жолдаманы алдын ала қамтамасыз еткен болатын.
Бұл шешім команданың ойын ырғағына кері әсерін тигізген жоқ. 1/16 финалда Норвегия Кот-д'Ивуар құрамасын 2:1 есебімен жеңді. Ал одан кейін ширек финал жолдамасы үшін Бразилияны да дәл осындай есеппен ұтты.
Бұл кездесуде қақпашы Эрьян Нюланд ерекше көзге түсті. Ол 14-минутта пенальтиді қайтарып, қарсыластың есеп ашуына мүмкіндік бермеді. Матчтың соңғы минуттарында Эрлинг Холанд өзінің мергендік қабілетін тағы дәлелдеді. Ол 79-минутта Норвегияны алға шығарса, 90-минутта дубль авторы атанды. Қосымша уақытта Неймар пенальтиден гол соғып, есеп айырмасын қысқартқанымен, бразилиялықтар таразы басын теңестіре алмады.
Осылайша Норвегия өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатының ширек финалына шықты. Ал Холанд жеті голмен турнирдің үздік сұрмергендері арасында үшінші орында келеді. Одан жоғары Лионель Месси мен Килиан Мбаппе орналасқан. Екеуінің де еншісінде сегіз гол бар.
Англия топтық кезеңді бірінші орынмен аяқтағанымен, плей-оффтағы алғашқы ойында Конго Демократиялық Республикасына қарсы үлкен қиындыққа тап болды. Мүмкін, ағылшын футболшыларына үлкен психологиялық қысым әсер етсе керек. Себебі Африка құрамасын жеңу ел ішінде ерекше қуаныш тудырмасы анық. Ал жеңіліс ұлттық құрама үшін үлкен масқара саналар еді.
ӘЧ-2026: FIFA алғаш рет қызыл қағаз алған футболшыны жазадан босатты
Конголықтар алғашқы болып есеп ашып, есепті ұлғайтуға бірнеше мәрте мүмкіндік алды. Алайда Харри Кейн алдымен таразы басын теңестіріп, кейін жеңіс голын соғып, Англияға 2:1 есебімен жеңіс сыйлады.
Келесі кезеңде ағылшындар турнир қожайыны Мексикамен кездесті. Үзіліске дейін Джуд Беллингем дубль авторы атанса, Хулиан Киньонес есеп айырмасын қысқартты. Екінші таймда командалар бір-бір пенальтиден мүлт кеткен жоқ. Алдымен Харри Кейн, кейін Рауль Хименес мергендік танытты. Қорытынды есеп 3:2, Англияның пайдасына.
Қазір Харри Кейн алты голмен турнирдің үздік сұрмергендері арасында төртінші орында тұр. Сондықтан Англия мен Норвегия арасындағы ширек финал тағдыры көп жағдайда Кейн мен Холандтың дуэліне байланысты болмақ.
Дегенмен Англия құрамасы бұл кездесуге толық құраммен шыға алмайды. Жартылай қорғаушы Джордан Хендерсон Мексиканы жеңгеннен кейінгі қуаныш кезінде қолын сындырып алған. Сонымен қатар қызыл қағаз алған қорғаушы Джарелл Куанса да алаңға шықпайды.
Бұған қоса, Деклан Райс пен Марк Геиның матчқа қатысуы әзірге белгісіз. Ал қорғаушы Рис Джеймс жарақатынан айығып келеді. Оның негізгі құрамда бастамауы мүмкін екені айтылғанымен, қосалқы құрамнан алаңға шығуы ықтимал.
Айта кетейік, Ангелия мен Норвегия арасындағы кездесу Қазақстан уақыты бойынша түнгі сағат 02:00де, ал Аргентина мен Швейцария бәсекесі таңғы 06:00де басталады. Ойынды Qazsport телеарнасы тікелей эфирден көрсетеді.
