Жаңалықтар
2 мин оқу 520
Ғалымның аты мен хаты
Семейдегі Абайдың әдеби-мемориалдық музейінде филология ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгілерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арап Еспенбетовтің «Алтай-Ертіс кітапханасы» сериясымен шыққан екі томдық шығармалар жинағының тұсаукесер кеші өтті.
Арап Еспенбетов әдебиеттану саласында елу жылға жуық еңбек етіп, 200-ден аса ғылыми мақалалар мен кітаптарды жарыққа шығарды. 1975 жылы «С.Торайғыровтың лирикасы» деген тақырыпта кандидаттық, 1993 жылы «С.Торайғыровтың шығармашылық өмірбаяны» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады.
Сондай-ақ, Семейдегі Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінде ғалымға арналып «Ұстаз мерейі» атты жиын өтті. Кездесу аясында көрме ұйымдастырылып, көпшілік назарына ғалымның алаштану саласына, Шәкәрім мен С.Торайғыровқа арналған ғылыми еңбектері мен көркем шығармалары кеңінен таныстырылды. Арап Сләмұлы – «Абайдың ақындық мектебін» жаңа деңгейге көтерген ғалым, өз ортасында ғылыми мектеп – «Еспенбетов мектебін» қалыптастыра білген айтулы ұстаз.
– Бүгінгі жиналып отырған қауымның барлығы сіздің шәкірттеріңіз. Арап Сләмұлы, сіз ғалым, басшы ретінде бақытты жансыз. Алуан-алуан жасты ғылым деген аламан бәйгеге қостыңыз. Талабын ұштадыңыз. Бүгін осы залға әр жылдарда сіздің дәрісіңізді тыңдап білім алған, қазірде қазақ тілі мен әдебиетінің білікті маманы атанған ұстаздар жиналып отыр, – деген Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің ректоры Шырын Құрманбаева оқу орнының дамуына қосқан зор үлесі үшін ғалымға ҚИГЗУ-дің «Құрметті профессоры» атағын беріп, көпшілік қауым атынан ерекше ілтипат көрсетті.
Бұдан кейін тілектер легі бейнетаспа арқылы жеткізілді. Алғашқылардың бірі болып ғалымның шәкірті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов сөз алды. Мерейтой иесін саяси ғылымдар докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Нәубет Қалиев те құттықтады.
Айта кету керек, А.Еспенбетовтің «Алтай-Ертіс» кітапханасы бойынша жарық көрген екі томдық шығармалар жинағы – өзекті әрі маңызды тақырыптарды арқау еткен, музей деректерін байыппен талдауға арналған әдебиеттанудағы тамаша еңбек.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.
СЕМЕЙ.
Бөлісу:
