Жаңалықтар
2 мин оқу 471
Балбұлақ
Астананың туған күні биыл да әдеттегідей шаттыққа толы күндер мен думанға толы кештер сыйлайтын маңызды іс-шаралардан бастау алды. Бір жеті бойы ұлан-асыр тойға ұласатын мерекелік шаралардың алғашқы легі басталып та кетті. Соның бір айғағы, кеше елордадағы Оқушылар сарайының орталық алаңында өткен «Астанам – асқақ әнім!» атты шара. Сахнада Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері өнер көрсетіп, ән мен биден шашу шашты. Бұл мерекелік концертті тамашалауға балалар, қала тұрғындары мен қонақтары жиналды.
Сондай-ақ, шара аясында өнерлі балалардың қатысуымен жас суретшілер көрмесі, хип-хоп би алаңы, спорт алаңы (каратэ годзю-рю, тоғызқұмалақ, шахмат, таэквондо, арқан тартыс, көңілді старттар), би флеш-мобы өтті. Барлық шығармашылық алаңдарда Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері өнер көрсетті. Ырғақты билер мен спорттық сайыстар қатысушылар мен мереке қонақтарын ерекше көңіл күйге бөледі. Сонымен қатар, жас суретшілер өз туындыларын көрермен назарына ұсынса, жол жиектеріне салынған сурет сайысында балалардың өз қабілеттерін танытуына және елордаға өз туындыларының бір бөлігін сыйлауға мүмкіндік берді.
Мерекелік бағдарламада Оқушылар сарайының өнер ұжымдары: солистер мен вокалдық топтар, Шолпан Қорғанбекова жетекшілік ететін домбыра, қобыз, флейта ансамбльдері ұжымы, Кайрат Шманов жетекшілік ететін хореографиялық ансамбль көпшілік алдына шықты. Жас гимнасшылар мен каратистердің шаршы алаңдағы өнері көрермен қауымды бей-жай қалдырмады. Сонымен қоса, Оқушылар сарайының жас сәнгерлерінің қолынан шыққан «Fashion kz. Жаз-2015» жазғы топтамасы таныстырылды. Аталмыш шара соңы әуеге түрлі-түсті шарларды ұшырумен жалғасты.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,
журналист.
Бөлісу:
