Сұхбат
7 мин оқу 40

Талғат Есенәлиев: Технология театрдың мүмкіндігін кеңейтеді

<p style="text-align: left;">Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры тарихында алғаш рет спектакльдерді онлайн көрсетуді жүйелі түрде жүзеге асыратын жаңа жобаны бастады. Театрдың шығармашылық қызметін цифрлық кеңістікпен ұштастырған бастаманың ерекшелігі мен алдағы даму бағыты жөнінде театр директоры Талғат ЕСЕНӘЛИЕВТЕН сұраған едік.</p>

Талғат Есенәлиев: Технология театрдың мүмкіндігін кеңейтеді

– Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры спектакльдерді онлайн көрсетуді қолға алды. Бұл бас­тама қалай дүниеге келді?

– Театр табиғаты жағынан дәстүрлі өнер болғанымен, ол ешқашан уақыттан тыс өмір сүрген емес. Әр дәуірдің өз көрермені, сұранысы болады. Бүгінгі қоғамды цифрлық технологиясыз елес­тету мүмкін емес. Адамдардың ақпа­рат алу, мәдени өнімдерді тұтыну дағ­дысы өзгерді. Сондықтан театрдың да көрер­менмен байланыс орнатудың жаңа жолдарын іздеуі заңды құбылыс деп ойлаймын. Мақсатымыз театрды экранға көшіру немесе сахнаны цифрлық платформамен алмастыру емес. Керісінше, театрдың көркемдік құндылығын сақтай отырып, оның аудиториясын кеңейту. Өйткені өнер­дің басты мұраты – адамға жету. Егер жақ­сы спектакльді көруге еліміздің түкпір-түкпіріндегі көрерменнің мүмкіндігі болмаса, онда біз мәдениеттің таралу аясын кеңейтудің жолдарын іздеуіміз керек. Бұл идеяның тууына кейінгі жылдары байқалған бірнеше маңызды үрдіс әсер етті. Біріншіден, өңірлерден, шалғай ауыл­дардан келетін көрермендердің театр қойылымдарын онлайн көру мүмкіндігі туралы өтініштері жиі айтылатын болды. Екіншіден, шетелдегі қандастарымыздың қазақ театр өнеріне деген қызығушылығы артып келеді. Үшіншіден, халықаралық тәжірибе мәдениет саласының болашағы дәстүрлі және цифрлық форматтардың үйлесімінде екенін көрсетіп отыр. Жақында театрымыз алғаш рет халықаралық гастроль­дік сапармен Түркияға барып қайт­ты. Аланья қаласында көрсетілген Уильям Шекс­пирдің «Гамлет. Соңғы күндер» спек­таклі (режиссері – Дина Жұмабай) көрер­мен тарапынан үлкен қызығу­шы­лық тудырды. Сонда жүрген қандастарымыз қазақ театрларының қойылым­дарын тұрақты түрде көру мүмкін­дігі болса деген тілектерін білдірді. Сол сәт­те театрдың шығармашылық өнімін гео­гра­фиялық шек­теулерден шыға­ру мә­селесі бұрынғыдан да өзекті екенін түсіндік.

– Отандық театрлар арасында ал­ғаш рет онлайн көрсетілімдерді жүйе­лі түр­де қолға алып отырсыздар. Мұ­ның мә­дени ма­ңызы неде деп ойлайсыз?

– Меніңше, айтулы бастаманың маңы­зы бір ғана театрдың жобасымен шек­телмейді. Бұл – жалпы қазақ театрының жаңа кезеңге аяқ басуының белгісі. Театр өнерінің ең үлкен ерекшелігі – оның осы сәтте һәм осы кеңістікте өмір сүруінде. Бірақ бұл қасиет кейде оның аудитория­сын шектеп те жатады. Мәселен, бір спектакльді жүздеген адам ғана көре алады. Ал онлайн көрсетілім арқылы сол қойылым­ды мыңдаған көрермен тама­шалауға мүм­кін­дік алады. Бүгінде мәде­ниеттің бә­се­келестік кеңістігі кеңейді. Адам­­ның на­зарын әлеуметтік желілер, стри­­минг­тік плат­формалар, киноиндус­трия, түрлі цифрлық сервистер бөлісіп отыр. Осындай жағдайда театр өзінің көр­кемдік деңгейін сақтай отырып, жаңа ком­­муни­кациялық құралдарды пайдалануы­ қа­­жет. Сондықтан мен аталған жобаны театр­дың табиғатын өзгерту емес, оның ық­пал ету кеңістігін ұлғайту деп қабыл­даймын. Өйткені ұлттық мәдениет­тің өмір­шеңдігі оның жаңа заман талаптарына бейімделу қабілетімен де өлшенеді.

– Кейбір театр мамандары онлайн көрсетілімдер театрға келетін көрермен санын азайтады деген де пікір айтады. Сіз бұған қалай қарайсыз?

– Бұл пікірмен әсте келісе алмаймын. Әлемдік тәжірибе керісінше жағдайды көрсетіп отыр. Сахнадағы актердің тынысын сезіну, залдағы көрерменнің эмоция­сымен үндесу, қойылым аяқталғандағы үнсіздік немесе шапалақ үні – мұның ешқайсысын экран толық алмастыра алмайды. Сондықтан онлайн көрсетілім театрдың бәсекелесі емес,театрға бастайтын жолдың бірі ғана. Бұл екі форматты бір-біріне қарсы қоймаймыз. Керісін­ше, бірін-бірі толықтыратын мәдени құралдар деп есептейміз. Мәселен, көп жағдайда көрермен қойылым туралы ақпаратты алдымен әлеуметтік желіден көреді, үзіндісін тамашалайды, содан кейін спектакльге билет алады. Онлайн эфирлер де дәл сон­дай қызмет атқарады. Олар театрға қы­зығушылық тудырады. Бүгінгі жас буын­ның мәдени талғамы көбіне цифрлық ке­ңістікте қалыптасады. Егер театр сол ке­ңістікте көрінбесе, онда ол жаңа аудиторияны жоғалтып алуы мүмкін. Сондықтан бұл бағытты мәдени ағартушылық жұмыстың маңызды бөлігі ретінде қарастырамыз.

тюз

– Әлемдік тәжірибеде мұндай жобалар бұрыннан жүзеге асырылып келеді. Сіздердің бастаманы осы үрдістің заңды жалғасы деуге бола ма?

– Әрине. Қазір әлемнің жетекші теа­тр­­лары цифрлық технологиялардың мүмкіндігін кеңінен пайдаланып отыр. Мәселен, Ұлыбританиядағы «National Theatre Live» жобасы спектакльдерді кинотеатрлар мен онлайн платформалар арқылы миллиондаған көрермен­ге ұсынып келеді. Сонымен қатар TheatreHD секілді халықаралық жобалар әлемнің жетекші театрларының қойылымдарын көптеген мемлекеттердің көрермендеріне ұсынды. Пандемия кезе­ңін­де әлем театрларының басым бөлігі цифрлық форматпен жұмыс іс­теудің жаңа үлгілерін қалыптастырды. Бір қызы­ғы, осы тәжірибелердің барлығы театр­дың беделін әлсіреткен жоқ. Керісін­ше, жаңа көрермендер аудиториясын қа­лыптастырып, театрға деген қызығушы­лық­ты күшейтті. Демек технология театр­дың жауы емес. Біз үшін ең маңыздысы – атал­ған тәжірибелерді сол күйінде көшіру емес, қазақ театрының ерекшелігіне бейім­деу. Себебі ұлттық театр мәдениеті жаһан­дық кеңістікте де өз орнын табуы тиіс.

– Неліктен алғашқы эфирге «Махаббат, қызық мол жылдар» қойы­лымы таңдалды? Оның қандай да бір рухани мәні бар ма?

– Әрине бар. Бұл шығарма – қазақ әде­биетіндегі ең көп оқылған туынды­лардың бірі. Әзілхан Нұршайықовтың романы бірнеше буынның рухани жадында сақталған. Қойылымның бас­ты артық­шылығы – оның көтеретін тақырып­тары­ның мәңгілік сипатында. Махаб­бат, адалдық, достық, жауапкер­шілік, адам­гершілік мәселелері қай кезең­де де өзектілігін жоғалтпайды. Соны­мен қатар аталған спектакль – театр репер­туарын­дағы көрермен көп сұрайтын қойы­лым­дардың бірі. Сондықтан жаңа жоба­ны ха­лықтың сүйіспеншілігіне ие болған шығармадан бастауды дұрыс деп санадық. Бір жағынан бұл таңдау рәміздік мәнге де ие. Өйткені театрдың цифрлық кеңістікке жасаған алғашқы қадамы ұлттық әдебиет негізінде туған қойылым арқылы жүзеге асып отыр.

– Тікелей эфирді ұйымдастыру ба­ры­сын­да қандай жұмыстар атқа­рылды?

– Театр қойылымын таспалау мен кино түсірудің арасында үлкен айырмашылық бар. Спектакль ең алдымен залдағы көрерменге арналып қойылады. Сон­дықтан экранға бейімдеу кезінде оның көркемдік табиғатын жоғалтып алмау маңызды. Осы себепті көпкамералы түсірі­лім жүйесін қолдандық. Әрбір кө­ріністің дра­матургиялық логикасы, ак­тер­лер­дің плас­тикасы, сахналық кеңіс­тік, жа­рық пен дыбыс шешімдері қайта қ­а­рас­­тырылды. Бұл тек техникалық емес,­ шы­­­ғар­машылық жұмыс та болды. Өйт­­­кені экран көрерменге мүлде басқа ра­курс ұсынады. Сондықтан қойылым­ның эмо­ционалдық қуатын сақтап қалу үшін ре­­жиссерлер, операторлар мен тех­ни­ка­лық мамандар бір­лесіп ең­бек етті. Ды­­быс сапасы, жарық шешім­дері, кадр ком­­по­зициясы секілді мәс­еле­лер мұ­қият пысық­талды. Аталған жоба шы­ғар­ма­шылық ұжым үшін де, техникалық ма­мандар үшін де тың тәжірибе болғаны анық.

– Айтулы жобадан қандай нәтиже күтесіздер?

– Басты нәтиже сандық көр­сет­кіштермен ғана өлшенбейді. Әрине, көрі­лім саны маңызды. Бірақ одан да ма­ңыздысы – театрмен алғаш рет танысқан көрермендердің көбеюі. Егер еліміздің шалғай өңіріндегі бір жас көрермен осы эфир арқылы алғаш рет театр өнерімен танысып, кейін театрға келуге ынта білдірсе немесе шетелдегі қандасымыз қазақ сахнасының тынысын сезінсе, онда жобаның мақсаты орындалды деп есептеймін. Өйткені театр тек спектакль қоятын мекеме ғана емес, қоғамды рухани тұрғыдан біріктіретін мәдени орта да. Сондықтан өнердің басты міндеті – рухани байланыс орнату. Егер біз сол байланысты кеңейте алсақ, онда жобамыздың діттеген мұратына жеткені.

– Болашақта бұл бағыт театр қыз­меті­нің тұрақты бөлігіне айналуы мүмкін бе?

– Мұның бәрі көрермен сұранысына байланысты. Біз аудиторияның қызығу­шылығын мұқият бақылап отырмыз. Егер жоба өзінің тиімділігін дәлелдесе, болашақта репертуардағы басқа да спектакльдерді онлайн форматта ұсыну мүмкіндігін қарастырамыз. Дегенмен театрдың негізгі кеңістігі әрдайым сахна болып қала береді. Онлайн көрсетілімдер соны толықтыратын қосымша бағыт ретінде дамиды.

– Аталған бастама қазақ театрының болашағына қалай әсер етуі мүмкін?

– Менің ойымша, қазақ театры алда­ғы уақытта дәстүр мен технология­ны үй­лестіре отырып дамиды. Біз сахнаның қа­сиетін жоғалтпаймыз. Бірақ көрерменге жетудің жаңа жолдарын да іздеуді тоқтатпауымыз керек. Өйткені мәдениет үнемі қозғалыста болады. Осындай жоба­­лар жаңа буынның театрға деген қызығу­шылығын арттыруға, ұлттық өнер­дің ха­лықаралық деңгейде танылуына және қазақ театры­ның мәдени ықпа­лын күшей­туге мүм­кіндік береді. Ең бас­тысы – театр қоғаммен бірге тыныстауы керек. Сонда ғана ол өміршең өнер болып қала береді.

– Алдағы шығармашылық жоспар­ларыңыз қандай?

– Биылғы жыл театр үшін халықара­лық байланыстарды кеңейту жылы деуге болады. Алдымызда бірнеше ма­ңыз­ды фести­валь күтіп тұр. Маусым айы­ның соңын­да Тбилисиде өтетін ха­лықаралық театр фестивалінде Дина Жұмабайдың режис­серлігімен қойыл­ған «Гамлет. Соңғы күндер» спек­таклін ұсынамыз. Тамыз айында Шри-Ланкадағы ха­лық­аралық моноспек­такль­дер фес­тиваліне де Динаның ре­жис­сер­­лік қол­таңбасын әйгілейтін Ж.Ануй шы­ғармасы не­гізінде қойылған «Қаһар» спектаклі қаты­сады. Ал күзде Владивостоктағы Халық­ара­лық Тынық мұхиты театр фестива­лін­де талантты режиссер Фархад Мол­дағали қой­ған Мұхтар Әуезов­тің «Қара­гөзін» көр­сететеміз. Бұл сапарлар­дың бар­­лығы қазақ театр өнерін әлемдік мәдени кеңіс­тікте танытуға бағыттал­ған. Өйт­кені біз ұлттық театрдың шығар­машылық әлеуетін халықаралық ауди­торияға көрсетуге және жаңа мәдени бай­ланыстар орнатуға мүдделіміз. Ал ішкі репер­туарға келсек, көрермендерді жаңа премьера­лар, тың режиссерлік ізденіс­тер мен заманауи шығармашылық жоба­лар күтіп тұр. Театрдың басты мақсаты – көрерменге ой салатын, рухани әсер қалдыратын сапалы өнер ұсыну. Бұл өзгермейді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен –

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan» 

Бөлісу: