Ұлт баспасөзіндегі кітап насихаты
<p style="text-align: left;">Қазақ руханиятын жоғары деңгейге көтерген ұлт қай­рат­керлері кітап шыға­руды ағартушылық идея­ны таратып, саяси ой қалып­тастыратын һәм ұлт­тық сананы оятатын мәде­ни феномен ретінде қарас­тырды. Сол себепті ХХ ғасырдың басындағы қазақ баспасөзінде кітап насихаты жүйелі түрде жүргізілді.</p>

«Қазақ» газетінің 1914 жылғы №49 санындағы бас мақалада газет-журналмен қатар кітап мәселесі де көтерілді. «...Газет һәм кітап сияқты нәрселер – халықтың тамыршысы. Халықтың ішкі сарайы, яғни сана, саңылауы қандай күйде тұрғанын газет һәм кітап сияқты нәрселерден байқауға болады», деп жазды газет. Алаш зиялылары кітапты ұлтты сақтайтын негізгі құралдың бірі ретінде бағалады. Сондықтан кітап жазу арқылы ұлт руханиятына үлес қосуға тырысты.
Алғашқы кездері ауыз әдебиетінің үлгілері жеке жинақ болып жарық көрсе, кейін оқулықтар, көркем әдебиет, діни-ағартушылық еңбектер мен саяси һәм публицистикалық кітаптар төрге озды. Бір ғана 1909 жылы үш кітап – Абайдың өлеңдер жинағы, Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысалы» және Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» кітабы шығып, қазақ даласын дүр сілкіндірді. Әсіресе «Оян, қазақ!» ұлттың рухын көтерген ерекше кітап болды. Әрине, алғашқы кезде қазақ кітаптары Орынбор, Қазан, Уфа қалаларындағы баспаханаларда басылды. Мұның себебін Міржақып Дулатұлы «Қазақ» газетіндегі «Пайғамбар заманы» кітабы туралы мақаласында түсіндіреді. Міржақып Мәннан Тұрғанбайұлының жаңа кітабы жайында: «...Бұл кітаптың тілі сұлу, түсінікті, айқын қазақша жазылып, басылуы да көркем. Кітаптарымыз жеткіліксіз болып тұрған кезде бұл мезгілді һәм орынды шыққан кітап болды», – деп, халықты кітап оқуға, білім алуға үгіттейді. «...Байлық пен білім бірдей керек. Кейінгі жылдары қазақ әдебиеті өрбіп, газет-журнал, кітаптар шыға бастады. Бірақ бұлардың жүрісі шабан», – дей келіп, кітап ісін дамытудың бірнеше бағытын айтады. Соның бірі – баспахана мәселесі. Бұл жайында ол: «...Кітап, газет, журналымыз ноғай, орыс, еврей баспаханаларында басылады. Пайданың көбі солардың қалтасында қалады. Егер баспахана ашуды пайдалы кәсіп екенін аңғарған қазақ байлары, саудагерлері болса, бұл істің қазаққа келер пайда көп болар еді», – деп ұлт ауқаттыларын қазақ жерінен баспа ашуға шақырды. Осындай ой қозғаулар әсер етсе керек, ұзамай қазақ топырағында да «Жәрдем» секілді алғашқы баспалар ашылды. Бұл баспадан бір ғана 1912 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», Тайыр Жомартбаевтың «Балаларға жеміс», «Қыз көрелік», Мұстақым Малдыбайұлының «Оқу кітабы» секілді еңбектер оқырманға жол тартты. Міне, осы секілді кітаптардың көптеп басылуы кітап оқуға деген сұранысты арттыра түсті.
Кітапты отарлық езгіге қарсы рухани қару, ұлттық сананы қалыптастырып, халықты оятатын қуатты құрал деп білген қазақ оқығандары «Айқап» журналы, «Қазақ», «Сарыарқа» газеттері, басқа да басылымдар арқылы жаңа кітаптарды жарнамалап, олар туралы рецензия, сын жариялап, ел ішінен кітаптарға тапсырыс қабылдап, кітап саудасын да жүргізді. Мәселен, «Қазақ» газетінің біраз нөмірінде «Қазақ» басқармасында сатылатын кітаптар» деген тақырыппен бірнеше кітаптың жарнамасы жасалып, олардың нақты бағасы, қайдан алуға болатыны көрсетілді. Атап айтқанда, Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының өлеңдер жинағы (бағасы 50 тиын), Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қазақ шежіресі» (1 сом), «Қалқаман-Мамыр» (10 тиын), «Мұсылмандық кітабы» (50 тиын) жарнамаланды. Абайдың кітабы жайында газет: «Алаштың бірінші ақыны марқұм Ибраһим Құнанбаев жазған өлең кітабы. Бағасы 75 тиын, поштасымен 80 тиын, скидкесі бар. Адрес: «Қазақ» басқармасы», – деп хабарлады. Сондай-ақ газетте Ахмет Байтұрсынұлының «Әліппе» (бағасы 25 тиын), «Тіл құрал» (бағасы 18 тиын), «Маса» (бағасы 25 тиын), Міржақып Дулатұлының «Қирағат» (бағасы 35 тиын), «Бақытсыз Жамал» (бағасы 18 тиын), «Есеп-құрал» (25 тиын), «Азамат» (бағасы 3 тиын), Ғұмар Қараштың «Аға тұлпар» (20 тиын), Бекет Өтетілеуовтің «Жиған-терген» (13 тиын), Нығметолла Күзембаевтың «Құран құралы» (бағасы 10 тиын), т.б. кітаптар насихатталып, оларды «Қазақ» газетінің редакциясынан алуға болатыны айтылды. Сол секілді Міржақыптың кітабы жайында хабарда: «Азамат» есімді қазақша һәм түрлі ғибратты өлеңдер. Шығарушы – Міржақып Дулатов. Кітаптың бағасы 20 тиын, көптеп алдырушыларға 30 пайыз кемітіледі», – деп жазып, мұнда да кітапты «Қазақ» редакциясынан алуға болатыны көрсетілді. Осылайша, ұлт зиялылары газет басқармалары арқылы кітап тарату жүйесін қалыптастырды.
«Айқап» журналы да қазақ кітаптарын жарнамалап, насихаттаудан кенде қалмады. Журналда «Жаңа шыққан кітаптар» деген арнаулы айдар ашылып, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Мұсылмандық кітабы», Мұстақым Малдыбайұлының «Иман һәм намаз», Ғұмар Қараштың «Көкселдір», Нұржан Нашаубаевтың «Алаш», Ғалиолла Ғалымжановтың «Есіл жұртым», Сәбит Дөнентаевтың «Уақ-түйек», Спандияр Көбеевтің «Қалың мал», Әкірам Ғалимовтің «Жастық жемістері», Ахметқали Мамытұлының «Кеңес», «Ғалия» медресесінің шәкірттері Ишағали Арабаев пен Хафиз Сәрсекеұлының «Әліпби һәм төте оқу» кітаптары жарнамаланды. Журналда «Мұсылмандық кітабы» жайында: «Тобықты Құнанбайдың немересі Шаһкәрім Құдайберді ұғлының шығарғаны. Орынборда «Каримов, Хұсайынов һәм компаниясы» шарықтының мәтбуғасында басылған. Бағасы 80 тиын, тілі қазақша. Иман, иғтиқат, намаз, ораза хаж уа ғайри мұсылмандарға керекті шариғат бұйрықтарын баяндаған кітап. Ислам дінін кәміл білгісі келетіндерді алып оқулары тиіс», – деп жазылды. Міне, осындай жолдармен ұлт қайраткерлері қазақ жеріндегі алғашқы кітап саудасын да қалыптастырды. Сонымен қатар «Айқапта» жаңа кітаптарға қатысты оқырман пікірі де жарияланып отырды. Мысалы, бір автор: «...Қазақтың жаңа шыққан кітаптарының арасында біз көрген кітаптардан басылуы көркем, жазылуы дұрыс кітаптар», – дей келіп, Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал», Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал», Мұхамеджан Сералиннің «Топжарған», Ғұмар Қараштың «Шайыр» кітаптарын атады. Сондай-ақ ол Ахметті сол уақыттағы ақындардың көшбасшысына балап оған: «Қырық мысал» секілді інжулерді көбірек шашса екен», – деген тілегін де арнады.
Алаш қайраткерлері кітап оқудың маңызы туралы мақалалар жариялап, кітап мәдениетінің дамуына да ерекше үлес қосты. Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газетіне шыққан «Жаңа кітаптар» деген хабарында Евгений Михаэлистің қазақ жеріне Еуропа ғылымын әкелгенін, Абайдың Пушкин, Лермонтов, Толстой шығармаларымен танысуына себепкер болғанын айта келіп: «Бұл кітапты біздің талапкер жастар алып оқу дұрыс. Бұл кітаптан білімнен бөлек, ғылымның сүрінді жолын байқауға болады», – деген пайымға тоқталады. Сол секілді «Айқап» журналында М.Дулатұлының «Оқу кітабы хақында», Ж.Әубәкірдің «Тіл уа әдебиетімізді сақтарға керек», С.Жияшевтің «Бірге қозғалайық», Қ.Қайдауыловтың «Ашық хат», Ш.Сүлейменнің «Қазақша әліппе хақында», С.Торайғыровтың «Жаңа кітап», М.Тұяқбаевтың «Мұғалімдерден өтініш», М.Ахметовтің «Қазақ оқығандарына», т.б. мақалалары жарияланып, кітап оқудың насихаты үздіксіз жүргізілді.
Кітап жазу арқылы қазақ оқығандары жазу мәдениетін, тіл тазалығын түзеді. Жазба әдебиеті күшейіп, бұл өз кезегінде әдеби сынның өмірге келуіне жол ашты. Қазақ кітаптарының көптеп жарыққа шығуы баспа ісін де дамытты. Осылайша, Алаш арыстары қарапайым халықты қолына кітап алып оқитын дәрежеге жеткізіп, қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастырды.