Тұлға
7 мин оқу 40

Жақсы адам

<p style="text-align: left;">Адам баласы &mdash; қызық жаратылыс. Кейде бір-біріне &laquo;жақсы адам&raquo; деген бірауыз сөзді қимай жатады. Бәлкім, мұның түп-тамыры адамзат жадында ежелден сақталған Әбіл мен Қабыл туралы әпсанамен де байланысты шығар.</p>

Жақсы адам

Бұл мақаланың атын әсіреле­мей, жай ғана «жақсы адам» деп қоюымның өзіндік себебі бар. Өйткені әңгіме академик, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздік ғылыми зерттеулері мен ғылыми жаңалығы үшін Қ.И.Сәтбаев атындағы бірінші сыйлықтың лауреаты, «Жыл ғылым қайраткері» аталымы бойынша «Алтын адам» сыйлығының иегері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның наноғылым мен нанотехнологияны дамытуға қосқан үлесі үшін берілген медалінің иегері, ең бастысы, жай ғана жақсы адам Зұл­қайыр Аймұхаметұлы Мансұров туралы болмақ.

Хакім Абай айтқандай, жақсы адам болып қалыптасу үшін үш нәрсе керек: жақсы тек, жақсы ұстаз және жақсы орта. Біздің кейіпкеріміздің бойынан осы үш қасиеттің барлығы табылады.

Мен Аймұхамет ағамыз бен Мәкен апа­мызды көрдім. Жұптары жарасқан, өте парасатты жандар еді. Аймұхамет Көпе­жанұлы – майдангер, партия-кеңес қайраткері, бар ғұмырын ел эко­номикасының дамуына арнаған абыройлы тұлға еді. Ал Мәкен апамыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, отаға­сы­ның жағдайын жасап, шаңырақтың бере­кесін ұйытқан аяулы жар, ардақты ана еді. Олар төрт ұл мен үш қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардың барлығы елге адал қызмет етудің үлгісін көрсетті деп толық айтуға болады.

Әңгімемізді кейіпкерімізге бұрсақ, Зұлқайыр Аймұхаметұлы Мансұров 1963 жылы Талғар қаласын­дағы И.Ф.Халипов атындағы №1 орта мек­тепті үздік бітіріп, сол жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік уни­вер­си­тетінің химия факультетіне оқуға түседі. 1968 жылы университетті үздік тәмам­дайды. Сол кезден бастап есеп­тесек, Зұлқайыр Аймұхаметұлының қара шаңырақ ҚазҰУ-да аянбай еңбек етіп келе жатқанына алпыстан астам жыл болыпты.

Атам қазақта «Адам болатын бала – бесігінде бұлқынар, ат болатын құлын – желісінде жұлқынар» деген қанат­ты сөз бар. Зұлқайыр Аймұхаметұлы қайда жүрсе де білім мен ғылымға деген ерекше құштарлығымен дараланды. Ғалымның өзі «Қазақ радиосына» берген бір сұхбатында студенттік жылдарын ерекше ықыласпен еске алып: «Мен үшін химия ғылымының алып­тары – М.Т.Козловский, М.И.Усанович, Д.В.Сокольский, О.А.Сонгинаның ­дәріс­терін тыңдау үлкен бақыт болды. 2-курста академик М.Т.Козловскийдің аналитикалық химия курсынан дәріс оқығанын ерекше ризашылықпен еске аламын. Ол тума педагог еді. Дәрістері мазмұнды болатын, терең біліммен оқып, өз тәжірибесінен мысалдар келтіретін. Оның нағыз философиялық, классика­лық дәрістерін тыңдағаныма бақытты­мын», деп ұстаздарын мақтанышпен атап өтеді.

1968 жылы ҚазМУ-дың физикалық химия кафедрасында стажер-зерттеуші, кейін аспирант бола жүріп, Зұл­қайыр Аймұхаметұлы өзінің алғырлығы мен еңбекқорлығының арқасында 1973 жылы химия факультетінде кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды. Осылайша, ол бар ғұмырын ғылыммен біржола байланыстырады. 1974–1987 жылдары ҚазҰУ-дың зерттеудің физика-химия­лық әдістері зертханасында кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, кейін зертхана меңгерушісі болып еңбек етті. 1981 жылы Қазақстан жас ғалымдары­ның арасынан алғашқылардың бірі болып Лондон университетінде он айлық ғылыми тағылымдамадан өтті. Бұл оның ғылыми көкжиегін кеңей­тіп, халықаралық ғылыми ортадағы тәжіри­бесін байытқан маңызды кезең еді.

Зұлқайыр Аймұхаметұлы ғылым мен қоғамдық жұмысты қатар алып жүрді. Осы жылдары химия факультетінде партия ұйымының басшысы болып, бұл жұмысты да абыроймен атқарды. Кейін ғылыми ізденісін жалғастырып, 1990 жылы КСРО Ғылым академиясының Құрылымдық макрокинетика институтында (Черноголовка қаласы, Мәскеу облысы) докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты.

Зұлқайыр Мансұровтың ғалым ре­тінде қалыптасуына жану үдерістерін зерттеген әлемдік деңгейдегі ірі ғалымдар­дың еңбектері зор ықпал етті. Олардың қатарында үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Я.Б.Зельдович, Нобель сыйлығының иегерлері М.Н.Семенов пен Ли Ян, сондай-ақ А.А.Берлин, В.Н.Кондратьев, А.Г.Мержанов, В.В.Азатян, В.С.Бабкин, басқа да көрнекті ғалымдар бар. Бұл ғылыми мектептермен тікелей байланыс Зұлқайыр Аймұхаметұлының зерт­теушілік болмысын шыңдап, өз ғылыми бағытын қалыптастыруына жол ашты. Кейіннен ол ұстазы, ғылыми тәлімгері Г.И.Ксандопулоның ғылыми жолын жалғастырып, 2010 жылы Жану проблемалары институтының директоры болды. Ұстазының аманатын абыроймен жал­ғап, институттың ғылыми әлеуетін жаңа деңгейге көтерді.

1992–1998 жылдары Зұлқайыр Ман­сұров Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық уни­верситетінде ғылыми жұмыс­тар жөніндегі проректор қызметін атқар­ды. Бұл уақыт тәуелсіздіктің алғашқы кезеңі­­мен тұспа-тұс келген еді. Сол кездегі уни­верситет ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Көпжасар Нәрібаев Зұлқа­йыр Аймұхаметұлының бойындағы ұйым­дастырушылық қабілетті жоғары бағалап, оны ғылыми жұмыстар жөнін­дегі проректор қызметіне тағайын­дады. Уақыт бұл шешімнің дұрыс болға­нын дәлелдеді. Бұл кезең университет ғылымының дамуына ерекше серпін берген жылдар болды. Оның тікелей бастамасымен университетте алғаш рет алты ғылыми-зерттеу институты, бірнеше ғылыми орталық және ғылыми-технологиялық парк құрылды. Сонымен қатар 16 серия бойынша жарық көретін «Хабаршы» ғылыми журналы мен ай сайынғы ақпараттық бюллетеньдер, соның ішінде ағылшын тіліндегі басылымдар шығарыла бастады.

Осы кезеңде университет ғалымдары халықаралық көрмелерге өз ғылыми жаңалықтарын ұсынып, оларды өнді­ріс­ке енгізу мен коммерцияландыру мүм­кіндігіне ие болды. Солардың бірі – Алматыда өткен «Қарқара-1993» халық­аралық көрмесі.

Ғылымда академик Ғарифолла Есім айтқандай, «жемісті ғалымдар» бола­ды. Солардың бірі де бірегейі — Зұлқайыр Аймұхаметұлы. Профессор З.А.Мансұровтың ғылыми жетекшілігі­мен 8 докторлық, 39 кандидаттық диссертация қорғалды. Бұған қазіргі жаңа жүйедегі 20 PhD мен магистратура бағ­дарламалары бойынша қорғаған шәкірттерін қоспағанда. Сонымен қатар ғалымның еліміздегі, жақын және алыс шетелдердегі беделді ғылыми басылымдарда мыңнан астам мақаласы жарық көрді. Ғалымның бірқатар эко­логиялық проблемаларды шешуге бағытталған ғылыми жаңалықтары да ерекше маңызды. Мәселен, суды ауыр металдардың иондарынан тазартатын көміртекті-минералдық сор­бенттерді алу, мұнаймен ластанған жерлерде мұнайды құмнан тазартуға арналған органикалық қоспалар мен құрылғылар жасау, сондай-ақ оларды жол құрылысына пайдалану тәсілдері бойынша патенттері бір төбе.

Сонымен бірге Зұлқайыр Аймұхамет­ұлының белсене қатысуымен ҚазҰУ-да маңызды баспа жобалары жүзеге асырылды. Оның ішінде үш томдық «Жылна­ма», әр факультеттің тарихына арналған ­14 кітап, университеттің Іргелі ғылыми кітапханасының тарихы туралы басы­лым жарық көрді.

Сондай-ақ «Ғылым көкжиегінде», «Ғалымдар. Ұстаздар. Тәлімгерлер», «Адам­­дар мен тағдырлар» атты уни­вер­си­тет­тің жетекші ғалымдары мен про­фессор-оқытушылары туралы еңбек­тердің, сондай-ақ «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» күнтізбесінің шы­ғуына ұйытқы болды.

Академик Рахман Алшанов Зұлқайыр Аймұхаметұлы туралы: «Мансұров Зұлқайыр Аймұхаметұлының феномені туралы ойланғанда, менің көз алдыма қазақстандық ғылым мен білім беру әлемінде еңсесі биік тұрған алып тұлғаның бейнесі келеді. Оның асық­пайтын, салмақты, зерттеушіге тән ба­йыпты мінезі ғылым адамының ерек­ше бейнесін – «Мансұров стилін» қалыптастырды», деп жоғары баға берген еді. Шынында да, ғылымда өзіне тән сабырымен, жүйелілігімен, тереңдігі­мен ерекшеленетін «Мансұров стилі» қалыптасты.

Зұлқайыр Аймұхаметұлы 2001–2008 жыл­дары университетте бірінші проректор қызметін атқарды. Сол кезеңде Қытай Халық Республикасы мен Моңғолиядан білім іздеп келген қандас жастарымыз өте көп болды. Олардың көбі елге келгенде жақын-туыссыз, қолдаусыз еді. Оқуға қабылданған кезде екіжақты келісімшарт жасалатын. Ал сол келісімшартқа кепіл болу мәселесі туындағанда, профессор Зұлқайыр Аймұхаметұлы көп жағдайда еш тартынбастан қол қойып беретін.

Кейін сол жастардың бірі оқуын аяқ­тап, елде қалып, тұрмыс құрып, енді бірі Қазақстан азаматтығын алып жатты. Алайда кейбірі кезінде алған мін­дет­те­мелерін ұмытып кеткен жағ­дайлар да болды. Бір күні ағамыз маған телефон соғып, Астанаға маңызды шаруамен келе жатқанын, уақытым болса, бірге бір мекемеге баруымды өтінді. Күтіп алып, Қаржы орталығына бардық. Сөйтсек, осыдан 10–15 жыл бұрын оқуын бітірген қандастарымызға кепіл болғаны үшін шақырған екен. Мәселені жан-жақты қарап, ақыры оң шешімін таптық.

Бұл жерде айтпағым — ол кісінің сол жастарға кезінде жанашырлық­пен жаса­ған жақсылығы. Зұлқайыр Аймұхаметұлы мұндай қамқорлықты бір ғана адамға емес, университетте оқып, қызмет істеп жүрген талай жасқа жасай алды. Ол ешқашан адамның шыққан жеріне, өмірбаянына, әлеуметтік жағдайына қарап бөлген емес. Қолынан келгенше қолдау білдірді. Сол жастардың көбі бүгінге дейін Зұлқайыр Аймұхаметұлын «Аға» деп құрмет тұтады. Бұл да академик Рахман Алшанов айтқан «Мансұров стилінің» өмірдегі нақты көрінісі.

Сондықтан да болар, өз уақытында Зұлқайыр Аймұхаметұлының ұйымдас­тырушылық қабілеті мен ғылыми әлеуетін үш бірдей ректор – академик Көпжасар Нәрібаев, академик Төле­ген Қожамқұлов, академик Бақытжан Жұмағұлов жоғары бағалап, оны жауапты қызметтерге тағайындады.

Мен ҚазҰУ-да 1990 жылдардың басында, оқуды жаңа аяқтаған жас маман кезімде ғалым, ұйымдастырушы Зұлқайыр Аймұхаметұлымен қоян-қолтық бірге қызмет атқару бақытына ие болдым. Егер менің адам, азамат, ұстаз, ғалым ретінде бойымда бір жақсы қасиет болса, сол қасиеттің қалыптасуына Зұлқайыр Аймұхаметұлының ықпалы зор деп толық айта аламын.

Сондықтан болар, араласқаныма отыз бес жылдан асса да, біз ол кісіні әлі күнге дейін тек «аға» деп, құрмет тұтамыз.

Зулфухар ҒАЙЫПОВ,

саяси ғылымдар докторы, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры 

Бөлісу:
Жақсы адам · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар