Тәуелділік тұзағы
<p style="text-align: left;">Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – тәуелділік. Ішімдікке деген әуестік, ­лудомания, нашақорлық, ­гейминг қанша адамның өмірінің күл-талқанын шығарып, ­талай отбасының шаңырағын шайқалтты.</p>

Осындай күрмеуі күрделі мәселені көтерген Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры «Тәуелді» драматерапиясының премьерасын өткізді. Қойылымның авторы әрі режиссері Нұржігіт Мүслімовтың айтуынша, қойылымның басты мақсаты кейінгі жылдары белең алып отырған өзекті мәселені көрерменге көрсету ғана емес, оны іштей сезінуге, себеп-салдарын көз алдарына елестетуге мүмкіндік беру болған.
– Біз үшін тәуелділікті сырттай көрсетуден гөрі, оның адамның ішкі жан дүниесіне қалай әсер ететінін түсіну маңызды болды. Өйткені тәуелділік көбіне адамның өміріндегі шешілмеген мәселелерден, жан жарасынан, балалық шағынан басталады. Спектакльдің драматерапия деп аталуы да сондықтан. Біз көрерменге дайын жауап бермей, керісінше кейіпкерлермен бірге ойлануға, олардың ішкі арпалысын сезінуге шақырамыз, – дейді режиссер.
Қойылымның ерекшелігі де осында. Көрермен мен актерлер арасында бір ағымдағы байланыс орнату үшін орындар әдеттегідей залда емес, сахнаның үстінде орналастырылған. Арнайы қойылған бұл орындарға жетпіске жуық адам ғана отыра алады.

Қойылым басында тәуелділіктің алты түрін қамтымақ болған режиссер зерттеу барысында олардың барлығын бір қойылымға сыйғызу қиын болатынын аңғарған. Сондықтан тақырыпты жан-жақты ашып, көрерменге терапиялық әсер сыйлау үшін ең маңызды әрі ауқымды мәселелерді таңдаған.
Спектакль желісі реабилитациялық орталықтағы психологтің тәуелділікпен күресіп жүрген адамдармен өткізген сессиясынан басталады. Онда психолог бір топ науқасты жинап, олармен терапия жүргізеді. Әрқайсысына бір-бір рөл беріп, сол арқылы жұмыс істейді. Әрбір тәуелді адам басқа біреудің рөлін ойнап жүріп, өзін көреді. Өз өмірін сырттай бақылап, өзгеше қырынан таниды. Өзгенің өмірін ойнап жүріп, кейіпкерлер өз өміріне сырт көзбен қарайды. Сөйтіп, өз тағдырына өзі ғана жауапты екенін аңғарады.
Бұл туралы қойылымда психолог рөлін сомдаған актриса Ажар Шакіржанова былай деді:
– Қойылымда көрсетілген терапия әлем бойынша қолданылатын әдіс. Осы спектакльді қоймас бұрын біраз іздендік. Тіпті реабилитациялық орталықтарға барып, психологтермен сөйлесіп, олардың жұмысымен таныстым. Тәуелділікпен күресіп жүрген адамдармен де жүздесіп, құмар ойынның құрбаны болған талай адаммен кездестім. Сол кезде тәуелді адамның психологиясын тереңірек түсіне бастадым. Ондай адам ешқашан өзін кінәлімін деп ойламайды. Ол үшін өзінен басқасының бәрі кінәлі: достары, жақындары, отбасы – бәрі, тек өзі емес. Ал айтулы терапия оларға өз өмірлеріне басқаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.
Актрисаның айтуынша, мұндай жағдайға тап болған жақыныңызға көмектесу кейде оған кері әсерін де беруі мүмкін.
– Мамандар пікіріне сүйенсек, тәуелділікке ұшыраған жанға үздіксіз ақша беріп немесе үнемі мәселесін шешіп беру оның жағдайын жақсартпайды. Керісінше, жауапкершіліктен қашуына жол ашады. Ал адам жалғыз қалып, өз әрекетінің салдарын сезінген кезде ғана өзгеруге талпыныс пайда болуы мүмкін, – дейді өнер иесі.
Спектакльде дәл осы мәселе кеңінен көрсетілді. Әр кейіпкер өз өмірін барынша аша білді. Бірі – ішімдікке тәуелді әкесінің махаббатына зәру болып өскен кішкентай қыздың кейін жезөкшелік жолға түсуі және осының бәріне әкесін кінәлауы. Келесісі – әкесінен ерте айырылып, геймингтің құрбаны болған баланың анасын өлтірмек болуы. Енді бірі – шаңырағын шайқалтқан лудоман. Лудоман қанша жерден әйелін манипуляция арқылы ұстап қалуға тырысса да, әйелі қанша рет күйеуіне сенім артса да, ақыр соңында бұл бәрібір отбасының күйреуіне алып келеді.
Күнделікті өмірде айналамыздағы кез келген адамның басында болуы мүмкін оқиғалар қойылымда да шынайы көрініс тапқан. Көрермен бастапқыда оқиға желісін толық түсіне қоймағанымен, оның мәніне терең бойлай бастаған сәтте қойылымға еніп кетіп, көздеріне еріксіз жас алғанын байқамау мүмкін емес еді. Спектакль соңында қала әкімдігі атынан құттықтау мен арнайы гүл табысталды. Актерлер мен сахна сыртындағы ұжымның үлкен жұмысы көпшілік жүрегіне жол тапты деп сеніммен айтуға болады. Екі тарап арасына көзге көрінбейтін байланыс орнатқысы келген режиссердің де мақсаты орындалғандай.
Тамирис ҚАЛИАҚПАР,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті