Жасампаз жастардың жобалары
<p style="text-align: left;">Қазір әлемге әйгілі «Apple», «Google», «Amazon» секілді алпауыт компаниялардың дені кезінде шағын стартап ретінде басталған. Сондықтан қазіргі жас кәсіпкерлердің тың идеясына ертеңгі ірі жобаның бастауы ретінде қараған жөн. Кейінгі жылдары елімізде де технология көмегімен түрлі мәселені шешуге ұмтылған стартаптар көбейіп келеді. «Digital Business» пен «Astana Hub» бірлескен «Орталық Азияның 100 стартап тарихы» жобасы аясында осындай әлеуетті стартаптар таныстырылып жатыр. Солардың ішіндегі үздік отандық үш жобаға шолу жасамақпыз.</p>

Jet-тің жетістігі
Кезінде банк саласында жұмыс істеген Мейрамбек Әбілқасов 2017 жылы кәсіпке бет бұрып, такси қызметін іске қосты. Ресей нарығында электр самокаттарын жалға беру қызметін көргеннен кейін серіктестерімен бірге осы бағытты елімізде дамытуға шешім қабылдады. Сөйтіп, 2021 жылы JET кикшеринг стартапы дүниеге келді. Кикшеринг дегеніміз – пайдаланушыларға мобильді қосымша арқылы электр самокаттарын тауып, жалға алып, қала ішінде жылдам қатынауға мүмкіндік беру. Алғашқы самокаттар Алматы көшелерінде пайда болып, кейін жоба шетел нарығына шыға бастаған.
«Сапар санын есептесек, Алматы – мен көрген қалалардың ішіндегі көшбасшы. Мұндай белсенділікті еш жерден байқамадым. Тіпті самокат саны әлдеқайда көп Мәскеудің өзі бұл көрсеткіш жағынан Алматыға жете алмайды. Жан басына шаққандағы пайдалану деңгейін есептесек, Алматы тұрғындары алда тұр. Екінші орында – Ұлан-Батыр. Екі қаланы біріктіретін ортақ мәселе – жол кептелісі. Қозғалыс қиындаған сайын адамдар уақытын үнемдейтін балама көлік іздейді. Электр самокаттың танымал болуының басты себептерінің бірі де осы», деді Мейрамбек Әбілқасов.
Бүгінде JET сегіз елде жұмыс істейді. Мәселен, қазір Бразилияның қырықтан астам қаласында қызмет көрсетіп, ондаған мың электр самокатын пайдалануға берген.
Жобаның ерекшелігі – оны алты серіктес бірлесіп құрған. Әрқайсысы компанияның белгілі бір бағытына жауап береді. Бірі операциялық жұмыстарды жүргізсе, енді бірі қаржы тартумен, стратегиямен немесе технологиялық шешімдермен айналысады.
JET-тің табысты болуының негізгі себебі – адамдардың уақытын үнемдеуі. Компания өкілдерінің айтуынша, самокат жаяу жүруден гөрі жылдам әрі таксиге қарағанда арзан. Әсіресе көлік кептелісі жиі кездесетін ірі қалаларда бұл қызметке сұраныс жоғары.
Қазір стартап жаңа нарықтарды игеруге кіріскен. Компания Мексикаға шығуды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта жылдық табысты 100 миллион долларға дейін жеткізу мақсаты бар.
«WeGlobal AI» психологиялық қолдау көрсетеді
Назарбаев университетінің түлегі Ақжол Замбаев пен КАІST университетін тәмамдаған Болат Әшім негізін қалаған «WeGlobal AI» стартапы мектеп психологтері мен кәсіби бағдар мамандарының жұмысын жеңілдетуге арналған. Жоба жасанды интеллект көмегімен оқушылардың психологиялық жағдайын бағалап, мамандарға тәуекелдерді ертерек анықтауға көмектеседі. Бүгінде платформаны екі мыңнан астам мектеп пайдаланып, оның қамту ауқымы бір миллионнан астам оқушыға жеткен.
«Бір маманға жүздеген баламен қатар жұмыс істеуге тура келеді. Қазірдің өзінде жұмыстың көп бөлігі қолмен атқарылады. Психологтер сауалнаманы қағазға шығарып, жауаптарын жинайды, кейін бәрін Excel-ге енгізіп, қай оқушыға қолдау қажет болуы мүмкін екенін өздері талдайды. Осындай бір циклге бір ай, тіпті бір жарым ай уақыт кетеді. Жүктеменің көптігінен мамандар көбіне мәселенің алдын алумен емес, салдарымен күресуге мәжбүр болады. Сол кезде технология мен ЖИ бұл үдерісті әлдеқайда жылдамдата алатынын түсіндік», дейді стартаптың негізін қалаушы Ақжол Замбаев.
Сонымен қатар жоба кәсіби бағдар беру бағытында да жұмыс істейді. Оқушылардың қызығушылығы мен қабілеттерін саралап, болашақ мамандық таңдауға қатысты ұсыныстар береді. Мысалы, кәсіби бағдар тесті балаға есепші мамандығын ұсынады. Осыдан кейін ол ЖИ-бухгалтермен сөйлесіп, бұл маман немен айналысатынын, қандай дағдылар қажет екенін, еліміздегі қай университеттер мен колледждерде сәйкес бағдарламалар барын және қандай пән тапсыру керегін сұрай алады.
Жүйеде буллинг пен физикалық зорлық-зомбылық сияқты ауыр жағдайларға арналған «SOS батырмасы» да қарастырылған. Ақпарат жауапты мамандар мен тиісті органдарға жолданады.
Қазір команда АҚШ пен Ұлыбритания нарығына шығу мүмкіндігін қарастырып отыр. Осылайша, «WeGlobal AI» білім саласындағы жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, мектептердегі психологиялық қолдау қызметін жаңа деңгейге көтеруге талпынып отыр.
«DysliHelp» – оқуды жеңілдететін стартап
Қарағанды қаласындағы №19 мектептің 10-сынып оқушысы Мәдина Намазбаева негізін қалаған «DysliHelp» стартапы дислексиясы бар адамдардың оқуын жеңілдетуге арналған. Дислексия – адамның мәтінді оқу мен қабылдауын қиындататын ерекшелік. Мұндай жағдайда әріптер шатасып көрініп, сөздерді дұрыс оқуға көбірек уақыт қажет болады.
Жобаның пайда болуына Мәдинаның жеке тәжірибесі себеп болған. Сіңлісінің оқу барысында қиындыққа тап болғанын көргеннен кейін, бұл мәселені технологияның көмегімен шешуге бел буған. Осылайша, жасанды интеллект негізіндегі «DysliHelp» платформасы дүниеге келген.
Қосымшаның жұмысы қарапайым. Пайдаланушы кітап бетін суретке түсіреді немесе мәтін файлын жүктейді. Жүйе мәтінді арнайы қаріппен ұсынып, жол аралығын кеңейтеді және көзге ыңғайлы көріністі таңдайды. Ал ең қызығы – жасанды интеллект оқырманның оқуын тыңдап отырады. Егер қолданушы күрделі сөзге тоқтап қалса немесе қате оқыса, бағдарлама сол сөзді жеңілдетіп, буындарға бөліп немесе қарапайым баламасын ұсынады.
Уақыт өте келе жүйе әр адамның оқу ерекшелігін есте сақтап, соған бейімделеді. Мәселен, белгілі бір әріптерді жиі шатастыратын пайдаланушыларға мәтінді алдын ала ыңғайлап береді. Қазір платформа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істейді.
Жоба «Technovation Girls» халықаралық бағдарламасы аясында әзірленіп, кейін республикалық бизнес-жобалар байқауында жеңімпаз атанған. Алдағы уақытта команда платформаны мектептер мен логопедиялық орталықтарға енгізуді, сондай-ақ жобаны Орталық Азия мен ағылшынтілді елдердің нарығына шығаруды жоспарлап отыр.