Қай сала толық цифрланады?
<p style="text-align: left;">Цифрландырудың игілігін халық ең алдымен онлайн қызмет­терден көрді. Анықтама алу, төлем жасау, құжат рәсімдеу секілді жұмыстар телефон арқылы орындалатын болды.</p>

Алайда бұл жақында қабылданған «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы цифрландырудың аясы бұдан әлдеқайда кең екенін көрсетті. Енді жасанды интеллект тұрмысты жеңілдетіп қана қоймайды, ол мемлекетті, экономиканы және қоғамдық қатынастарды басқарудың жаңа логикасы ретінде қарастырылады.
Стратегия мәтінін оқығанда бір ерекшелік бірден көзге түседі. Құжат жаңа платформалар немесе жаңа қосымшалар жасауды мақсат етпейді. Керісінше, бүгінде әр салада жеткілікті ақпараттық жүйе бар екенін мойындайды. Мәселе олардың аздығында емес, бір-бірімен байланыспауында. Энергетика саласын алып қарайық. Кейінгі жылдары елдің бірнеше өңірінде болған апаттар электр инфрақұрылымының жай-күйіне қатысты сұрақтарды көбейтті. Әдетте мұндай жағдайларда мәселе жабдықтардың тозуымен түсіндіріледі. Алайда стратегия авторлары бұдан да терең себепке назар аударады.
Қазір энергетика жүйесінің көптеген бөлігі ақауды алдын ала болжай алмады. Қай желінің шамадан тыс жүктеліп тұрғанын немесе қай учаскеде қауіп туындағанын жүйе дер кезінде көрсете бермейтін.
Сондықтан құжатта энергия желілерін цифрлық бақылауға көшіру міндеті қойылған. Болашақта датчиктер мен талдау жүйелері электр желілерінің жағдайын үздіксіз бақылап, ықтимал тәуекелдерді алдын ала анықтауға мүмкіндік беруге тиіс. Бұл апат салдарын жоюдан бұрын оның алдын алуға басымдық беретін жаңа тәсілге жол ашады.
Өзі асығып тұрған кезде кешіккен пойызды күту деген қамығыңқы хал бәрінің басынан өткен шығар. Әдетте бұны ауа райы, техникалық ақаудың қырсығынан көреді. Бірақ стратегия авторлары мәселенің тағы бір қырына назар аударады. Бүгінде көлік және логистика саласындағы ақпарат әртүрлі ұйымның жүйесінде сақталады. Теміржолдағы жағдай бір жерде көрінсе, терминалдардың жүктемесі басқа жүйеде, ал қойма немесе шекаралық рәсімдерге қатысты деректер үшінші жерде болады. Соның салдарынан жүк қозғалысының толық көрінісін бір мезетте көру қиын. Нәтижесінде, кейбір бағытта вагондар жиналып қалады, жүктер кідіреді, уақыт пен қаражат шығыны артады. Сондықтан логистиканы цифрландырудың мақсаты – жаңа сервистер жасау емес, бүкіл тасымал тізбегін бір жүйеге біріктіру. Егер бұл жүзеге асса, қай бағыттың жүктемесі жоғары екенін, қай жерде кідіріс пайда болғанын және қандай шешім қабылдау қажет екенін жедел анықтауға мүмкіндік туады.

Коллажды жасаған – Гүлмария ӘШІМХАНҚЫЗЫ, «EQ»
Құрылыс саласындағы мәселе де көпшілікке таныс. Жаңа нысан салу туралы жаңалықтарды жиі естиміз, алайда көптеген жоба құжат рәсімдеу мен келісім алу кезеңінде ұзақ уақыт бөгеледі. Бәрі бейдауа бюрократияның кесірінен. Мұндай жағдайда ашықтық мәселесі алдыңғы қатарға шығады. Өйткені рұқсат беру мен келісу рәсімдері неғұрлым күрделі болған сайын шешім қабылдау үдерісін сырттан бақылау да қиындай түседі. Стратегия осы қауіптерді азайту үшін жер телімін бөлуден бастап нысанды пайдалануға бергенге дейінгі барлық кезеңді цифрлық форматқа көшіруді ұсынады. Нәтижесінде, әр құжаттың кімнен жолданып, кімге жеткені, әр келісімнің қай кезеңде тұрғаны көрініп тұрады. Бұл рәсімдерді жеделдетіп қана қоймай, адам факторын азайтып, сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын тұстарды қысқартуға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығына арналған бөлім де назар аудартады. Мемлекет бұл салаға жыл сайын қомақты қаржы бөледі. Соған қарамастан бір гектардан алынатын өнім көлемі дамыған аграрлық елдерден төмен болып отыр. «Елімізде дəнді дақылдардың орташа өнімділігі 14 – 18 ц/га аралығында құбылады, жекелеген шаруашылықтарда 20–30 ц/га-ға дейін жетеді, ал Канада сияқты салыстыруға болатын ЭЫДҰ елдерінде осындай көрсеткіштер
30–40 ц/га жетеді, бұл технологиялардағы, басқарудағы жəне деректерді пайдаланудағы құрылымдық алшақтықты көрсетеді» делінген құжатта. Мұның бір себебі технологияны жеткілікті пайдаланбаудан. Көптеген шаруа әлі де ауа райына, жеке тәжірибесіне, өзі қолмен жүргізген есепке сүйенеді. Ал дамыған елдерде егістіктің жағдайы спутниктен бақыланып, техника мен топырақ туралы ақпарат тұрақты талданады. Сондықтан ауыл шаруашылығын цифрландырудың мақсаты есепті көбейту немесе жаңа жүйе енгізу емес. Негізгі міндет – диқандарға дұрыс шешім қабылдауға көмектесіп, әр гектар жерден көбірек өнім алуға жағдай жасау.
Цифрландыру барлық мәселені автоматты түрде шешіп жібермейді. Кез келген технология оны пайдаланатын кадрдың біліктілігіне, инфрақұрылымның сапасына, басқару мәдениетіне тәуелді. Сондықтан стратегияның табысы жаңа платформалар мен жасанды интеллект құралдарының қанша енгізілгенімен емес, олардың нақты нәтиже бере алуымен өлшенеді. Егер цифрлық шешімдер пойыздың кешігуін азайтып, электр желілеріндегі апаттың алдын алып, құрылыс рәсімдерін жеделдетіп, диқанның өнімін арттыра алса, онда реформа мақсатына жетті деуге болады. Ал егер цифрландыру жаңа есептер мен қосымша бюрократияның көбеюіне ғана әкелсе, оның тиімділігі күмән тудырады. Сондықтан алдағы үш жыл технологияларды енгізу кезеңі ғана емес, олардың экономика мен қоғамға шынайы пайдасын дәлелдейтін сынақ кезеңі болмақ.
