ЖИ жазған «Жылы мұң»
<p style="text-align: left;">Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры көрерменге «Жылы мұң» қойылымын ұсынды. Спектакльдің бас-ты ерекшелігі – пьесадан бастап, музыкасы мен костюмдеріне дейін жасанды интеллектінің көмегімен дайындалған.</p>

Шығарма Ернар есімді кейіпкердің балалық шағынан басталады. Алаңсыз достарымен ойнап, анасының құшағында еркелеп өскен тәтті шақ есейе келе өзгерді. Ол басқа ортаға, басқа достарға тап болды. Олардың өмірлік ұстанымдарына қызықты, еліктеді. Алдымен темекі шекті, кейін ішімдікке әуестенді, ақыры есірткінің құрбаны болды. Сүйген қызынан айырылды. Анасы ауыр дертке шалдығып, өмірден өтті. Бала кезінде полицей болып, бұзақы балаларды ұстаймын деп армандаған Ернар енді өзі сол сотқарлардың біріне айналды. Бұрынғы достарынан теріс айналып, «өзім білемінге» салынды. Анасы қайтыс болғаннан кейін де есірткіге тәуелділігі басылмады. Керісінше күшейе түсті. Ақырында өзі де өмірден өтті. Ол бұл жолдың түбі не түрме, не өлім екенін басынан-ақ түсінген. Алайда өзін тоқтата алмады.
Ауыр дертке шалдыққан ананың рөлін сомдаған Гүлмира Жакилина қойылым туралы пікір білдірген сәтте көзіне жас алды:
– Өте ауыр қойылым болды. «Егер мен құласам, балам да құлайды. Ол менсіз тұра алмайды ғой…» деп зар еңірейді Ана. Бұл репликаны жасанды интеллект жазған. Бірақ жүрекке жетті. Осындай жағдайға тап болған балалар қаншама? Бауыр еті баласын қасіретті жолдан қалай алып шығарын, не істерін білмей жүрген аналардың жағдайлары қандай? – дейді актриса.
Қойылымды тамашалаған көрермен де көз жасына ерік берді. Спектакль аяқталған сәтте көпшіліктің көзінде мұң, көңілінде бір алаң сезілгендей болды.
– Бұл – өкініш туралы туынды. Уақытында ананы бағалау, досты қадірлеу, жалпы өмірлік құндылықтарды дәріптеген шығарма болды. Мен өзім ұстазбын, қаншама балаға білім беріп жүрмін. Өмірде болып жатқан дүние ғой. Бірақ мұндай жағдай ешкімнің басына келмесе екен деймін. Мүмкіндік болса оқушыларымды әкеліп, осы спектакльді бірге көргім келеді. Кейіпкер соңында қателігін түсінді. Бірақ өмірден өтіп кетті. Ең ауыры – сол. Мен соңына дейін Ернарда бәрі жақсы болып, тірі қалып, бақытты өмір сүрсе екен деп тіледім. Өкінішке қарай, олай болмады, – деді көрермен Малика Сұлтанова.
Балалық шақтың жылы сәттерін мәңгі мұңға айналдырған жасанды интеллектінің басты мақсаты да осы – қоғамдағы ауыр шындықты көрерменге театр тілімен жеткізу.
Тамирис ҚАЛИАҚПАР,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті