«Елігай» ертегісінің тұсауы кесілді
<p>Астанада журналист Мәдина Махамбетқызының «Елігай» атты ертегі кітабының тұсаукесері өтті. Іс-шараға академик Шерубай Құрманбайұлы, Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ, «Қазақ радиолары» серіктестігінің бас директоры Нұртас Сұлтанұлы, зиялы қауым өкілдері, журналистер, мәдениет саласының мамандары мен оқырмандар қатысты, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

Кеште кітап авторы Мәдина Махамбетқызы шығарманың жазылу тарихын әңгімелей отырып, ертегінің идеясы ұлы Барысханның қиял әлемінен бастау алғанын айтты.
«Біреу маған бес жыл бұрын «сен ертегі жазып, оның тұсаукесерін өткізесің» десе, сенбес едім. Мені бұл әлемге жетелеп әкелген – ұлым Барысхан. Ол күн сайын жаңа ертегі сұрайтын. Үйдегі есіктен бастап, қабырға, көрпе-жастыққа дейін біздің ертегіміздің кейіпкеріне айналатын», деді автор.
Оның айтуынша, шығарманың негізгі кейіпкері – Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында тұратын Елігай есімді қыз. Автор Моңғолияға жасаған сапары кезінде баласының сол ортаға ерекше қызығып, Елігай туралы жиі әңгімелейтінін байқап, осы оқиғаларды қағазға түсіре бастаған.
«Барысхан кейде мен құрастырған оқиғаны түзетіп, «олай емес қой» деп отыратын. Содан бастап ертегі идеяларын түртіп жүруді әдетке айналдырдым. Кейін Елігайдың видеосын әлеуметтік желіге жүктегенімде, көпшілік оның табиғи болмысына, еркін мінезіне ерекше ықылас танытты. Адамдар Елігай арқылы өз балалығын, көшпелі өмірдің тынысын, ұлттық болмысын көргендей әсер алды», деді ол.
Автор кітапта қазақтың көшпелі тұрмысы, табиғатпен етене байланысқан салт-дәстүрі, қоршаған ортаға құрмет пен жанашырлық бала тілімен баяндалатынын айтты. Сонымен қатар шығармада робот пен жасанды интеллект образдары да енгізілген.

«Қазіргі балалар – технология дәуірінің перзенттері. Сондықтан бұл тақырыптан айналып өте алмадық. Бірақ біз табиғи интеллекттің, яғни адамға тән сезімнің, мейірімнің, жан жылуының құндылығын көрсеткіміз келді. Елігай роботпен пікір алмасады, жасанды интеллектіні ақпарат көзі ретінде пайдаланады. Алайда шынайылық пен сезім тек адамға тән қасиет екенін баланың тілімен жеткізуге тырыстық», деді кітап авторы.
Кеш барысында сөз алған Шерубай Құрманбайұлы балалар әдебиетінің ұлт тәрбиесіндегі орны ерекше екенін атап өтті.
«Ұлттық құндылықты бала бойына сіңіру ең алдымен ертегіден басталады. «Елігай» сол дәстүрді қазіргі заманмен сабақтастырып отыр», деді академик.
Ал Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ шығарманың табиғатқа жанашырлық пен ұлттық болмысты дәріптеу тұрғысынан маңызды екенін айта келіп: «Балаларға арналған сапалы қазақша кітаптардың көбеюі – қоғам үшін үлкен олжа», деді.
Сондай-ақ кеште ұлттық құндылық пен қазіргі баланың дүниетанымын ұштастырған «Елігай» ертегісі жас оқырманды табиғатты аялауға, мейірімділікке және өз тамырын құрметтеуге үндейтін тағылымды туынды ретінде бағаланды. Кеш соңында оқырмандар авторға сұрақ қойып, кітапқа қолтаңба алды.
Диана ӘДІЛХАН,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті