Пікір
2 мин оқу 20

Шынайылық қағидаты

<p style="text-align: left;">Жалпыхалықтық қолдауға ие болып, күшіне енген жаңа Конституция бір күнде немесе қысқа мерзімде әзірленген құжат емес. Оның жобасы бірнеше жыл бойы жан-жақты талқыланып, жүйелі түрде жетілдірілді.</p>

Шынайылық қағидаты

Құжатты әзірлеу жұмы­сы­на ғылыми зерттеу институттары, жоғары оқу орындарының ға­лымдары, сарапшылар және Конституциялық комис­сия мүшелері белсенді қатысты. Олар өз ұсыныстары мен пі­кірлерін енгізіп, жобаны жетілдіруге үлес қосты. Комис­сия отырыстарында әрбір бап мұқият қаралып, жан-жақты талқыланды.

Кез келген Конститу­ция­­ның басты мақсаты – адам құқықтары мен бос­тан­дықтарын қорғау. Жаңа Ата заңда бұл қағида толық сақ­талып қана қоймай, заң мен тәртіп ұғымына ай­рықша мән берілді. Соны­мен қатар азаматтардың құқық­­тарымен бірге қоғам алдын­­дағы жауапкершілігі де нақты айқындалды. Әлеу­мет­тік мемлекет ретінде би­лік­тің негізгі міндеттері нақ­ты­ла­нып, мем­ле­кеттік билік­тің бір адам­ның қолына шоғыр­лануына жол бермейтін консти­туциялық кепілдіктер күшей­тіл­ді. Соның ішінде бір адамның Президент лауазымына бір реттен артық сайлануына тыйым салынды.

Заң мен тәртіп қағидатының Конституцияда ерекше орын алуы – маңызды жаңалықтардың бірі. Заң алдында барлық азамат­тың тең болуы – әділетті қо­ғам­ның басты қағидаты. Ал әді­леттілік заңның мүлтіксіз сақ­талуы, оның күнделікті өмір­де нақты жүзеге асырылуы арқылы қамтамасыз етіледі.

Жаңа Конституцияда мем­ле­кеттің болашақ ұрпақ алдын­дағы жауапкершілігі де айқын көрініс тапқан. Соның ішінде білім мен ғы­лым­ның конституциялық дең­гейде бекітілуі – ең ма­ңызды жаңалықтардың бірі. Себебі әлемнің дамыған мемлекеттерінің тәжірибесінде «голланд синдромы» деген ұғым бар. Бұл – экономиканың табиғи ресурстарға шамадан тыс тәуелді болып қалуын білдіреді. Жаңа Конституция осы тәуелділіктен біртіндеп арылып, елдің дамуын білімге, ғылымға және инновацияға негіздеу бағытын айқындайды.

Бүгінде Қазақстан цифр­ландыру саласында ТМД кеңістігіндегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің бірі саналады және әлемдегі цифрлық даму деңгейі жоғары алғашқы ­жиырма бес елдің қатарына кіреді. Жасанды интеллект бағытында да Орталық Азия­дағы көшбасшы елдердің біріне айналып келеді. Алдағы уақытта елімізде ірі суперкомпьютерлер мен деректерді өңдеу орталықтарын іске қосу жоспарланған. Сондықтан ғылым мен білімнің Конс­ти­туцияда көрініс табуы­ның басты мақсаты – болашақ ұрпақты табиғи байлыққа ғана сүйенетін емес, академиялық білімге, ғылымға және заманауи технологияларға негізделген қоғамда тәрбиелеу.

Жаңа Консти­туцияда экология мәселесіне де ерекше назар аударылған. Бүгін­де әлемде климаттың өзгеруі, су тапшылығы, өзен-көлдер деңгейінің төмендеуі секілді экологиялық мәселелер бар­ған сайын өзекті болып тұр. Осыған байланысты Ата заңда табиғатты қорғау мен эко­логиялық жауапкершілік қағи­даттары да көрініс тапты. Бұл – бүгін күшіне енген Конституцияның тек қазіргі кезеңнің ғана емес, болашақ ұрпақтың мүддесін көздейтін, мемлекеттің ұзақмерзімді дамуына негіз болатын маңызды стратегиялық құжат екенін көрсетеді.

Ерқанат КӨПЖАСАРҰЛЫ,

журналист, Конституциялық комиссия мүшесі 

Бөлісу:
Шынайылық қағидаты · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар